Кредиті кешірілмегендер кімге өкпелейді?

17.09.2019
Қаралды: 249

Ел ішінде банкке қарызы барлардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешіру мәселесіне аса көңілі толмайтындар мен мұны жақтамайтындар, тіпті масылдық деп санайтындар да аз емес екен.

 

Мысалы, «Facebook» әлеуметтік желісінде Серік Әбдіжәми есімді азамат былай дейді:

 

«Кредитті жабу жеңілдігін жүргізгенде халыққа жаппай мүмкіндік жасалуы керек қой. ҚР Конституциясының 14-бабында: «1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген арнайы тармақтар бар. Соны ескеретін болсақ, төрт немесе одан көп баласы барлардың несиесі кешіріледі екен де, ал үш баласы барлардың несиесі неге кешірілмейді? Не болмаса Құдай-тағала бала бермесе ол отбасы кінәлі ме? Кредитті ешкім еріккеннен алмайды, бір дүнияуи мұқтаждығы туын­дағаннан алады, демек, жеңілдіктер жаппай халыққа тегіс ұсынылуы керек.

 

Құдай бетін әрі қылсын, егер соғыс бола қалса, төрт баласы бардың да, екі-үш баласы бар отбасының да жағдайына қарамай, барлық азаматтарды түгел әскерге алады ғой. Сондықтан, халыққа көрсетілетін жеңілдіктер де әділ жолмен үйлестірілуі керек».

 

Бұл пікірді қолдағандар да іле-шала өз ойларын ортаға тастапты. Рахат Құрманбай есімді желі қолданушы: «Дұрыс айтасыз, барлық адамдарды тең қылып, несиені де бірдей жабу керек. Мен де жалғызбасты анамын, бір балам бар, ол – студент, сонда да менің кредитім жабылған жоқ. Сонда деймін, мен жалғызбасты, бір балам бол­ғанына кінәлімін бе? Неге бәрін бірдей жаппаған?» – десе, Айжан Әскербек есімді тағы бір ана:  «Дұрыс айтасыз. Мен де жалғызбасты анамын. Бір балам бар, басқа балалы болмай-ақ жағдайымыз жоқ. Жалғыз өзім 50 мың ғана аламын. Еш жетпегендіктен кредитке әбден кіргенмін. Кішкене көмек болса дейміз. Жұрттың жағдайы мықты болса да миллиондап кредитін жауып жатыр. Үкіметке өкпеліміз, тіпті ұлыммен шет ел асып кететін ойымыз бар. Әйелдерді бұлай алаламау керек еді. Тепе-тең заңы жоқ елде 50 мыңға итшілеп өмір сүргенше, шетелге барып жұмыс істеп күн көргеніміз жақсы. 5 жыл жүрсек азаматтық та береді», – деп ашыныпты.

 

Енді біреулер бұл адамдардың мұңын көреалмаушылыққа теңеді. Анар Ясин есімді желі оқырманы: «Бұл не сонда, іштарлық па? Өзгенің қуанышымен ортақтаса да алмайтыныңыз өкінішті! Төлесе, өзге ұлттардың несиесін емес, мұқтаж қазақтардың несиесін төледі. Ойпырмай, не деген іштарлық?! Демек, әркім ниетінен табады. Үш бала тапқан әйел алты-жеті бала да таба алады. Кім қой депті? Тусын. Әр баланың да, адамның да Алла берген өз несібесі болады. Өткенде 21 мың теңге бергенде де көп адамдар осылай көп балалылар адам да, біз адам емеспіз бе деп, басқа да бірталай сөйлеп еді. Қазақта айтады ғой, «Қолдан келсе, қонышынан бас» деп. Ең бірінші барлық нәрсе тек Алланың қалауымен болады. Ол үшін ниетіңізді тазалаңыз. Әр қазақ үшін қуаныңыз. Сонда сізге де Алла береді. Отқа май құйғанша, су құйып үйреніңіз», – деп қарсылық айтыпты.

 

Ал Ақжарқын Орынбасарова болса, мұның іштарлық та, көре алмаушылық та емес, масылдық екенін айтады: «Үкімет бұл ақшаны қайдан алды? Әрине, «пенсионныйдан» болуы керек. Яғни жұмыс істейтін біздің ақшамыз. Жұмыс істейтіндерге «как всегда» ештеңе жоқ, халықты масылдыққа үйретіп жатыр», – дейді.

 

Дегенмен бұл пікірлерге қарсы уәж айтушылар да табылды. Ғалия Болатқызы  деп көрсе­тілген аккаунт иесі: «Жап-жас студент қыздың 200 мың кредитін жауып берген. Тұрмысқа шықпаған, баласы жоқ, әлеуметтік көмек алмайды, мүгедек емес, үйінде де қамқорлығында мүгедек адам жоқ, кредиті «просрочкада» емес екен, ата-анасы бар, шүкір. Көре алмағандық емес, салыстырмалы түрде, көргенімді айтып отырмын. Сонда біздердікін неге жаппайды? 2-3 балалы, жағдайы төмен отбасылардың кредитін «коллекторскийге» өтіп кеткен деп жаппай жатыр. Неге?

 

Бір тиын да кредиті жоқ көршімнің «счётына» 300  мың теңге түсіпті. Берсін, дұрыс қой. Дегенмен барлық кредиті барлардан неге шегермейді бірдей қылып? Әділдік жоқ жер бетінде», – деген ойын айтыпты.

 

Несие көлемі тиісті мөлшерден асып, банкке клиент болып тұрған жандар да Серік Әбдіжәмидің әу бастағы ойын қостап отыр. Солардың бірі Динара Сарыбаева есімді келіншек: «Иә, менің де Алла берген 5 перзентім бар. Бір ұлым мүгедек, күйеуім жұмыссыз, табылған жұмысты істейді. Алайда отбасымды асырап, жағдайымды түзету мақсатында бірнеше банктен кредит алғанмын, сомасы 3 миллионнан асады екен. Ал жарлықта 3 миллионға дейінгі берешектер өтеледі дегенмен тізімге ілінбегенмін. Ай сайын амалдап төлеп жүрмін. Мен де кредитімнің бір бөлшегінің шегерілгенін қалаймын», – дейді.

 

Тізімге ілінбей қалғандардың тағы бірі бұл тапсырманың кемшіліксіз орындалатынына мүлде сенбейтінін айтады. Желі қолданушысы Ұлжал­ғас Мыржыбаева: «Заң бар, орындалып жатқан жоқ. Жеті балам бар, екеуі кәмелеттік жасқа толған, бесеуі толмаған. Ал енді осы жарлық бо­йынша көпбалалы отбасылардың кредиті жабылады дегеніне сенбеймін. ЦОН-ға барып тек­серттім, тізімде жоқсыз деді. Сенбей, банктерге де барып сұрадым, звондап та сұрадым, тізімде жоқсыз дейді. Не үшін десем, біз білмейміз, жоғарыдан жарлық келген дейді. Кімнен сұрап, кімге шағымдануды білмей отырмын», – деп жазыпты.

 

...Бүгінде әлеуметтік желіде осындай да  әңгіме жүріп жатыр. Жұрт бұл мәселеде де екіге бөлініп, бірін-бірі онша жақтырыңқырамай жүр. Мұның арты не болар екен?

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ