Мемлекетке масыл болып отырған кімдер?

18.09.2019
Қаралды: 220

Алдыңғы апталардың бірінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко үш жылдың ішінде тұрғындарға берілетін әлеуметтік көмектің 17 есеге өскені үшін жұрт мемлекетке «тізерлеп отырып алғыс айту керектігін» айтқан болатын.

 

Аталған жай көпшіліктің наразылығын тудырып, тіпті Нұр-Сұлтан қаласында Ақорданың алдына жиналған аналардың Божконың елден кешірім сұрауын талап етуіне дейін әкелді. Одан кейін тілшілірге берген сұхбатында Божко: «Мен ешкімді ренжіткім келген жоқ, мен масылдыққа қарсымын, сондықтан солай айттым», – деп құтылды. Ал: «Халықтан кешірім сұрамайсыз ба?» – деген журналистің сұрағын депутат жауапсыз қалдырды.

 

Божко мырза кешірім сұрағысы келмегенімен оның масылдық туралы ойымен келісетіндер кемде-кем. Шындығында біздің елде масылдар кімдер? Ауыр жұмыс істеп, аз ақша табатындар ма, жеңіл жұмыс істеп, көп ақша алатындар ма? Әзірге өз басым мардымсыз жалақы үшін таңнан кешке дейін бала-шаға қамымен белі бүгіліп жұмыс істеп жүрген қарапайым халықтың арасынан мемлекет асырап жатыр деп аяғын аспанға көтеріп жатқан бірде-бір адамды байқамадым. Қайда қарасаң да жоқшылық пен қымбатшылықтың қыспағына түскен, күйбең тіршіліктің қамымен шапқылаған қара халық. Жәрдем­ақы мен атаулы әлеуметтік көмектің арқасында кенеттен ба­йып, жағдайы жақсарып сала берген жандар да жоқ. Керісінше, күн өткен сайын қайда барып жан бағарын білмей далбасалап қалған көпшіліктің қарасы көбейді. Оған мысал да келтіре аламын.

 

Алыс туыс болып келетін бір жеңгеміз бар еді. Өзі жасы 50-дің үстіндегі әйел. Тұрмысқа да кеш шыққан. Ағамыз бірнеше жыл бұрын өмірден өтті. Биыл жалғыз ұлын әскерге жіберген соң төрт бөлмелі ескі үйде бір өзі қалды. Сол кісі ауылдық әкімдікте еден жуушы болып істейді. Бұрын небәрі 25 мың теңге жалақы алатынын білетінмін. Одан бері жалақысы өсті десек те ары кетсе 35-40 мың теңгенің айналасында ақша алатын шығар. Таяуда ол кісі өзін жұмыстан шығарғалы жатқанын естіпті. Қысқартуға іліккен екен. Сөйтіп, сөзін сөйлейтін тамыр-таныс іздеп, аяқ астынан шарқ ұрып қалыпты. Жалғыз табыс көзінен айырылғалы тұрса басқа не істесін?

 

Тағы бір туысымыз мектепте мұғалім. Күйеуі жұмыссыз. Екі баласы студент. Бұрын өзі 100 мың теңгенің үстінде жалақы алып жүретін. Биылғы оқу жылында сағатын қысқартып тастапты. Жалғыз оның ғана емес, ұжымдағы көп мұғалімнің де жалақысы сағатпен бірге қысқарып қалған көрінеді.  «Мектепте енді қайтіп күн көреміз деп жылап жүрген бір адам», – дейді ол.

 

Маған бір апа ұдайы хабарласады. Ұлы екеуі ғана тұрады. Ұлы да, өзі де – екінші топ мүгедегі. Үй кезегінде тұрғанына алты жыл болыпты. Өз баспаналары бар болғанымен құлау­дың сәл-ақ алдында тұр. Үйдің қабырғалары үгітіліп, құзданып, түсіп жатқанын айтады. Қанша жамап-жасқаса да ескі болған соң жөндеуге келмей тұр екен. Бір күні бұл үй құласа, астында қаламыз ба деп қорқады. Басқа жаққа көше қоюға зейнеткер апаның жағдайы қайбір келсін?

 

Төрт балалы отбасыны білемін. Әйелі бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы жұмыс істейді дегенмен алатын жалақысы 40 мың теңгеден сәл асады. Атаулы әлеуметтік көмекке іліккен екен, оның өзін зарықтырып әзер беріп отыр. Ішер ас-суын үйдің маңындағы дүкеннен қарызға алады. Сөйтіп, ай соңында бөліп-жарып төлейді. Төрт баланы асырау оңай ма, тап­қандары түкке жетпейді. Әйтеуір илалап күн кешуде.

 

Жалғызбасты келіншек бар. Үш балалы. Жолдасынан ажырасқан. Өзі еден жуады. Таңнан кешке дейін жұмыста. Жұмыс­қа кеткенде бала-шағасына қарайтын адам жоқ. Кішілерін үлкеніне тапсырып кетеді. Өйтпеске амалы жоқ. Күн көру керек. Оның да болмашы айлығы бар. Жолкіресіне ақша таппай қалғанда алтынын ломбардқа өткізеді. Айлығы қолға түскенде онысын қайта алады. Не керек, ол да бірде бар, бірде жоқпен өлместің күнін кешуде.

 

...Айта берсем, мұндай мысалдар айналамызда толып жатыр. Қазақстанда осындай отбасылар жетерлік. Аңдап қараған адамға халықты мұқтаждық қинап тұрғанын түсіну қиын емес. Сондықтан басшы азаматтар бір жыртығым жамалсын деп мемлекеттен бөлінген азғантай жәрдемақы мен бір реттік көмек алуды масылдық деп емес, мемлекеттің міндеті деп білуі керек қой. Халық отыз жылда бір мемлекеттен жеңілдік алып тұрса оны қазына қаражатына қол сұқты деп санамау керек шығар. Қазынадағы қаражат та халықтың есебінен толықпай ма?

 

Әйтеуір, тізерлеп кешірім сұрайтын күнге жетуден сақтасын...

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ