Қой аласың, бірақ қора салмайсың дегені қалай?

16.09.2019
Қаралды: 199

Өткенде атаулы әлеуметтік көмекті (21 мың теңге) алғанмын. «Алған нәрсеңді тексереміз. Тек мал аласың, одан басқа ештеңе алмайсың. Кәсіппен айналысасың», – деген соң Сайрамдағы құдағиым кәсіпкер болсам, болайын деп ешкі алыпты.

 

Құдағиыма бәсекелес болмайын деп 7 қой сатып ал­ғанмын. «Сырға салып, өзің бірге суретке түсіп, бізге өткізесің» деген соң қойлардың ортасына тұрып, әдемілеп селфи жасадық. Сол суретті апарып тапсырдым.

 

Осыдан он күн бұрын шотыма екінші айлық келіп түсті. Қыс келмей тұрып қорасын салып, қатырып қояйын дегенмін ғой. Құрылыс материалын алып, іргетасын құйып, оны да суретке түсірдім де, «райсобеске» тарттым. Барсам, онда біздің ауылдық округке қарайтын өкіл Мұсырманқұл деген кісі отыр. Қызық диалог жүрді арамызда.

 

Қойнымнан суретті шығарып:

– Мінеки, – десем:

– Бұл не? – дейді таңқалып.

– Қойдың қорасы ғой.

– Бұны не істеймін?

– Қайдан білейін? Тіркеп қоятын шығарсыз құжатқа.

 

– Бұл жарамайды. Қой ма, сиыр ма, бірнәрсенің суретін алып кел. Кәсіппен айналыссай, ерундамен айналыспай, – дейді.

 

«Оу, аға, кәсіппен айналыспағанда енді не істеп жатырмын? Қой алдым. Енді қора салмаймын ба? Оларға да жай керек шығар», – десем: «Саған ақшаны малқора сал деп  бермедік. Қойды үйіңе кіргізіп аласың ба, тон кигізіп қоясың ба – ол менің шаруам емес! Тек малдың суретін әкел!» – деп зіркілдеп берді.

 

Ашуым келе бастады. «Не деп тұрсыз, көке?! Министр олай демеп еді. «Жылқы ал, сиыр ал, бірақ малға қора салма» демеген шығар? Айтпайсыз ба өткенде солай?» – десем: «Басымды ауыртпа! Шаршап тұрмын. Шық!» – дейді.

 

Қырсығып қалдым. «Ауырсаңыз, «скорый» шақырыңыз. Шаршасаңыз, демалыс алыңыз. Сіз қазір қызметтесіз. Осыған айлық алып, нанын жеп отырсыз. Этика сақтаңыз. Маған айқайлайтындай мен сіздің қарамағыңызда істемеймін. Онда қаулыны көрсетіңіз. Немесе «собестің» солай жазған ішкі қағидаларын көрсетіңіз. Мен сосын кетейін», – десем: «Бар, бар енді! Расымен басым ауырып тұр», – дейді.

 

Қой, құрысын. Жанын қинамайын. Ауырса, ауырып тұрған шығар? Жазылған соң келермін дедім де, шығып кеттім.

 

Енді сұрақ сіздерге. «Книга жалоб» деген болушы еді. Ондай нәрсе қоймайтын болған ба қазір? Сіздерге де атаулы әлеуметтік көмекке берілген ақшаға тек мал аласыңдар деп айта ма?

 

«Алматыда жаңа жол салып, соңынан бордюр қоямыз деп, қайта бұзады» дегенде күлуші едім. Мүмкін емес, неге олай істейді деп. «Қой аласың, бірақ қора салмайсың» дегенде ғана барып түсіндім. Малы қыста үсіп өлсін, дамып кетпесін дейді-ау, шамасы.

 

Мынау ғой кәсіпкерсымақтың салмақшы болған сарайы.

 

Мұхит ТАСТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ