Әліп атаның әңгімелері

13.09.2019
Қаралды: 235

«Замананың» биылғы 23-ші нөмірінде «Ақбөкенді «Құдайдың малы» дейді» деген  мақала жарияланғаны белгілі. Онда «Құралайдың салқыны» атты құбылыс жөнінде қызықты деректер айтылған болатын. Бұл жайында бізге Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығы – Шолаққор­ған ауылында тұратын 82 жастағы Әліп Кәренұлы ақсақал (суретте) айтып берген еді. Таяуда бізге Әліп қариямен тағы да әңгімелесудің сәті түсті. Бұл жолы біз ол кісіден Созақ ауданындағы кейбір жер-су аттары жөнінде сұрадық.

 

Келіншектау маңындағы «Малайұшқанның» мәнісі

 

Бір шеті сонау Бетпақдаламен ұштасып жатқан Қаратау жотасында «Келіншектау» деген тау бар. Ол туралы айтылатын аңызды бала кезімізден естіп өскенбіз.

 

«Бір бай қызын ұзатқанда оның жасауына не керектің бәрін қосыпты. Қыз жасауы 60 түйеге жүк болыпты. Киім-кешектері алтын жалатылған жіптен тігілген, киіз үйдің шаңырағы – алтыннан, уықтары күмістен жасалынған екен...» – деп басталады ол аңыз.

 

Бай сонда перзентіне бата бергелі тұрып: «Қызым, осыған ризасың ба?» – деп сұрапты деседі. Сонда қыздың көзі итінің итаяғына түсіп кетіпті, ол ағаштан жасалған екен. «Бәрі керемет, әке, тек итімнің итаяғы да алтыннан болғанда ғой...» – деп қалыпты ол. Соншалықты сән-салтанатпен шығарып салып тұрған әке бұл сөзді ауыр алып қалыпты да: «Ай, өзің бір тасжүрек екенсің ғой! Тас болып қал!» – депті ренішпен. Сол кезде қыз да, түйелерге артылған дүние-мүлік те тас болып қатып қалыпты дейді. Содан бері қалыңдыққа ерген керуен сияқты өркештенген сол жоталар «Келіншектау» деген ат иеленіпті.

 

Осы Келіншектауға таяу маңда «Малайұшқан» деген құз бар. Көнекөз қариялар болмаса, оның бұлай аталуына не себеп болғанын көп адам біле бермейді. Біз Әліп ақсақалдан осы жөнінде сұраған едік.

 

«Бұл да бір қызық әңгіме, – деді Әліп қария. – Ілгеріде Уанас деген бай болыпты. Оның Кескентерек деген баласы жастайынан аңқұмар, саятшылықты жақсы көреді екен. Сол бір бүркітті ұстап алып, асырапты. Бүркіт кейін өте алғыр құс болыпты.

 

Бірде Кескентерек аңға шықпаққа дайындалады. Сонда Уанас бай баласына: «Қарағым, бүгін аңға шықпай-ақ қойсаң қайтеді?» – дейді. Бірақ баласы әкесінің сөзін құлағына ілгісі келмейді. «Балам, тыңдамадың ғой, жарайды. Бірақ мынаны ұмытпашы: қыраныңды саяқ жүрген аңға салғайсың. Өйткені бүркітің ызалы. Кеше мұның ұяласы келді, аспанда айналып ұшып жүрді де қойды. Бұл да талпынып, ұшпақ болды. Ұяласының шаңқылын естіп, оған жете алмай аласұрды. Бүркітің ашулы, абайла, өзіңе қатер төндіріп жүрмесін», – дейді әкесі. «Мақұл», – дей салған Кескентерек аң аулауға асыға жөнеліп кетеді.

 

Бірақ Кескентерек аң аулаудың қызығымен жүріп әкесінің ескертуін ұмытып кетіпті. Бір жерлерге келгенде ол бүркітін топ ақбөкенге салады. Ашулы қыран болса, оларды соққысы мықты аяқтарымен шүйліге теуіп, бірінен кейін бірін жайратыпты да, көк жүзіне самғай көтеріліпті. Сосын ол өзінің иесі тұрған тұсқа қарай құлдилай құлайды. «Мынау қайтеді-ей?!» – деп сескенген Кескентеректің есіне әкесінің айтқан сөздері түсе кетеді. Жалма-жан секіріп түсіп, атының бауырына тығылып үлгерген екен, ашулы қыран келіп аяғымен серпе ұрғанда жануардың белі үзіліп кетіп, иесі аттың астында қалады.

 

Ал баласына қатер төнгенін ғайыптан сезіп, тез арада жолға шыққан Уанас бай оқиға орнына келіп жеткенде бүркіт Кескентеректің кеудесін жарып, өкпесін алып жеп отыр екен. Қайғыдан қан жылап, ашу қыс­қан бай бүркітті ұстап, саусақтарын шауып тастапты да, жайына қоя беріпті.

 

Сол бүркіт өзінің тұқыл тұяқтарымен-ақ аң аулап кү­нелтіпті. Кейін тау шыңына ұялапты, балапан өргізіпті.

 

Осы төңіректегі ауылда Малай есімді аңға құмар жігіт болған екен. Сол бір күні беліне арқан байлап, әлгі құзға шығады. Ондағы ұядан балапандардың біреуін алып кетпекке дайындалады. Бірақ намаздың уақыты кіріп қалғаны есіне түсіп, намазды осында оқып алайын деп беліндегі арқанды шешіпті. Тура осы сәтте баяғы тырнағы шабылған бүркіт те келіп қалған екен. Балапандарын қызғанып, қанаттарымен соққылап айбат шеккен сәтте одан жас­қанған Малай қапыда қия жартастан құлап кетіпті. Кейін артынан іздеп шыққан адамдар оның  өлі денесін тауып, сол өзі жатқан маңайға жерлеген екен. Ол жердің «Малайұшқан» деп аталуының сыры осы. Мұны маған бала кезімде әкем айтып берген болатын».

 

«Уанастың тақыры», «Бөрітескен», «Палуантас»

 

Әліп қария осылай деп бір тоқтады. Сосын әңгімесін былай деп жалғады:

 

«Бетпақтың ішінде «Уанастың тақыры» деп аталатын жер бар. Тақыр деп мидай даланың  әр тұсындағы көктемде су тоқтайтын жерлерді атайды. Басқа жерге жеткен су сіңіп кетер болса, тақырға ол сіңбей, өзенше, көлшік болып жатады, жазда тартылып кетеді. Ілгеріде көшіп-қонған ауылдар осындай тақырларға жеткенде бір тоқтап, етек-жеңін жинайтын болған.

 

Әлгі Уанас байдың отырған жері болғандықтан ол аумақ «Уанастың тақыры» атанып кеткен. Бұрынғы совхоздың уа­қытында ауданның жайлау-қыстауға көшетін мың­­ғырған малы да осындай тақырларға тоқталып өтуші еді.

 

Осы маңайларда «Бөрітескен» деген құдық болатын. Оның тарихы былай деп айтылады: Әлгі Уанас байдың түйелері өте көп болған екен. Санаса, санына жете алмайды. Ұзындығы едәуір жерді алып жатқан тақырға келіп қатарласа су ішкенде арасында түйе сиярдай қуыс қалса: «Е, мына жерде бір түйе жоқ екен», – деп, малын солай санайтын көрінеді.

 

Уанастың кемпірі қара күш иесі, мығым денелі кісі болыпты. Түйелерін қайырғанда ана шетіне жете алмай, «Қайт-әй!» деп тас лақтырады екен. Әлгі аумақта анау-мынау жігіттер көтере алмайтын «Палуантас» деген ауқымды тас бар дейді, соны Уанастың кемпірі түйені қайыру үшін лақтырған екен деп айтылады.

 

Міне, сол кемпір бір күні түйе қайыруға шықса, тақырда қасқыр жерді иіскелеп қойып, қазып жатыр дейді. Ай­қайлап, тас лақтырғасын ол жылыстап, ұзап кетіпті. Бұл не болды екен деп барған кейуана әлгі қасқырдың қазған тұсын таяғымен шұқылап көрсе, сол жерден атылып су шығыпты. Кейін ол шағын бұлаққа, сосын суы сол төңіректе ағып жатқан шағын өзенге айналыпты. Бертінде сол жерден құдық қазылып, ол «Бөрітескен» деп аталып кетіпті».

 

«Қыземшек», «Қотантас»

 

Әліп қарияның мына әңгімесі бізді қызықтыра түсті. Ертегіге ынтыққан баладай құмартып, тағы да біраз нәрсе білгіміз келіп барады. «Ол адамдар  Созақ өңірінде қай замандарда өмір сүрген сонда?  Ел ішінде ұрпақтары жоқ па екен? Ол жөнінде естіген-білгендеріңіз болса айтыңызшы», – деп қолқа салдық.

 

«Қай замандарда болғанын кім білген... – деді Әліп ақсақал. – Ел ішінде айтылатын әңгімелерге қарағанда, Уанас байдың бір ұл, бір қызы болған  деседі. Әлгі өз бүркіті мерт қылған Кескентерек өлгесін жесірі атасына бір жас қыз әперіп, содан туған бала өскесін соған өзі тиген, екеуінен өрген ұрпақ бар деп айтылады. Біздің бала кезімізде қариялар оларды Жезқазған жақта екен деп айтып отыратын.

 

Ал Уанас байдың қызы – Кескентеректің қарындасы байдың есігінде жүрген құлмен көңіл қосып, екеуі қашып кетіпті. Намыстан жарылардай болған бай оларды қайдан болса да тауып, өлтіруді бұйырады. Сонда қуғыншылар оларды Суындық асуы тұсында қуып жетіпті деседі. Қыз бен құл асуды жауып тастамаққа әрекеттеніп, әр жерден тасып, тас үйген екен. Бірақ үлгере алмапты.

 

Қуғыншылар көп ұзамай оларды қуып жетіп, ұстап алады. Сол жердегі тақта тасқа апарып, екеуін де бауыздап тастапты. Жартаста алқызыл және қарақошқыл түсті, қан аққанға ұқсайтын жерлер бар. Оның біріншісінде қызды, екіншісінде  құлды бауыздаған деседі».

 

Әліп қария әңгімені осылай аяқтамаққа ыңғайлан­ғанда: «Қыземшектің» тарихы осы емес пе? Әрі қарай не болыпты?» – деп сұрадық. «Әрі қарай құлаққа тұрпа­йылау естілетін жағы бар», – деді қария. «Айта беріңіз, біле жүрейік», – дедік. Қазіргі Қыземшек аталатын жер сол қыздың кесіп алып, лақтырылған омырауы түскен аумақ деп айтылатыны есімізге түскен.

 

«Қотантас» деген де бар, оны әлгі жігіттің кесілген мүшесі түскен жер деп айтады. Бірде Қыземшектен өтіп бара жатқанда маған оны ол ана жерде деп біреудің көрсеткені бар еді», – деді қария.

 

...Қысқасы, Әліп ақсақалға суыртпақтап отырып осындай әңгімелер айтқыздық. Ол кісі мұны газетке жазғанымыз үшін ренжи қоймас деген ойдамыз. Аңыз ба, ақиқат па, қалай болғанда да қария бұл әңгімені өз ойынан құрас­тырған жоқ қой. Ел ішінде ежелден айтылып келе жатқан әңгімелер. Біздің де оны осылайша бір жаңғыртып қойғанымыз әбестік болмас дедік.

 

Қазақ халқының ұшқыр қиялынан туындаған мұндай өшпес дүниелер ел ішінде көп қой. Олардың кейбірінің атадан балаға мұра болып, ел жадында ұзақ сақталуына жер-су аттары да өзіндік үлесін қосып тұр. Ал осындай әңгімелерді айтып беретін қарияларымызға алғысты қалай айтсақ та артықтық етпесі анық.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ