Рысқұлбек қажының ғажайып оқиғасы

18.09.2019
Қаралды: 169

Темірланда инженер болып қызмет істеп, зейнетке шыққан Рыс­құлбек Қалмұрзаев деген кісі осыдан біраз бұрын қатты ауырған еді. Қаралмаған дәрігері, көрінбеген емшісі қалмады.

 

Ол кісіге әркім әрқалай диагноз қойып, ем жасағандарымен нәтиже болмады, жағдайы күн өткен сайын нашарлап, тіпті қасындағыларды танудан қалды. Бір жақсысы, кейін ол бұл сыры белгісіз дерттен айықты.

 

«Тосыннан қатты ауырғаным соншалықты, өзіме жанашырлық танытып жүрген үйдегілерді де көруден қалғанмын, – дейді ол сол күндерді еске алып. – Бар білетінім, үйдің іші мал қора сияқтанып, астаң-кестеңі шығып, ыбырсыған шөп-шалам, тезек пен қи басып кетіпті. Оның үстінде өріп жүрген жын-шайтандарды да көріп жатырмын. Масайрап жүрген оларға қарсы саусағымды қимылдатуға да шамам келмей, ыңырсып жатқанымды ғана білемін. Өмірден күдер үзіп, бір Алладан ғана медет тілей бастадым.

 

Бір кезде аспаннан шоқ боп құйылған нұрдың ішінен пырағына мінген Мұхаммед пайғамбарымыз-ау деймін (анығы бір Аллаға аян), үйімнің артына келіп түсті. Бұлай деп отырған себебім, қажылыққа барғанда Мәдина шаһарындағы мешітте пайғамбарымыз  маған аян берген болатын.

 

Барша жақсылықтың басында жүретін пайғамбарымыз осылайша менің үйіме келіп, бір үрлегенде аузынан от шашып, өріп жүрген жын-перілер мен шайтандарды жоқ қылды. Пырағынан түскен бойда басқа бөлмелер мен аулаға да от пен шоқ шашып, жын-пері мен шайтандардан тазалады. Сосын маған таяп келіп, оң қолын жоғары көтеріп өзіме амандық, еліме береке тілеп, күбірлеген пайғамбар пырағына мінген қалпы манағы нұр төгіліп тұрған жолымен көкке қайта көтеріліп кетті. Құдайдың құдіреті-ай, ертеңіне ештеңе көріп-білмегендей орнымнан тұрып кеттім».

 

«Тосыннан қиналуыңыздың себебі неден деп ойлайсыз?» – дедім ол кісіге қызығушылықпен. Сәл ойланған қажыекең:

 

«Е, көкешім-ай... Өмір адамның ойлағанындай бола бермейді ғой. Ауырардың алдында Шымкентте тұратын бір бажамның үйіне барғанмын. Келген қонақтарын күтіп отырған олар дастарханына ішімдіктің неше атасын қойыпты. Бөлме іші көк түтін. Ол жерде көп отыруға дәтім жетпей, нан ауыз тиіп кетіп қалғанмын. Үйге келгенде үлкен ұлым да өз құрдастарымен арақ ішіп отырғандарын ішім сезіп қалған. Себебі содан болар деп ойлаймын», – деді ол кісі.

 

Пайғамбарымыздың: «Ішімдіктен, арақтан сақтаныңдар! Өйткені ол барлық жамандықтың кілті» деген хадисі еске түсті.

 

Қысқасы, Рысқұлбек қажының отбасы содан бері үйіне ішімдік пен харам атаулыны жолатпайтын болыпты. Жалға берілген азық-түлік пен ішімдік сататын дүкендерін де жауып тастаған.

 

Қажыдан осы әңгімені естігесін оны көпшіліктің назарына ұсынғанды жөн көрдім. Мұндай жайлар кімді болса да ойсыз қалдырмайды ғой.

 

Бөріхан  ТӘМЕН,   

Ордабасы аудандық қажылар қауымдастығының төрағасы.

Бөріхан Тәменнің байланыс телефоны: 8-701-773-45-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ