Мектепке Асқаровтың атын беруге атсалысқан азамат

18.09.2019
Қаралды: 85

Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаров ағамыз арамызда жүргенде 15-қыркүйекте өзінің 97 жасқа толғанын атап өтер еді.

 

1922 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті ауылында дү­ние­ге келген ол кісі өз ғұмырын туған елді көркейтуге арнаған болатын. 23 жыл КСРО Жоғары Ке­ңесінің депутаты, 27 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып, 25 жыл бойы Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарын басқарған көрнекті тұлға өмірінің соңғы жылдары өзіне жабылған жаланың кесірінен төрт жарым жыл түрмедегі тар қапасты бастан ке­шірді. Бұл жағдай шыңдалған, нар тұлғалы қайраткердің сағын сындыра алмады. Асанбай ағамызға хал­қы араша түсті. Көпшіліктің қол­дауымен 1991 жылы 31-ші тамызда ол кісі түрмеден босатылды. Ол кісі арада 10 жылдай уақыт өткесін, 2001 жылы 1-тамызда дүниеден өтті.

 

«Ғалымның хаты, жақсы адамның аты өшпейді» дегендей, бүгінде Асанбай Асқаров ағамыздың атын иемденген көше, мектеп, ауылдар баршылық. Мұны қарапайым халықтың белгілі тұлғаға көрсеткен құрметі деп қабылдасақ та болады.

 

Ер есімі ел есінде екенін біздің Түлкібас ауданынан да аңғару қиын емес. Майлыкент өңірінде Асанбай Асқаровтың атында 600 орындық мектеп салынды. Оның өмірге келуіне бұрынғы «Қызыләскер», қазіргі Тастыбұлақ ауылының тумасы Тұрдалы Сәуірбеков (суретте) деген азаматтың сіңірген еңбегі зор екенін бүгінде жерлестері мақтанышпен айтады. Ол азамат он жылдай әрекеттеніп, ақыры 2017 жылы 28-мамырда жаңа мектепке Асанбай ағаның аты беріліп, қоладан құйылған мүсінін орнатуға қол жеткізді.

 

«2005 жылы сыныптас досым Сауранбек Таңатбаев Т. Рысқұлов ауылдық округіне әкім болып бекітілді, – дейді ол кісі. – Келесі жылы сол округке қарасты Қызыләскер ауылында жергілікті әкімнің жылдық есебі тыңдалды. Осы жиында сыныптасым маған қарап: «Тұреке, егеменді ел болғанымызға 14 жыл толды. Қызыл армияның уақтысы өтіп кеткен жоқ па? Ауылдың  ата­уын неге өзгертпейсіздер? Елмен ақылдасып, бір жағына шықпайсыңдар ма?» – деп ой тастады. Сонымен жерлестеріммен ақылдаса келе ауыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың атымен аталсын деп қол қойған жұрттың шешімін хаттамасымен қоса әкім С. Таңатбаевтың алдына апардым. Таңатбаев оған ұсыныс-хатын қосып, басқа да құжаттарды толықтырып, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың құзырына, ал олар оны облыстық мәслихатқа жіберді. Бірақ ол жақтан біздің ұсынысымыз қолдау таппай, құжаттарымыз 2006 жылы қара күзде өзімізге қайтып келді. Асқаровтай ірі тұлғаның есімін кішігірім ауылға және бастауыш мектепке ұсынғандарың ұят емес пе деген уәжбен тоқтап қалды.

 

Бірақ ауылымыздың аты өзгеріп, «Тастыбұлақ» деген тарихи атауымен қайта қауышты. Ал менің кекейімде біздің ауданда Асанбай Асқаровтың есімі неге айтылмайды деген сауалдың сәулесі сөнбей қала берді.

 

2007 жылдың күзінде бұрынғы Алғабас мектебінің 600 орындық жаңа ғимараты Түлкібас кентінен салына бастады. Маған осы мектепке неге А. Асқаровтың атын беруге болмайды деген ой келді. Содан игі-жақсылармен, ауыл ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса жүріп, аудандық «Шамшырақ» газетіне «Ер есімі ел есінде қалса игі еді» деген тақырыпта мақала жаздым. Ол мақаланы қолдап, қуаттаған жандар аз болмады. Ақыры көпшіліктің талап-тілектері ескеріліп, 2017 жылы 3-сәуірде Үкіметтің қаулысына орай 600 орындық жаңа мектепке Асанбай Асқаров атамыздың есімі берілді.

 

Бұл мектепке асыл ағамыздың есімін беру үшін өз қаражатыммен Тараз, Шымкент қалалары мен Меркі ауданына да талай баруыма тура келді. Тіпті Қырғызстандағы мұражайға да барғанмын. Сөйтіп талай кедергілерден өтіп жүріп, ойға алған мақсатым орындалды. Мектепке атын беріп, ауласына мүсінін орнатып беруге атсалысқан аудан басшыларына, жеке кәсіпкерлерге, қарапайым ауыл тұрғындарына айтар алғысым шексіз!

 

Менің Асанбай Асқаровпен ешқандай да туыстығым жоқ, ол кісімен таныс болған да емеспін. Бірақ халқына қалаулы бола білген тұлғаның атын ардақтау, құрметтеу бағытында атқарған жұмысымды әрқашан да мақтан етемін».

 

Иә, жақсы адамның аты өшпейді дегендей, кезінде халыққа жасаған жақсылығы, көрсеткен шапағаты Асанбай Асқаровтың рухын көкке көтеріп тұрғаны айдан анық.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ