Елінің ертеңін ойлаған Президент

13.09.2019
Қаралды: 173

Еліне жан-тәнімен қызмет еткен басшылардың бейнесі халық жадынан ешқашан өшпейді. Сондай жандардың бірі – Томас Санкара.

 

1983-1987 жылдар аралығында Буркина-Фасо мемлекетінің Президенті болған бұл азамат туралы ғаламтордан бірнеше бейнежазбалар көрген едік. Соның бірінде мынадай жайлар жөнінде айтылады:

 

Томас Санкара төңкерісшіл марксистік көзқараста болған, оны жұрт «Африканың Че Геварасы» деп атаған. (Че Гевара – қастандықпен өлтірілген Куба революционері). Санкара билік басына келе салысымен дамымай, мешеу қалған елді өркендетуге шұғыл кіріскен. Жұртқа үнемі жеке үлгісін көрсетіп жүрген. Сол кезде Президенттің айлық жалақысы 2000 доллар болған, ал Санкара одан бас тартып, жетімдер қорына өткізген. Өзі капитан шеніндегі офицерге берілетін 450 доллар жалақыны қанағат еткен.

 

Т. Санкара Президент тағына отыра салысымен барлық мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шоттарын жария еткізген. «Өзіне мұндай жағдай жасатуға мүмкіндігі жоқтардан ұят» деп өзінің кабинетінде кондиционер орнатуға тыйым салған. «Бұл елде мен сияқты 7 миллион адам бар» деп көпшілік орындар мен кеңселерге өзінің портреттерін ілуге де рұқсат етпеген. Үкімет гаражында толып тұратын «Мерседестерді» сатқызып, министрлерді сол кездері елдегі ең арзан «Рено 5» көліктеріне отырғыз­ған. Шенеуніктердің айлық жалақыларын қысқартқан, оларға жеке жүргізуші қызметін және бірінші класты авиабилеттерді пайдалануға тыйым салған. Оларды Батыстың қымбат костюмдерін емес, жергілікті жұрттың қолынан шыққан, мақтадан жасалған туникалар киіп жүруге міндеттеген. Шенеуніктер жаңа жыл басында бір айлық жалақыларын әлеуметтік қорға аударуға тиіс болған.

 

Санкара бірде Үкімет мүшелерінің тең жартысын қысқартып, «сол жерде  көбірек пайдасы тиеді» деп оларды ұжымдық фермаларға жұмыс істеуге жіберген.

 

Оның билікке келгеніне үш жыл бол­ғанда Әлемдік банк Буркина-Фасо­ның коррупцияны толықтай жеңгенін мә­лім­деген.

 

Санкара елдегі ашаршылық зардаптарын жоюды, білім беру мен денсаулық сақтауды, эпидемиямен, коррупциямен күресті, Сахарадан желмен көшкен құмның жолына ағаштар егу арқылы тосқауыл қоюды басты мақсаттар ретінде көрсеткен. Елді ол бас­қарған жылдары қолжетімді баспаналар салынған, ұсақ арендаторлардың қарызы кешірілген, адам басына алынып келген салық жойылған, елдің қолданысындағы 9 тіл бойынша сауат ашу бағдарламалары жолға қойыл­ған. Жергілікті аумақ халқын мазалайтын көптеген жұқпалы ауруларға қарсы күрес бағдарламалары іске қосылған. Денсаулық саласын жақсарту үшін бол­ған күресте кубалық еріктілердің көмегімен Буркина-Фасо мен оған шекаралас аумақтарда 2,5 миллион балаға тегін екпелер жасалған. Соның арқасында осыған дейін әр 1000 балаға 280-нен болып келген өлім көрсеткіші 1000-ға 145-ке дейін төмендеген. Елде 10 миллионнан аса ағаш егілген. Соның нәтижесінде құмның оңтүстікке қарай жылжуы тоқтатыл­ған.

 

Санкараның билігі кезінде осы уақытқа дейін халықты қанап келген тайпа көсемдерінің меншігі тәркіленген, шаруалардың оларға төлейтін міндетті салықтары жойылған. Аграрлық реформа кезінде олардың жерлері алынып, шаруаларға бөліп берілген. Соның нәтижесінде бұрын гектарына 1700 килодан алынып келген өнім мөлшері артып, ол 3800 килоға дейін жеткен.

 

Оның билігі кезінде ескірген тайпалық басқару құрылымының орнына Революцияны қорғау ұйымдары келген. Шаруалар өздерін қорғайтын қаруға қол жеткізген. Әскери төңке­рістер нәтижесінде бар билікті иемденген бұрынғы әскерилердің орнына халық жасақшылары орнығып, солардың билігі орнаған. Офицерлерге тауарлар арзан бағаға бері­ле­тін әскери дүкеннің орнына алғашқы мем­лекеттік супермаркет салынған, оның қызметін ел азаматтарының бар­лығы да пайдалана алатын болған.

 

Санкара революция жеңістерін әйел теңдігінен бөлек қарау мүмкін емес деп үнемі айтып жүрген, ол әйелдерге бұған дейін олардың түсіне де кірмеген көптеген құқықтар алып берген, көптеген әйелдер үкімет қатарынан орын алған. Санкара әйелдерді әскер қатарында қызмет етуге де ынталандырған. Ол ел тарихында тұңғыш рет мотоциклді әйелдер гвардиялық отрядын құрған.

 

Ол артта қалған бұл мешеу елдегі әйелдердің жыныс мүшесін кесу сияқты міндетті әдетті тоқтатқан, мұндай жабайылықтың тамырына түбегейлі балта шапқан. Некедегі теңсіздікті, келісімсіз көп әйел алуды жойған. Революцияың алғашқы жылындағы мерекеде әйелдермен ынтымақтастықты атап өту үшін, олардың бейнетін сезінуі үшін еркектерді түскі ас әзірлеп, базардан қажет заттарды әкелуге міндеттеген.

 

Томас Санкара билікке келген екінші жылы елдің бұған дейін «Жоғарғы Вольта» деп аталып келген атын «Буркина-Фасо» деп өзгерткен. Бұл «Ла­йықты адамдар елі» деген ұғым бе­реді. Елін шынында да лайықты адамдар өмір сүретін мықты мемлекетке айналдыруды аңсаған.

 

...Өкініштісі, осындай жан кезінде өзін билікке алып келген үзеңгі­лес­терінің қолынан қаза тауыпты. Яғни уақыт өте келе бұрынғы серіктерімен арада түсініспеушіліктер туындаған. Оны өзінің алған бетінен қайтарудың жолын таппаған қарсыластары ақыры қастандық жасап өлтіріпті. Томас Санкара 1987 жылғы қазан айында Президент билігіне қарсы болған әскери төңкеріс кезінде қаза тапқан. Сол кезде ол бар-жоғы 38 жаста ғана екен.

 

Томас Санкараның артында өзі Президент болмай тұрғанда сатып алған ескі «Пежо» көлігі мен мұздатқышы істемейтін тоңазытқыш, үш гитара және 4 велосипед қана қалған екен. Басқадай ақшасы, мүлкі болмапты. Есесіне ол тарихқа өшпес есімін жазып кетті, оны жұртшылық өз еліне, жеріне, Отанына адал қызмет етудің ерен үлгісі ретінде санайды.

 

...Ал бүгінде 20 миллионнан аса тұрғыны бар, құрғақшылықтан көп зардап шегетін Буркина-Фасо әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналады. Томас Санкара өлтірілмегенде, өзінің алға қойған мақсаттарын іске асыра ал­ғанда ол бүгінде гүлденген мемлекет­тердің біріне айналар ма еді, кім білген... Өйткені мемлекет басқарған адамдардың әрекетіне көп нәрсе байла­нысты екенін өмір әрқашанда көрсетіп келеді  ғой.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ