Қытай елі жөнінде біле жүрейік

18.09.2019
Қаралды: 179

Президент Қ. Тоқаев өткен аптада шығыстағы көршіміз Қытай еліне ресми сапармен барып қайтқаны белгілі. Жалпы, Қытай деген қандай ел? Осы орайда біз оқырман назарына Қытай елінің, қытай ұлтының ерекшеліктері жөнінде танымдық мақала ұсынуды ұйғардық.

 

Жылына 15 миллион бала туылады

 

Қытай – ежелден отырықшы ел. Шапқыншылықтарды көп көрген. Орта ғасырларда, бертінде монғолдардың, жапондардың, манжұрлардың қол астында болған. Ел ішінде феодалдардың өзара қырқысулары, шаруалар көтерілістері де аз болмаған.

 

Бұл елдің негізгі халқы – «хань» деп аталатын ұлт. Олар Қытай тұрғындарының 92 пайыздан астамын құрайды. Бір таңқаларлығы, Қытайды басып алғандардың да, кейін ол өзіне қосып алғандардың да көбінің бірте-бірте ұлт ретіндегі ерекшелігі, тілі жойылып, жергілікті ханьдарға сіңіп, қытайланып кетіп отырыпты. (Ресми түрде Қытайда қазір 56 ғана ұлт бар деп айтылады). Сондықтан да қазір ол – әлемдегі халқы ең көп ел. Дәл бүгінгі күндері Қытай тұрғындарының жалпы саны 1 миллиард 400 миллион адамнан асып отыр.

 

Осынша халықты асырау оңай емес. Сондықтан Қытай шет мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге мәжбүр. Халықтың ішіп-жеміне қыруар азық-түлік кетеді. Мысалы, Қытай халқы жылына 80 миллион тонна ет жейді екен.

 

«Жерге, суға, энергетика ресурстарына салмақты азайту» деген мақсатпен бұл елде 1970 жылдары «Бір отбасы – бір бала» тәртібі ендірілген. Ол негізінен тұрғын халықтың 92 пайызынан асатын хань ұлты өкілдеріне байланысты болған. Ал азшылық ұлт өкілдеріне тұратын жеріне байланысты екі, үш бала тууға рұқсат етілген. Мұндай кеңшілік хань ұлты өкілімен некеге тұрғандарға да берілген.

 

«Бір отбасы – бір бала» саясатының салдарынан Қытайда жасанды түсік жасату көбейген, құрсақтағы баланың қыз жынысты екені ертерек анықталса, оны алдырып тастап отырған. Осының салдарынан бұл елде еркектер саны әйелдерден біршама көп, бүгінде Қытайда 30 миллионнан аса бойдақ азаматтардың үйлене алмай жүргені туралы айтылады.

 

Қытайларға отбасында екі бала өсіруге 2016 жылдан бастап рұқсат етілді. Содан бері бұл елде жылына кемінде 15-16 миллион бала өмірге келуде.

 

Кейінгі 30 жылда жедел дамыды

 

Еуропалықтар үшін Қытай ХІХ ғасырда ашылды. Олар бірте-бірте Қытайдың экономикасына, ішкі саясатына, тіпті дін істеріне дейін тереңдеп араласа бастады. Осы кездері онда билікті ұстап отырған манжұрларға, жалпы шетелдіктерге қарсы бірнеше мәрте көтерілістер болды. Тіпті 1900 жылы сол кездегі әйел патша Цыси Ұлыбританияға, Германияға, Австрия-Венгрияға, Францияға, Италияға, Жапонияға, АҚШ пен Ресейге қарсы соғыс жариялаған. Бірақ дүние жүзін өзара бөлісіп жатқан империалистік елдерден жеңіліп, өзіне ауыр тиетін шарттарды орындауға мәжбүр бол­ған. Осындай қиын кезеңдерде онда төңкеріс болып, император билігі жойылды, Қытай республикасы жарияланды. Кейін монархияны қайта орнатуға әрекеттер жасалды, бірақ ол нәтиже берген жоқ. Осы кездері ел іштен іріп, көптеген провинциялар өздерінің тәуелсіздігін жариялап жатты, орталыққа, бір-біріне бағынбайтын әскери-феодалдық иеліктер құрылды. Олардың әрқайсысын Жапония, АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдер өз ықпалына алып, қолдап отырды.

 

Қытайда 1912 жылы Гоминьдан ұлттық-демократия­лық партиясы құрылды. Ол елді тұтастай біріктіруге күш салды, парламенттік басқару жүйесін ендірмек болды. Ал 1924 жылы мұнда Коммунистік партия өмірге келді, ол жаңадан құрылған социалистік мемлекет – КСРО-мен ынтымақтастық байланыста болды. Гоминьданмен ұстанымдары қайшы болғандықтан араларында күрес жүрді, олар кей жағдайда елдің болашағы үшін ымыраласып та отырды. Осы кездері ел біріктіріле бастады, онда Президент билігі орнады.

 

1931 жылы Жапония Манчжурияны басып алды, сөйтіп онда Манчжоу-Го деген мемлекет құрды. Гоминьдан мен Коммунистік партия бірігіп, жапондарға қарсы күресті, жапон-қытай соғысында КСРО Қытайға қару-жарақ жағынан жәрдемдесті.

 

Кейін Қытайда Азамат соғысы болып өтті. Бұл соғыста Коммунистік партия жеңіп шықты. Сөйтіп 1949 жылы 1-қазанда Қытай Халық Республикасы құрылды. Яғни алдағы қазан айында ҚХР өз тәуелсіздігінің 70 жылдығын атап өтеді.

 

Қытай кейінгі 30 жылдың ішінде қарқынды дамыды, экономикасы өркендеп, әскери қуаты артты. Бүгінде ол алпауыт АҚШ мемлекетімен тайталасып келеді. Ол экономиканың кей салалары бойынша әлемде бірінші орынға шығып отыр.

 

Қытай халық азаттық армиясының қатарында бүгінде 2,5 миллионнан астам адам қызмет етеді. Биылғы жылдың өзінде ғана Қытай әскери салаға 215 миллиард доллар қаржы бағыттады.

 

Жалпы, Қытай тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды, ол әлемдегі ең көне ел саналады. Біз оның бертіндегі қысқаша тарихын ғана айтып отырмыз. ХХ ғасырдағы миллиондаған адамның өмірін қиған, ұшар­ға торғай қалмаған ашаршылық жылдары, «Мәдени төңкеріс» деп аталған он жылға созылған қуғын-сүргін науқаны, КСРО-мен қатынасын үзіп, соғыс жағдайында болуы, 1969 жылғы Қиыр Шығыстағы Даман аралындағы, Шығыс Қазақстандағы Жалаңашкөл аумағындағы арандату, қақтығыстар – өз алдына бір-бір тарих.

 

Инвестициямен әлемді шырмап тастаған

 

Қытай экономикасының дамуы ондағы көптеген компаниялардың шетелдерге шығуына, шет елдер экономикасына салынатын инвестицияның артуына жол ашты. Кейінгі 10-15 жылда инвестиция салу жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Сарапшылардың есебінше, Қытайдың шет мемлекеттерге бағыттайтын инвестиция­сы бірнеше жүздеген миллиард долларлап саналады, алдағы бес-алты жылда ол 1 триллион доллардан аспақ.

 

Қытай инвесторларын бүгінде әлемнің барлық дерлік елінен көруге болады. Олар Еуропада, Азияда, Америкада, Австралияда, Африкада бар. Тіпті АҚШ-тың өзі энергетика саласында Қытай инвестициясына тәуелді.

 

Кей елдер мемлекет қауіпсіздігі тұрғысынан қарағанда абай болу керек жайларға байланысты Қытай инвестициясынан бас тартып та жатады. Мысалы, Еуроодақтың өзі кейде осындай қадамдар жасайды. Еуроодақтағы жетекші ел Германия бір кездері тіпті бірнеше осындай бірлескен жобадан бас тартқан.

 

Қытаймен экономикалық тығыз байланыстағы кейбір елдер бүгінде өзінің егемендігі мәселесіне байланысты ойлана бастады. Бұл бірінші кезекте «Бір белдеу – бір жол» жобасына байланысты. Бұл жол Қытайдан басталып, солтүстік тармағы Орта Азия мен Ресей арқылы Солтүстік Еуропаға, орталығы Орта Азия арқылы Таяу Шығыс пен Жерорта теңізіне,  оңтүстік тармағы Оңтүстік-шығыс Азия мен Үнді мұхиты аумағына бағытталып отырғаны белгілі. Бүгінде Қытай осы ар­қылы әлемде саяси-экономикалық үстемдігін орнатуды көздейді деп қауіптеніп жүргендер аз емес.

 

Аталған жоба бүкіл әлемді қамтитын болғанымен оның ықпалы негізінен Оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы, Африка елдеріне көбірек әсер ететінін айтып жүргендер бар. Мысалы, бүгінде Африка елдерінде он мыңдай Қытай компаниялары жұмыс істейді екен. Олар фабрика-зауыттар салған, кен орындарын іздеп, оларды игерумен айналысуда. Осы орайда жергілікті басшылықты ақшаға қызықтырып, сатып алу, халықты несиеге қызықтырып, қарызға батыру, өтелмеген қарыз үшін шикізат, жалға жер талап ету орын алған кездер болған екен.

 

Ғаламторда, мысалы, Қытайдың Анголада  қала салып қойғаны туралы бір дерек жүр. Қаптаған көпқабатты үйлер салынған ол қалада әзірге ешкім тұрмайды екен. Ал болашақта онда кімдер тұрады? Ол әзірге жұмбақ.

 

Міне, осындай және басқа да жайлар Қытаймен экономикалық байланыстағы көп елдерді оған күмән-күдікпен қарауға мәжбүрлейді.

 

Қай жерде жүрсе де Отанымен қатынасын үзбейді

 

Қытайдың өзі де экономиканың кей салаларына байланысты шетелдік инвестицияларды пайдаланады. Бірақ оның басым бөлігі (80 пайыздайы деп айтылады) сырт елдерде тұратын этникалық қытайлардан барады. Оларды «хуацяо» деп атайды.

 

Хуацяо – шетелде уақытша тұрып жатқан қытайлық, сондай-ақ түрлі кезеңдерде шет мемлекетке қоныс аударып, соның азаматтығын алған қытайлық. Олардың ұғымында ата-бабасы қытайлардың бәрі – қытайлық, жергіліктілер оларды қандай жағдайда да шетке теппей, өз отандастары санайды. Қытай жүрген  жердің бәрі қытайлық деген түсінік бар. Олар шет елдерде бір-бірін жақын тартады, тілі мен мәдениетін, Қытаймен байланысын тығыз сақтайды.

 

Қытай тарихының ауыр кезеңдерінде Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне күнкөріс қамымен ауған қытайлықтардың ұрпақтары қазір ол жақта бай тұрады. Мысалы, мынадай деректер бар:

 

Индонезия халқының 2,8  пайызын құрайтын этникалық қытайлар елдегі жеке бизнестің 70 пайыздан астамын иеленген. Таиландта тұрғындардың 10 пайызы қытайлар болса, елдегі жеке капиталдың 60 па­йыздайы солардың қолында. Филиппинде, Малайзияда да солай. Малайзия халқының 33 пайызы, Сингапур тұрғындарының 77 пайызы – этникалық қытайлар, олардың қолында орасан көп активтер шоғырлан­ған.

 

Тіпті АҚШ-тың өзінде 3 миллиондай қытай, олардың меншігінде бірнеше ондаған мың кәсіпорындар бар.

 

Міне, осы хуацяолар Қытай экономикасының өркендеуіне өлшеусіз көп еңбек сіңіріпті. Кей деректерде олардың бүгінгі күнгі жалпы саны 85 миллион адам деп көрсетіліп отыр.

 

Қытайдың өзі де шет мемлекеттерде тұратын қандастарына қамқорлықпен қарайды. Мысалы,  Ливияда Азамат соғысы болып жатқан 2011-жылы ол Африка жағалауына әскери кемелері мен ұшақтарын жіберіп, 40 мыңға жуық этникалық қытайларды қауіпсіз жерге жеткізді.

 

Ханьдар қандай адамдар?

 

Ал осы Қытай халқының, соның ішінде ханьдардың адамдық болмыс, мінез-құлқы қалай қалыптас­қан? Қытай халқы өкілдерін бұл тұрғыда қалай сипаттауға болар еді? Осы оймен біз ғаламтордан  хань ұлты өкілдеріне тән негізгі ерекшеліктер жөнінде ақпарат іздестіріп көрген едік, мынадай жайлар жөнінде білдік:

 

Олар – негізінен еңбекқор, пысық, елгезек, іскер, табанды, шыдамды, тапқыр, епті, өмір шындығына нәтиже тұрғысынан қарайтын жандар. Көп жағдайда жеке бас қамы мен өз ортасының мүддесін бәрінен жоғары қояды. Олар үшін материалдық жағдай бәрінен биік, қандай жолмен болса да баюға, мансапқа жетуге, табысы мол жұмысқа ілігуге, баласын жайлы жерге (мысалы, шетелдегі біріккен кәсіпорынға қатынап істей­тін жұмысқа) орналастыруға ұмтылады, мақсатқа жету­ жолында ештеңеден де бас тартпайды, ұялып, имену, тартынуды білмейді, олардың көбіне арсыздық тән. Залымдықтары бар, аяушылықты білмейтіндері көп, тиянақсыз, ыңғайға қарай әрекет етеді. Жайлы үйге қол жеткізуге, тиімді некеге тұруға ұмтылады.

 

Оларда басшының айтқаны – бұлжымас заң, оны екі етпейді. Бірлескен ортаның басшысына, мүшесіне қатысты өзгелер тарапынан сын айту, күш көрсету болса, олардың бәрі де соны істеген адамды өзіне жау көреді. Қоғамда қалыптасқан нормалар шегінен шықпайды, мансабы жоғарының алдында құрдай жор­ғалайды, басшының бұйрығын сөзсіз орындайды.

 

Олар жаңа орта жағдайына тез бейімделгіш, қажет болса, азды қанағат етіп жүре береді. Табанды, ортақ тәртіпке бағынады, идеологиялық жағынан ұстамды.

 

Шет елде жүргенде олардың пысықтығы, жігерлілігі күшейіп кетеді, өзіне жайлы жерге қалайда орнығып қалуға күш салады. Кез келген нәрседен өзіне пайда түсіруге  мықты. Есепшіл, аса үнемшіл, ақша жаратуда сараң.

 

Қытайлар оқу-білімге құмарлығымен, жаттап алуға, қайталауға бейімдігімен, еліктегіштігімен ерекшеленеді. Аңғарғыш, көп білуге құмар. Көрген нәрсесін ұзақ уа­қытқа дейін есте сақтай алады. Ақылы ұшқыр, айлакер, оларда өз мақсаты үшін өтірік айтатын екіжүзділік те өте жиі кездеседі. Олар адамға ішін бермейді, сырт­тай жымиып, ілтипат көрсеткенсуге келгенде шебер әртіс сияқты, алдына жан салмайды.

 

Қытайларда ұлттық сана жоғары, өз ұлтын мақтаныш етеді. Оларға тән ерекшелік –  өздерін ежелден ке­ле жатқан ұлы халықтың өкілі санайды, кез келген өз­ге ұлт өкілімен сөйлескенде іштей өзін одан артық кө­ріп тұрады. Яғни оларда Отанға деген мақтаныш се­зі­мі басым, билік мұны санасына әбден сіңіріп тастаған.

 

...Жалпы, Қытай мен оның халқы туралы көп айтуға болады. Біз тек жалпылама негіздегі азын-аулақ танымдық деректер берумен ғана шектеліп отырмыз.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ