Шетелде қара жұмысқа жегілген қазақтар көп

17.09.2019
Қаралды: 226

Осыдан бірнеше жыл бұрын «көрген күнімізге шүкір, өзбектер секілді өзге елде қаңғырып жүрген қазақ жоқ» деп масайрайтынбыз. Бірақ елдегі қымбатшылық күшейген сайын күнкөріс қамымен Қазақстаннан қашыққа кетіп, қара жұмысқа жегіліп жатқан қандастарымыз көбейді. Осылайша қазақ жастарының біразы бүгінде «гастарбайтер» атанғаны рас. Расында да, біздегі дипломы бар мамандардың шетелде жүк тасып күнелтіп жүргені жанға батады. 

 

«Замана» газетінің өткен нөмірінде Оңтүстік Кореяға барған шетел азаматтарының егістікте, зауыттарда, құрылыста, мотельдерде  қара жұмыстар атқаратыны туралы жазған болатынбыз. Сол секілді Америкаға ақша табамын деп кеткендерге де қара жұмыстан басқа ештеңе ұсынылмайды. Бұл туралы әлеуметтік желіде АҚШ-тың Калифорния штатына білім алу мақсатында отбасымен бірге барған Жасұлан Жұмағали айтады. 

 

«Қазіргі нарықтық заманда екінің бірі еңбек мигранты деп айтсақ, қателеспейтін шығармын. Әсіресе «көршінің баласы шетел асып, бір жылдың ішінде пәтерге ақша жинап қайтыпты» деген әңгімелерді естіген соң шетелге шығып жұмыс істегісі келетіндер күн санап артып жатқанын байқауға болады. «Шетелде айына 4-5 мың доллар табуға болады» деген сияқты әңгімелерді елде жүрген кезде мен де еститінмін.

 

Сіздерге шындықты айтайын ба? Иә, болады. Айына одан да көп табуға болады. Ең бастысы, қажырлы еңбек ету керек, қажырлы дегенді басқаша айтар болсам «жыртылу» керек», – дейді ол.

 

АҚШ-қа көбі туристік немесе студенттік визамен баратын көрінеді, ал бұл визалар арқылы онда заңды түрде жұмыс істеуге болмайды, сондықтан оларға заңсыз жұмыс істеуге тура келеді екен. Жасұлан өз сөзінде Америкаға келгендерді қандай жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.

 

«Америкаға алғаш келген кезде керемет мамандықтың иесі болмасаңыз, халықаралық тәжірибеңіз болмаса, онда сіз бұл жақта қара жұмыс істейсіз. Көбіне ұсынылатын жұмыс – мувинг, яғни үйді, кеңсені көшіру. Тапсырыс беруші қай жақтан қай жаққа көшу керектігін айтып хабарласқан соң компания 2-5 адамға дейін қызметкерлерін жібереді. Мұнда негізінен 3 қызметкер болады: форман, драйвер, хэлпер (ред. – прораб, жүргізуші, көмекші). Әрқайсысының жалақысы әр түрлі. Сағатына формандар 20 доллардан, драйверлер 16-17 доллардан, хэлперлер 14-15 доллардан алады. Одан бөлек шайпұл береді. Ол клиенттің мәрттігіне байланысты 10, 20, тіпті 100 долларға дейін кете береді. Бұл жерде жұмысшылар айына 5-6 мың доллар көлемінде ақша табады. Мұндай жұмысты табу қиынға соқпағанымен бұл маусымдық қызмет түрі болып саналады. Жаз айларында қыза түседі де, қыста мүлде болмауы мүмкін. Сондықтан онда үнемі жұмыс істеу мүмкін емес. Оның үстіне бұл өте ауыр еңбек болып саналады. Бұдан сәл жеңілдеу саналатын такси, тамақ тасу қызметімен айналысатын компанияларға да жұмысқа тұруға болады.

 

Ал қыз балалар үй, кеңсе тазалығымен айналысатын клининг компанияларда жұмыс істейді. Сондай-ақ даяшы, бала күтуші де болады. Аталған жұмыс түрлеріне сағатына 13-15 доллардан төленеді», – дейді Жасұлан.

 

Шетелде еңбек мигранттарына қара жұмыстан басқаның жоқтығын Оңтүстік Кореяда жеті ай жұмыс істеп келген Эльдар да растайды.

 

«Кореяның 35 қаласын араладым. Экономикалық жағынан өте дамыған мемлекет. Жұмыс жағына келсек, ол жақтағы жұмыстар өте ауыр. Мен алғаш барған кезде Сеулде болдым. Алғашында қаланы қызықтап жүрдік. Кейіннен ақшамыз таусыла бастады. Тілді де, қайда бару керектігін де білмейміз. Ешкімді танымаймыз. Сөйтіп жүріп құрылыс басында мрамор таситын жұмысқа орналастық. Әрқайсысы 80 келі болатын тастарды арқаңа салып тасисың. Ол үшін күніне 100 доллардан төлейтін болды. Бұл ол жақта көп ақша болып саналмайды. Нәтижесінде бізді алдап соқты, ақшамызды толық төлемеді. Оны істеп отырған кәрістер де емес, сондағы өзбектер. Біз ештеңе де дәлелдей алмадық, себебі біздің құжаттарымыз дұрыс болмаған соң полицияға ұстатып жібереміз деп өзімізді қорқыта бастады. Түнгі 3-те далаға, жаңбырдың астына қуып шықты. Қалтада небәрі 100-150 доллары ғана бар төрт жігіт көшеде қалдық. Арзандау демалыс кешендерінің бірінде екі аптадай тұрақтаған соң Кореяның басқа қаласына кеттік.

 

Жалпы, мигранттар үшін ондағы өмірді оңай деп айтуға келмейді. Ол жақта екінің бірі шыдай бермейді. Өз басым 1-2 аптадан соң елге қайтып кеткен жігіттерді көрдім. Жұмыс кезінде біреудің саусағын жұлып кеткен, теңізге батып тұншыққан, күш түсіп, жүрегі тоқтап қалғандар да болды. Әрине, жұмыс қаншалықты ауыр болса, жалақы да соншалықты жоғары. Айына 1500-3000 доллар аралықта төленеді. Өз басым Оңтүстік Кореяға баруға болады немесе болмайды деп кеңес бере алмаймын. Бірақ менің басымнан өткендер оңай болған жоқ», – дейді.

 

...Міне, бөтен елдегі жұмыс жағдайы осындай екен. Мұны айтудағы мақсат –керемет өмір бар деп шетелге ағылып кетіп жатқан жастарға аз да болса ой салу.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ