Кореяда қазақтар қандай жұмыс істеп жүр?

11.09.2019
Қаралды: 184

Бүгінде шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқан жастарымыз өте көп. Олардың дені Оңтүстік Корея, АҚШ, Польша, Чехия, Түркия  секілді елдерде жүр.

 

Оңтүстік Кореяда алты жылдан бері тұрып келе жатқан Құлпынай есімді қазақ қызының «Youtube» арнасында айтуынша, ол елге баратын шетел азаматтары тек қара жұмыстар істейтін көрінеді және олардың қай-қайсысы болса да ауыр әрі қауіпті екен.

 

«Ең қауіпті және ауыр саналатын жұмыстардың бірі – теңіз кемесіндегі жұмыс. Онда жұмысшының таңдауына қарай таңертеңнен кешке дейін немесе айлап-жылдап жүріп істеуге болады. Мұнда жалақыны жұмыстың күніне қарай немесе көлеміне қарай төлейді. Ай са­йынғы жалақыға жұмыс істегісі келмегендер аулаған балықтың мөлшеріне байланысты ақша алады. Ал балық ұстай алмаймын дегендер айлыққа жұмысқа істейді. Теңізде шетелден келген жұмысшылар өте көп, ал корей азаматтарынан онда капитан, жүргізуші немесе жүргізушінің көмекшісі ғана жүреді. Негізінен теңізде ұзақ жұмыс істеу денсаулыққа өте зиян және өте  ауыр. Мұнда ең аз дегенде 1500 доллардан бастап ақы төлейді.

 

Қазақтардың тағы бір көп баратыны – құрылыс жұмыстары. Жұмыс берушілер таңертең ерте келіп, жиналған адамдарды көлікпен құрылыс басына алып кетеді. Онда жалақы да әртүрлі. Мысалы, жүк таситын адамдар­ға төленетін ақыға қарағанда электр құрылғыларын жөндеу, дәнекерлеу секілді қолынан іс келетін жұмысшылар­ға төленетін жалақы екі есе жоғары болады. Мұнда жалақы күнделікті берілетіндіктен тек шетелдіктер ғана емес, корей азаматтары да жұмысқа келеді.

 

Адамдар кейде жай жұмысшы болып, күніне 100 мың вон тапсам, айына 3000 доллар аламын деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай болмауы да мүмкін. Себебі құрылыс орнының жұмысы ауа райына байланысты. Жаңбырлы күндері құрылыс басында жұмыс тоқтайды», – дейді Құлпынай.

 

Кореяның шетел азаматтарына ұсынатын ендігі бір жұмысы егін басында екен. Ол көктемнен күзге дейін жалғасатын көрінеді. Құлпынай бұл жұмыстың Кореяда 3-6 ай ғана жұмыс істеймін деушілер үшін ыңғайлы екенін айтады.

 

«Таңнан кешке дейін егін басында еңбек ету оңай емес, жұмыс таңғы сағат 5-те басталады. Бұл жерде ерлермен қатар әйелдер де өте көп.

 

Төртіншісі – зауыттағы жұмыс. Бұлардың артықшылығы – тегін жатақханалар мен екі мезгіл тамақ береді. Бұл ақша жинағысы келетіндерге ыңғайлы. Кореяда зауыттың түр-түрі бар. Қыстыгүні көпшілік жаппай зауытқа жұмыс істеуге тұратындықтан бұл мезгілде мұнда бос жұмыс орны болмауы да мүмкін. 

 

Бесіншісі – мотельдердегі жұмыс. Мұнда да жататын жер тегін болғанымен табысы басқа жұмыстарға қарағанда аздау болуы мүмкін», – дейді.

 

Құлпынайдың айтуынша, бұл жаққа аз да болса корей тілін үйреніп келген дұрыс екен. Тіл білген адам 1-2 жылдан кейін өзі қалаған жұмысын таба алатын көрінеді. Сондай-ақ ол мұнда ең алғаш келушілер үшін жалақысын күнделікті төлейтін жұмыс тапқаны дұрыс екенін айтады. Себебі кейде жұмыс берушілер түрлі сылтаулармен жалақыны кешіктіріп келіп, соңында жартысын ғана төлеуі немесе мүлде төлемей қоюы әбден мүмкін екен.

 

... Міне, өзге елдегі өмір осындай екен. Негізі нәпақамызды өз жерімізде тауып, өз ауамызды жұтып жүргенге не жетсін!

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ