Алматыға тойға барып, батпандай ой арқалап қайттық

17.09.2019
Қаралды: 125

Таяуда Алматыға, бір ағайынның тойына барған едік. Осы сапардан көп ой арқалап қайттым. Соны көпшілікпен бөліссем деймін.

 

Шынымды айтайын, той жоғары дәрежеде өтті. Сән-салтанатына, жалдаған адамдары мен шақырған әншілеріне, дастархан мәзіріне қарап, кемінде 10-15 миллион теңге шығындаған болар деп шамаладым.

 

Несін жасырайын, ондай тойларды көргенде бір жағынан қызығып, екінші жағынан ойланып та қаласың ғой. Тойдың сән-салтанаты қызықтырды, сондай-ақ әр алуан жұрттың киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, бір-біріне қарым-қатынасы ойландырды.

 

Тойға барған жұрт та бір-бірінен қалыспайды, өз деңгей-дәрежесін көрсетіп-ақ жүр. «Бөрі арығын білдірмес» дегендей, іштерінде кредитке болса да киініп, тойға сай тойана апарып, «сыр білдірмей» жүргендері де бар шығар, кім білген...

 

Мұны ауылдағы, Шымкенттегі жайларға қарап айтып отырмын. Намысқа тырысып, «қатардан қалмау» үшін қарызға батпандап кіріп жатқандар да жоқ емес қой арамызда.

 

Жұрттың осы даңғаза тойшылдығы көп ойландырды. Әрине, тойдың болғаны жақсы ғой, бірақ қалыптасып кеткен әдетпен кей жағдайда жөнсіз шығынға батып жатқандар қаншама десеңізші! Одан байдың мұрты қисая қоймас, ал кедейдің ше?..

 

Ертеңіне елге қажет заттар ала кету үшін базар араладық. Әр тұстағы пайда болған кептелістерден тиісті жеріңе жетудің өзі бір азап екен. Ал базарларда...

 

Біз «Кенжехан» және «Өжет» базарларына ғана барып үлгердік. Ондағы құжынаған халықты, олардың тұрмыс-тіршілік әрекеттерін көріп, кешегіден бетер терең ойға баттым. Тіпті көңілім құлазып, қайдағы бір үрейлі ойлар мазамды алды.

 

Базарда сатушы қырғыз ағайындардан бөлек, қытайлар мен дүнгендерді көрдік. Айыр қалпақ киген ағайынның көбі заттарын көтере бағасына ғана саудалайды екен. Мектепке баратын баласына зат алғысы келіп, бағасын сұрағандарға: «Оптом!» – деп бір-ақ қайырып, жеке сатылмайтынын білдіреді. Осындай әр нәрсенің бағасын сұрап, бала жетектеп жүрген көп аналарды көрдік.

 

Ал қытай, дүнгендерің сұмдық пысық, епті, жылдам болады екен. Ішінде бірен-саран орысша білетіндері болмаса, басқасымен ымдап саудалаласың. Керегіңді әп-сәтте есептеп, қанша қажет десең, соншасын зымырай жүгіріп жүріп жеткізеді.

 

Түскі уақыттың шамасында «жүрек жалғап» алу үшін бір асханаға кірдік. Онда Дүнген отбасы қызмет көрсетеді екен. Бірі тамақ әзірлеп, енді бірі жұрттан тапсырыс алып, үстел тазалап, төрт адамның өздері-ақ бірі кіріп, бірі шығып жатқан қыруар жанға қызмет көрсетіп үлгеруде. «Не қалайсыз?», «қазір» деген сияқты түсінісуге қажетті бірер сөзді жаттап алған, іштен біреу шақырса, «Қазір!» – дейді де, арада көп өтпей-ақ жанына жетіп барады.

 

Базар ішінен арба айдап жүрген қазақтарды көп көрдік. Бір әжетханаға кірсек, онда қарны шермиген, аяғы ауыр қазақ келіншек еден жуып жүр екен...

 

Қысқасы, базардан керек-жарағымызбен қоса көп ой арқалап шықтым. Неткен тіршілік, неткен әрекет! Көзіме ауылдағылар, қаладағы туыс-таныстар түсті. Барлығы мұндай қарбаластан бейхабар, алаңсыз жүргендей көрініп кетті.

 

Біз осы өзі ештеңе жасап, шығармайтын, тек дайынды ғана алып-сатуға үйренген тұтынушы халық болып бара жатқан жоқпыз ба деп ойладым. Өнім, тауар шығаратындардың өз елін қамтамасыз етіп қана қоймай, шет мемлекет нарығын да жаулап алатыны – бүгінгі күннің шындығы. Соны Алматыдан көріп келдім.

 

Біз неге сондай бола алмай жүрміз? Ойланайықшы, үлкен-кіші ағайын!

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ