Баж етіп беттен алатындар бар

13.09.2019
Қаралды: 153

Бірде ауруханаға барғанмын. Дәрігердің алдында кезек тым көп екен. Кезегімді күтіп отырған болатынмын. Бір дәу орыс әйел регистратураға келіп: «Ты перепутала. В место кардиолога ты мне к хирургу дал. Давай, номерок поменяй», – деді. Анау қыз қазақшалап: «Кардиолог жоқ, сол кабинетке бара беріңіз!» – деп ашуланды. Анау орыс оны түсінбеді.

 

Мен бұл жерде тіл мәселесін емес, адами қатынас жөнінде айтқым келіп отыр.  Әлгі әйел ауырып тұр, кезекке тұруға шамасы келмейді, тіл түсінбейді. Ол әйелдің жағдайы маған таныс. «Номерок» алып аласың да, айтқан кабинетті іздейсің. Таппаған соң сол жердегілерден сұрайсың. Олар сол мекеменің нанын жеп отырмын демейді, «Я вам не справочное бюро!» – дейді. Баж ете қалғанда «ай, қазағым-ай...» дейсің. Бұл мәдениетсіздік пе, менмендік пе, білмеймін.

 

Одан қалса, жұмысыңды бір кабинеттен бітіре қоймайды. «Анаған бар», «мынаған бар» деп жүгіртіп жібергенде таңертеңнен кешке дейін сілең қатып, үйге әзер жетесің. Себебі бір реттілік жоқ. Қайда барсаң да кезекке тап боласың. Сондай кезде «қаланың адамдарын мына күні қабылдайды», «ауылдың адамдарын мына күні қабылдайды» деген кесте болса деп ойлаймын.

 

Жалпы, қай мекемеге барсаң да сол. Тығылысқан адам, ешкім ешкімге қарамайды, кезек дегенді білмейді, өліп кетуге бар. Қайда қарасаң да қарақұрым көпшілік. «Я вам не справочное бюро!» – деп баж ете қалу да осындайдан шығатын болар.

 

Тағы бір айтқым келетін мәселе, қазір ақша салатын терминалдар аз емес. Кассалар да бар. Қолыңдағы қаражатты бір жаққа аудару керек болып кассаға барсаң, терминалға барыңыз деп қабылдамайды. «Терминалға сала алмайтын едім, қабылдай салыңызшы!» – деп шыр-пырың шықса да ондағылар міз бақпайды. Амалсыз терминалға келсең, ол да қырсыққанда салған ақшаңды кері атып жібереді. Терминалдың тілін білмей асып-сасып жүргенде есеп-шотты қате теріп қоямын ба деп жаныңдағы біреуден көмек сұрайсың. Ол адам ақшаны өзіне салып алды ма, басқа біреуге жіберді ме, оны да білмейсің. Сол үшін де терминалды қолдануды білмейтін адамдарға касса дұрыс деп ойлаймын.

 

Айтпағым – халыққа қызметтің ыңғайлысын жасаса дейміз. Әйтпесе біреуді мақтап, біреуді жамандау мақсатыма кірмейді.

 

Әлеукеш ОҢАЛБЕКОВА.

Қазыбек би ауылы.

Жетісай ауданы.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ