74 елдің 269 ақын-жазушысын марапаттадық

18.09.2019
Қаралды: 133

Қазақстанды, қазақ әдебиеті мен өнерін дүние жүзіне таныту және насихаттау мақсатында елімізде жыл сайын көптеген әдеби-мәдени шаралар өткізіліп келеді. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Жазушылары одағы бірлесіп өткізген Азия жазушыларының І форумы соның бір айғағы.

 

Елімізді және қазақ әдебиетін жер жүзіне қайтсек кеңінен насихаттай аламыз? Қазақ қаламгерлері жан-жақты танылу, насихатталу үшін, сондай-ақ еткен еңбегіне лайықты қаламақы алуы үшін нендей амал жасауға болады? Ақын-жазушы абыройы мен оның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін не істеу керек? 18 миллион халқы бар, оның ішінде 12 миллион қазағы бар еліміздің тұрғындарын қайтсек әдеби шығармаларға қызықтырамыз? Оқырмандарын көбейту үшін ақын-жазушы не істеуі керек? Кітапты өтімді тауар­ға қалай айналдыруға болады?

 

Осындай сансыз сауалдарға жауап іздеп жүрген, қазірге көпшілік кеңінен біле бер­мейтін, білсе де ескеруді ұдайы ұмытып кете беретін «Әлем халықтары Жазушылары одағы» деп аталатын, бүгінде 60 елде өкілдері мен мүшелері бар қабырғалы ұйым жұмыс істейді. Міне, сол ұйым 2017 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 26 жылдығы құрметіне «Темірқазық – әлемнің үздік ақыны/жазушысы, 2017», 2018 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне 106 мемлекетте 240 мыңға тарта мүшесі бар Оман елінің «Motіvatіonal Strіps» Дүние жүзі Жазушылар одағымен бірлесіп, «Темірқазық – әлемнің үздік ақыны/жазушысы, 2018» атты онлайн-фестиваль өткізді. Нәтижесінде 2017 жылы 24 елден 60-тан астам қаламгерлер қатысып, бақ сынаса, 2018 жылы 200-ге тарта қаламгер онлайн-фестивальға шығармалар ұсынды. Ал биыл­ғы жылы ӘХЖО қаламгерлерінің ай сайын дерлік өткізіп жатқан кітап тұсаукесерлерін айтпағанда, 8 наурыз, 22-наурыз мереке­лерінде бас қосып, екі дүркін әдеби-мәдени іс-шара өткізді. Оның екеуі де айтуға тұрарлық дейтінім, біріншісі онлайн үлгіде болса да Алматы қаласында тұратын ақындарымыз тұңғыш рет Дүниежүзілік поэзия фестиваліне қатысты және жоғары дәрежелі сертификат­қа ие болды. Ол шараға Қырғызстанның Ел ақыны Меңді Мамазаирова, Абай өлеңдерін қырғыз тіліне аударып жүрген жас ақын Перизат Алмазқызы және қырғыздың философ-ақыны Өмірбүбү Бегалиевалар келіп қатысты.

 

Өздеріңіз білетіндей, Абай Құнанбайұлының шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың қаршадай қызынан Абай өлеңдерін оқу эстафетасын қабыл алды да, ол әлі күнге шейін жалғасын тауып келеді. Міне, осы Президентіміз бастап берген істі ары қарай дамыта түсейік деген мақсатпен 8-тамыз күні Алматы қалалық 4-ші кітапханасында «Абайдың хикмет кеудесі» атты халықаралық өнер фестивалін өткіздік. Бұл фестиваль жоғары деңгейде өтті деуімізге толық негіз бар. Өйткені ол ақын-жазушылармен қатар музыка, композиция, вокал, цирк, кескіндеме, дауылпаз, цирк өнерінің халықаралық деңгейдегі қазақстандық жеңімпаздарын да қоса қамтыды. Халық­аралық атына сай, бұл жолы Қырғыз елімен қатар Өзбекстанның қаламгерлері де арнайы келді.

 

Келесі жылы болатын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын қалайда лайықты атап өту керек деген ниетпен Үкіметіміз 500-ге тарта мемлекеттік шара өткізуді жоспарлады дегенді ести сала, айтулы шараны біз де қолымыздан келгенінше қолдайық деген ниетпен аясы өте кең, қазақ әдебиеті үшін ғана емес, әлем әдебиеті үшін де аса маңызды үлкен бір жобаны қолға алдық. Қазақстанды, әдебиетімізді, оның ішінде қазақтың бас ақынын әлем елдері зерттеп, зерделеп, оқып-біле берсін деген ниетпен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығының құрметіне бүгінгі таңда әлем әдебиетінің биігінде жүрген дүние жүзінің ең белсенді, ең танымал, ең дарынды ақын-жазушыларын айрықша марапаттауды ұйғардық.

 

Бұл – айтуға жеңіл болғанымен, орындауға өте қиын, күрделі жоба болатын. Солай бола тұра шама-шарқымыздың жеткенінше іске асырдық. Нәтижесінде 74 елдің 269 ақын-жазушысы Әлем халықтары Жазушылары одағының ең мәртебелі сыйлығына ие болды.

 

Дүние жүзінің таңдаулы қаламгерлерін анықтау үшін Әлем халықтары Жазушылары одағының шетелдердегі Со-президенттері мен Бірінші вице-президентінің және Бас кеңес­шілерінің көмегіне жүгіндік. Яғни «Motіvatіonal Strіps» Дүние жүзі Жазушылар одағының негізін қалаушы, ӘХЖО Со-президенті Сиджу Х.Палитазеттің, «UHE» Дүние жүзі испантілді Жазушылар одағының Президенті, ӘХЖО Со-президенті Карлос Хюго Гарридо Чаленнің және ӘХЖО Бірінші вице-президенті Мұхаммад Шаназардың, сондай-ақ Әлем әдебиеті бойынша Бас кеңесшілеріміздің бір айдан астам уақыт бойы жатпай-тұрмай еңбектенуіне тура келді.

 

Кеше ғана қолымызға түскен соңғы мәлімет бойынша айтқанда, «Әлем поэзиясының жұл­дызы» әлем әдеби сыйлығымен 73 елдің 265 ақын-жазушысы марапатталды. Ал осы жа­уапты да аса маңызды жобаны іске асыруға айрықша үлес қосқан төрт қаламгер «Әлем әдебиетінің тәлімгері» әлем әдеби сыйлығының лауреаты атанды.

 

Міне, біз қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын лайықты атап өту үшін осылайша еңбек етудеміз.

 

Қайрат ДҮЙСЕНОВ,

Әлем халықтары Жазушылары одағының төрағасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ