ЖСДП-да не болып жатыр?

16.09.2019
Қаралды: 119

Жалпыұлттық социал-демократиялық «Ақиқат» партиясының XV съезі болып өтті. Жиында делегаттардың бір бөлігі партия төрағалығына биылғы сәуір айын­да ғана сайланған белгілі журналист, «Дат» газеттер жобасының жетекшісі Ермұрат Бапиге сенімсіздік білдірді.

 

Осының нәтижесінде Е. Бапи төраға қызметінен шеттетіліп қана қоймай, партия қатарынан да шығарылатын болып шешілді.

 

Бұған Е. Бапидің көктемде бір топ адамдармен бірге Парижге барғаны, шет елде бас сауғалап жүрген саясаткерлермен кездесуге қатысқаны себеп болып отыр. «Оның бұл әрекеті партиямен келісілмеген, ол партияны қиын жағдайда қалдырды», – деген пікір айтылды.

 

Съезде Е. Бапиді жазғырушылар да, оны қорғауға тырысқандар да болды. Ал Бапидің өзі көпшіліктің ауанын аңғарған соң қызметінен дауласпай-ақ кететінін мәлімдеді. Осы жерде жиынды жүргізуші оған бірнеше мәрте ескерту жасады. Ақырында Бапи жиын аяқталмай жатып кетіп қалды.

 

Е. Бапи кейін журналистерге берген сұхбатында өзін айыптаған «белгісіз адамдарды партия қатарына тартпақ болды» деген сияқты пікірлерді ойдан шығарылған деп санайтынын білдірді. «Президент сайлауы кезінде және одан кейін белсенділігімен таныла бастаған жастардың «Оян, Қазақстан!», «Республика» сияқты ұйымдары мен сайлауда ерекше белсенділік көрсеткен бақылаушыларды партияға жақындатуды көздедім. Олар белгісіз адамдар емес», – деді ол. 

 

Е. Бапи партияны жаңғыртып, күшейту мақсатында съезде төрағалық қызметтен босатуды сұрамақ болғанын, орнына журналист Жанболат Мамайды ұсынбақ болғанын айтты. Сондай-ақ орын алған оқиғаға орай біраз нәрселерді анықтап, сотқа жүгінулері мүмкін екенін де жеткізді.

 

Естеріңізге сала кетейік, ЖСДП биылғы наурыздағы кезектен тыс өткен Президент сайлауына қатыспай, оған бойкот жариялаған болатын. Партияны нығайтып, алдағы болатын Парламент сайлауына мықтап дайындалып барамыз деген еді. Ал бүгінде партия қатарында мынадай жайлар орын алып жатыр.

 

Осы орайда биылғы сәуір айында ЖСДП жетекшілігінен өз еркімен кеткен Жармахан Тұяқбай орын алған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді. Ол болған істі партияның жаңаруын, нығаюын қаламайтын әлдекімдердің адамгершілікке жат, жымысқы әрекетіне теңеді. Ол партияның облыстардағы бөлімшелерін партия жарғысын сақтауға, Е. Бапидің өкілеттігін қалпына келтіруге шақырды.

 

Жұртшылық арасында елдегі жалғыз оппозициялық партия қатарында жік туындауына алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар. «Парламент сайлауы жақындап қалды, ЖСДП-ны соның қарсаңында әлсірету үшін жасалған әрекет бұл» дейді біреулер. Сондай-ақ бұл партияға әу бастан-ақ сенімсіздік танытып жүргендер тарапынан да жайсыз пікірлер айтылмай қалған жоқ. Яғни ЖСДП-ны «билікпен келісіп, елдегі демократияның, ашықтықтың, партия­лар арасындағы адал бәсекелестің «көрінісін» жасауға қызмет етеді» деп кінәлайтындар да баршылық екені белгілі.

 

Ал аталған съезде «Ақиқат» ЖСДП төрағасы болып партияның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиал жетекшісі Асхат Рақымжанов сайланды.

 

...Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы құрылып, 2007 жылы тіркелген. 2015, 2019 жылдардағы Президент сайлауына бойкот жария­лаған. 2016 жылғы Парламент сайлауына қатысып, Мәжіліске өте алмай қалған болатын.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ