Қазақстандағы балалар құқын қорғау жөніндегі өкіл Аружан Сайынның таяуда 65 миллион теңгеден астам бюджет қаржысына өткізілмек болған халықаралық конференциядан бас тартқанын оқып, сүйсініп қалдым. Ондай жиын елімізде алдағы қазан айында өткізілмек болған екен.
Әрине, бұл конференцияға БҰҰ жанындағы Балалар қоры да (ЮНИСЕФ) қаржы бөледі. Дегенмен Аружан Қазақстаннан жұмсалатын шығынды артық деп тауыпты.
Расында солай екені көрініп тұр. Бас қосып, түрлі мәселелерді талқылау үшін ғана келетін адамдардың бизнес-класқа алған жол билеттеріне, олар тоқтайтын қымбат қонақ үйлерге жұмсалатын қаржыны есептемегеннің өзінде, тек кешкі асқа әр адамға 25 мың теңгеден ақша шығындалады екен. Ал олар – 300 адам. Қысқасы, бұл конференцияның ірілі-ұсақты шараларына Қазақстан жағынан 65 миллион 156 мың теңге қарастырылыпты. Білім және ғылым министрлігінен 42 миллион 846 мың 500 теңге, Сенаттан – 12 миллион 810 мың, Елорданың өзінен 9 миллион 500 мың теңге бөлінетін болған.
Аружан Сайын бұл мемлекеттік органдардан аталған сомадағы қаржыны елдегі балалар мәселелерін шешуге бағыттауды сұранды. «Бұрын өткізілген осындай іс-шараларды, бұл конференцияның тақырыбын және мемлекет қазынасынан бөлінетін шығын мөлшерін есептей келе мұндай қаржы жұмсауды орынсыз деп есептеймін», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның орнында басқа біреу болса, осылай ете алар ма еді?
Еліміз бұған дейін имидж, мақтаныш үшін түк те пайдасы жоқ осындай қаншама іс-шараларды өткізіп келді десеңізші! Сондай істерге босқа шашылған қаржыны кезінде әлеуметтік салаларға бағыттап отырғанда халықтың наразылығы қазіргідей ушығып кетпес пе еді деп те ойлайсың.
Қолында құзіреті, мүмкіндігі бар әрбір азамат мемлекет қаржысына Аружандай жанашырлықпен қарай білсе ғой!
Ж. ЕЛІБАЙ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!