Сайрагүл айтқан сұмдық

17.09.2019
Қаралды: 1075

Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына байланысты жеке басына қауіп төнуіне орай шекарадан Қазақстанға заңсыз өткен қытайлық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың басынан кешкен жайлардан жұртшылық құлағдар. Түрлі сот процестерінен өтіп, бір жылдан аса уақыт Қазақстанда болған оған және отбасы мүшелеріне биылғы маусым айында Швеция үкіметі өз аумағына барып тұрақтауға рұқсат еткен болатын.

 

Таяуда Швеция астанасы Стокгольмдегі мәдениет сарайында Сайрагүл Сауытбайдың қатысуымен халықаралық жиын болып өтті. Онда С. Сауытбай жиналған көпшілікке өзінің Қытайда бастан өткерген азабы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

 

Балабақша директоры болғанмын

 

– Саламатсыздар ма, халықаралық қатынастардың әр саласынан келген, осы Швеция мемлекетінде жүрген, осында бас қосып отырған барша құрметті қонақтар! – деп бастады Сайрагүл Сауытбай өз сөзін. – Сіздермен осында дидарласып, бас қосып отырғаныма қуаныштымын, осы жиынды ұйымдастырған, басы-қасында жүрген адамдарға және осы жиналыстың орайын келтірген Швеция мемлекетіне көп-көп рахмет!

 

Алдымен мен өз басымнан өткерген оқиғаларды сіздерге қысқаша баяндап өтейін. Содан кейін сұрақтар қоюға болады.

 

Мен Қытайға қайтарылуға, депортациялануға сәл ғана қалған адаммын. Аты-жөнім – Сайрагүл Сауытбай, ұлтым – қазақ, 1976 жылы 9-шы айдың 16-сы күні Қытай Халық Республикасының Іле-қазақ автономиялы облысы, Мұңғылкүре ауданындағы Ағайыл деген ауылда дүниеге келгенмін.

 

Медицина оқуын бітіргеннен кейін сол мамандық бойынша жұмыс істедім. Кейін қызметімді мектеп саласына ауыстырып, қытай тілінен сабақ өтетін оқытушы болып жұмыс істедім. 2016 жылдан бастап мемлекетке қарасты 5-ші балабақшада директор қызметін атқардым.

 

Қытай компартиясы 2016 жылдан Шыңжаңда тұратын жергілікті ұлттардың тілін, дінін жоя бастаған. Осы себепті балаларымызды өз тарихи Отаны – Қазақстанға әкеліп, өз ана тілінде оқыту туралы шешім қабылдадық.

 

Менің жолдасым Уәли Слам да сол жерде оқытушы болатын. 2010 жылы мектептен зейнеткерлікке шығып, Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдадық.

 

2014 жылдан бастап Қытай компартиясы түрлі себеп-сылтаулармен біздің шетелге шығатын паспорттарымызды мәжбүрлі түрде жинап алды. Отбасым Қазақстанға оралған кезде мені сол жақта алып қалды, жіберген жоқ.

 

Содан балаларды алып жолдасым кеткеннен кейін мен Қазақстанға бір рет те келген жоқпын. Екі жарым жыл бойы балаларымды көрген жоқпын. Кішкентай екі балам болды, екеуі де кәмелет жас­қа толмаған, үлкен балам 10 жаста, кіші балам 5 жастағы кезінде Қазақстанға кеткен. Сол балаларды көретіндей мүм­кіндік берген жоқ Қытай компартиясы.

 

Ал енді мұның соңында 2016 жылдан Қытайдың қысымшылық саясаты бас­талды. Тіпті Қазақстандағы отбасыларымызбен кездесуге де үзілді-кесілді тыйым салынды. 2017 жылғы бірінші айдан бастап «Екі беткейден тазалау» деген өтірік себеп-сылтаулармен алдымен бұқара халықты, содан соң кадрларды концлагерьге тоғытып жатты.

 

Осы саясаттың мен де құрбаны болдым. Балаларымның, отбасымның Қазақстанда екенін сылтауратып, «оларды шақырып әкелесің», «Қытай оқу-ағар­туына сатқындық жасадың» деген түрлі сылтаулармен маған да қудалау түсті. 2017 жылы бірінші айдан бастап әртүрлі адамдарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полицейлер жарым түнде әкетіп, түрлі қысымдарды көрсетіп, қудалай бастады.

 

Ол кезде Қытай компартиясы сол жақта тұратын туыстары арқылы шетел­дегі туыстарын шақырып алып, шекарадан өткен кезде бастарына қара қалпақ кигізіп алып кетіп, концлагерьлерге қамап жатқан болатын. Мұндайды білгеннен кейін менің де отбасым ол жерге баруға қорықты. Одан кейін олар Қазақстан азаматтығын алды.

 

Отбасым Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін маған қысым күшейді. Сөй­тіп 2017 жылдың 11-ші айында мәжбүрлі түрде Мұңғылкүре ауданында салынған концлагерьге сабақ өтуге мәжбүр болдым.

 

Қытай компартиясы айтқандай ол кәсіп үйрету немесе қытай тілін үйрене­тін әдеттегі мектеп емес, оның бәрі жалған, ол – түрмеден бетер қорқынышты концлагерь.

 

Қамаудағыларға қытай тілінен сабақ бердім

 

2017 жылдың 11-ші айында бір күні түнде бір бейтаныс телефон келді маған. «Сен осындай жерге келіп тұр», – дейді. Ол жердің адресін айтты. Мен сұрадым қарсы жақтан: «Сіз кімсіз?» «Кім екенімді сұрама», – дейді бейтаныс телефон. Мен айттым: «Қайда, не үшін барамын?» – деп. Ол кезде адамдарды сондай қатты ұстап жатқан кез болатын. Сұрап едім, ол адам айтты маған: «Ертең ішкі Қытайға үйренуге барасың. Сондықтан сен сол жерге барып тұр», – деді. «Басқа ештеңе сұрама», – деді.

 

Ал ол жерге барғаннан кейін тағы да бір телефон нөмірін берді. «Сен сол телефонға «мен жеттім» деген екі сөз жазып қойсаң, болды», – деді.

 

Мен сол жерге бардым. Біз артық әңгіме айтсақ, бізді күтіп тұрған өлім болатын ол кезде. Барғаннан кейін мен сол бойынша «смс» жолдадым. Содан бір бейтаныс адамдар келіп, менің басыма қара қалпақ кигізіп, машинаға салып, бір жерге апарды. Барғаннан кейін басымдағы қара қалпақты алып, түсіндіргенде ғана мен концлагерьге келгенімді білдім.

 

Ол жер түрмеден де өте қорқынышты болды. Барлығында қару ұстаған өте сұсты сақшылар жүрді.

 

Барғаннан кейін мені сол жерде қа­мал­ған адамдарға қытай тілінен сабақ беруге міндеттеді және басқа да ұсақ-түйек жұмыстарға, қалай орналастыру керек болса, соған бой ұсынасың деп ескертті. Бір ғана беттік құпия келісім-шартқа отыруға мәжбүрледі мені. Оның ішінде не істеу, не істемеу керек – барлығы сонда егжей-тегжейлі жазылған. Ал мен соның бір тармағына қайшы келсем, онда мені күтіп тұрған өлім болатын.

 

1 шаршы метр жерге бір адамнан жатады

 

Содан кейін біздің сол жердегі тұрмысымыз басталды. Ол жерде 2500-ге жуық адамдар болды. Барлығы да кінәсіз адамдар. Ең кішісі 13 жастағы кішкентай бала, үлкені 84 жасқа дейінгі қарттар.

 

Ерлер, әйелдердің барлығының ша­шы тақырлап алынып тасталған. Қолдарында, аяқтарында кісен. Осыны мектеп деуге бола ма?

 

Одан соң сол жердің тәртібі бойынша бір адам 1 шаршы метр жерге жату міндеттелген және оң қырымен ғана. Таң атқанша қозғалмау керек. Егер қозғалатын болса, онда ауыр жазаға ұшырайды. Сонда бір кішкене ғана бөлме ішінде 16-17, 20-ға дейін адам жатады қысылып. Тек қана оң жағымен жату міндет­теледі.

 

Жерге, цемент-бетон үстіне жұқа палас төселген. Адамдар соның үстінде ұйықтайды түнде жатқан кезде.

 

20 адамға бір шелек қойылады

 

Туалет бір жерде. Туалет болғанда, әр камераға бір-бірден шелек қойылған, қақпағы бар. Туалет – сол.

 

Шелекке  бір үйдегі 20 адам үлкен-кіші дәрет жасайды. Барлығын камерамен 24 сағат көріп тұрады, бақылап отырады. Толғаннан кейін қақпағын жауып қоясың. Енді сен туалетке отырамын десең де ешкім рұқсат бермейді. Қыстап кетсе де рұқсат сұрасаң, жазаға тартыласың, сол жерге отыруың керек. Ертесіне таңертең сол туалетті – толған шелекті төгіп тастағаннан кейін барып туалетке отыруға болады.

 

Туалетке отыру уақыты 2 минуттан асып кетпеуі керек. Міне, осы себептерден үлкен дәреті, кіші дәреті қыстап, денеге тарап кету, дәретке уланып қалу, микроб тарап кету деген аурулар ол жерде жетеді.

 

Геморрой болған, орнынан тұра алмай жатқан, бүйректен суық өтіп, ісініп кеткендер, одан кейін диабеттің 3-ші дәрежесі және миына өспе шығып операция болғандар, түрлі аурулар кездеседі ол жерде. Бірақ ауырып жатқан адамдарға өліп қалса да ешкім қарамайды, ешкім дауаламайды да.

 

Әр күні үш уақыт тамақ беріледі. Таңертеңгі, түскі ас – барлығы бірдей, негізінен сұйық тамақ. Бір уақытта тамаққа бір тілім нан және күріштің суы немесе көк шөптің суы, бір шөміш бір адамға. Сол ғана беріледі үш уақыт тамаққа.

 

Әйелдер мен қыздардың жыныстық жақтан зорлануы деген әр күні болып тұратын іс ол жерде.

 

Өзіңе қылмыс ойлап шығарасың

 

Енді бір күнгі 24 сағатта не істей­тінімізді айта кетейін сіздерге. Әр күні өзгеріп отырады. Бірақ негізгі жақтан 24 сағатта таңғы 6-да тұрамыз. Сағат 7-ге дейін таңертеңгілік. 7-ден 9-ға дейін қытайдың салт-дәстүрлері, тарихы, Шижипиннің сөздері, ХІХ-құрылтайдың жобалары, қытай мәдениетін жырлайтын сабақтар өтеді қытай тілінде.

 

9-дан 11-ге дейін сол өткенді қайталап үйренеді сол жерде отырып. Ал одан кейін екі сағат бойы «мен – патриотпын!», «мені Жуңго компартиясы осы жарық дүниеге, өмірге  әкелген осы компартия», «маған осы өмірді берген – компартия», «мен компартияға адал жұмыс істеймін», «мен жуңголық болғаныма мақтанамын!» деген сөздердің барлығын үлкен қағазға жазып, соны басыңа қойып, екі сағат бойы 1000 рет, 2000 рет, 3000 рет айқайлап айтып отырасың.

 

12-ден 2-ге дейін – түскі ас. Түстен кейін сағат 2-ден бастап 4-ке дейін отаншылдық әндер үйретіледі. «Қызыл әндер» дейміз. Мысалы, компартияның марш әндері, ту шығарған кездегі әндер, сондай әндер өтіледі екі сағат.

 

4-тен 6-ға дейін өзіңе қылмыс жазасың. Егер өзіңе қылмыс таппасаң, онда тіпті де ауыр болады жағдайың. Сондықтан екі сағат бойы өзіңе қылмыс жазасың.

 

6-дан 8-ге дейін кешкі ас. 8-ден 10-ға дейін барлық қамалғандар суық там­ға жабысып тұрады. Ол не үшін дегенде – өзінің қылмысы үшін ойлану. Алдағы жазған қылмыстарыңды ойлап, кейін екі сағат, 10-нан 12-ге дейін соны сенімді қылып жазып шығасың. Керемет қылып, оларды иландыратындай қылып қылмыс жазуың керек.

 

Түнгі сағат 12-ден 1-ге дейін кезекте, коридорда кезекшілікте тұрамыз. Сағат 1-ден 6-ға дейін, тек бес сағат ұйықтауға болады.

 

«Қара бөлмеден» оралмайтындар бар

 

Ал енді сол жерде болған ауыр жағдайларды айта кетейін. Ол жерде бір қара бөлме болады. Онда ешқандай да камера болмайды. Ол – қамауда жат­қандарды қинауға арналған бөлме.

 

Мен класта соларға сабақ өтіп жат­қан кезімде трос ұстаған екі полиция тұрады біздің қасымызда. Біздің олардың айт дегенінен ары айтуымызға болмайды. Барлығы шектелген. Жылауға да, күлуге де болмайды.

 

Ал сол бөлмеге сақшылар алып шы­ғуға тиіс адамдарды алып кетеді. Оларды алып кеткеннен кейін сол қара бөл­меден жылаған, «құтқарыңдар!» деп айқайлаған сондай аянышты дауыстарды біз 24 сағат естіп тұрамыз.

 

Кеткен адамдардың кейбіреуі өте ауыр жағдайда қайтып келеді. Тырнақтары жұлынған, беттері қан. Одан кейде өте ауыр жағдайда келеді ол кісілер. Келгенде, сүйреп әкеліп тастайды. Ол кісілер бірнеше күн қозғалмай жатады, тұра алмайды орындарынан.

 

Шеге ұшын жоғары қаратып қадаған қара орындықтар болады ол жерде. Соған адамды зорлап отырғызып, таңып қоятын, сондай қинайтын, ток таяқпен ұратын, токпен соқтыратын түрлі қинау тәсілдері сол қара бөлме ішінде жүргі­зіледі. Ал кейбіреуі қайтып келмейді, із-түзсіз, содан кейін қайтып көрген жоқпын. Олар сондай жазықсыз қинау барысында өліп қалды деп ойлаймын.

 

Ол жерде адамдар кірген жерде жұқпалы кеселдері бар ма, жоқ па дегенді сылтау етіп, қамаудағының бәрінің денсаулығын тексеріп апарады. Ешқандай ауру болмағандарының бәріне белгі қойып қойған. Мысалы, кейде сол архивтерді маған реттеуге бұйырады. Бұл белгі салынған адамдарды барлығын түгелдей алып кетеді. Қайда әкетті? Оларды адамдардың ішкі ағзасын сату пункттеріне жөнелтеді.

 

Ол жерден кішкене балаларға дейін, қарттарға дейін, сонымен бірге жазушылар, ақындар, кәсіпкерлер, ірі тұлғалар, байлар – қоғамның әр саласының адамдарын табуға болады.

 

Швеция үкіметі құтқарды

 

Сондай ауыр жағдайлар өтті басымыздан. Мен ол жерден келгеннен кейін, 2018 жылдың наурыз айында маған «Екі беткей» деген кінә тағылды. Сол айып бойынша мені үш жылдық осы лагерьге қамау туралы бұйрық шығарды. Қыз­метімнен алып тастады. Қызметімді өткізуге уақыт берілген. Мен сол өзім көрген қорқынышты саяси лагерінде өлуді қаламадым. Балаларымды ең соңғы рет бір көріп алып өлсем деп, үлкен тәуекелге бастым. Сонымен үйімді, бар дүние-мүлкімді тастап, 24 сағат артымнан түскен қуғынның назарын аудару үшін есік-терезені ашып қойып, шай қойып, тамақтарды жасап қойып, терезеден жарым түнде қашып шығып, одан қарсы аулаға өтіп, машинамен Құлжа қаласына келіп, сондай амалдар арқылы менің жолым болды. Сонымен аман-есен Қазақстандағы отбасыма келдім.

 

Қазақстанда мен «шекарадан заңсыз өтті» деген айыппен сол жерде 9 ай түрмеде жаттым. Түрмеден шыққаннан кейін де маған Қытайды әшкерелеуге тыйым салды, үйден шығармай. Сондай жағдайда мен көптеген елдердің ақпарат құралдарына шығып, солардың машинасында отырып жарым түнде осындай ақпараттар бердім. Не үшін? Бұл жерде «менің ұлтым», «сенің ұлтың» деген әңгіме жоқ. Бұл жерде сол концла­герьдегі саяси құрбан болып жат­қан жазықсыз жандардың құқығы үшін, солар үшін мен осылай етуге мәжбүр болдым.

 

Сондықтан айтарым, Қазақстаннан Қытайға екі рет депортацияламақ бол­ған кезде осы халықаралық ақпараттардың жазуымен, араласуымен мен сол өлімнен қалдым. Содан кейін, ең қиын кезде – Қытайға қайтарылу алдында тұрғанда отбасыммен осы Швеция үкіметі бізге ие болып, осында алып келді.

 

Ертеңгі күн үшін күресу керек

 

Бұл жерде мен өз қазағым үшін ғана сөйлеп отырған жоқпын, сол жердегі жаны қиналып жатқан жергілікті ұлттар үшін айтып отырмын. Бұл жерде Қытайды жамандап отырған жоқпын, бұл – Қытай компартиясының саясаты. Мұның өзі – Қытай 30-40 жыл алдында жасаған саясат және құпия құжатта бұл үш бөлімге бөлінеді.

 

Соның біріншісі: 2014-тен 2025 жыл­ға дейін қытайландыру және ол жергілікті халықты жою және сол қытайландыру саясатын іске асыру. 2025-тен 2035-ке дейін түрлі жолдар арқылы Орта Азиядағы көршілес мемлекеттерге сіңіс­тіріп, жаулау. Үшінші: 2035-тен 2055-ке дейінгі үшінші мақсат – бүкіл Еуропа көлемінде түрлі жолдармен экономикалық монополия орнату. Сол арқылы бүкіл Еуропа елдеріне сіңіп, кіру, дүние жүзінде өзін ең күшті, мықты мемлекетке айналдыру, басқа мемлекеттердің барлығының экономикасын бағындыру. Сондықтан бұл жерде мәселе тек қана Шыңжаңдағы жергілікті ұлттың мәселесі емес, Қытай компартиясының саясатын іске асырмау үшін, ертеңгі ұрпағымыз үшін барлығымыз бірігіп, қолымыздан келгенін жаса­уымыз керек.

 

Дайындаған: Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ