Түркістандағы жарылыс жұртты ойландыруы тиіс

16.09.2019
Қаралды: 98

Кешегі аптада Түркістанда сыйымдылығы 3 тонналық автоцистерна жарылды. Соның салдарынан жақын жердегі «Рояль Гранд Отель» қонақ үйіне елеулі зақым келді.

 

Аталған оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шекті, біразы ауруханаға жеткізілді. Сонымен қоса  өртті сөндіру барысында үш қызметкер жеңіл жарақаттар алып, дәрігер көмегіне жүгінді.

 

Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ ондай жағдай болуы мүмкін еді. Жақын арада өзге де көліктер тұрып, от тигенде олардың да жарылуы әбден мүмкін еді.

 

Жолдың арғы бетінде жанар-жағармай бекетінің тұрғаны да ойландырады.

 

Әрине, тиісті тексерулер жүргізіліп, кінәлілер анықталар, зардап шеккендер сауығып, келтірілген шығын өтелер. Бірақ көңіл күпті. Еске осы соңғы кездері ғана газ жарылып, өрт болған, адам өліміне соқтырған оқиғалар түседі. Сондай қатерлі жайлар қайталанбаса екен дейсің.

 

Өйткені бізде көп жанар-жағармай бекеттері жолға жақын орналасқан. «Заправка» жасап жатқан көлік ішінде кейде жүргізушімен қатар жолаушыларда отырады. Сондай кездері оқыстан өрт шығып, жарылыс орын алса не болар еді?

 

Осы орайда Өзбекстанға жиірек қатынайтын бір танысымыз былай дейді: «Өзбекстанда жанар-жағармай бекеттері жолдан барынша алысырақ, кеңірек етіп салынған. Көлік келіп тұрмас бұрын арнайы белгіленген жерге тоқтап, ішіндегі жолаушыларын түсіріп кетеді. Жолаушыларға арнап қойылған орындықтар бар, олар сонда отырып күтеді, көлікке «заправка» жасап шыққасын барып мінеді. Мұндайды көп жерден байқауға болады», – дейді ол.

 

Бұл кімді де болса ойландыратын жағдай ғой. Басшылар мұны назарда ұстаса, ал жолаушы, жүргіншілер «АЗС» маңынан өтерде жан-жағына қарап, мұқият болғаны дұрыс-ау.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ