Осы заманның алаяғы

11.09.2019
Қаралды: 251

Байқасақ, адам таң қалдыратын алаяқтықтың сан түрі бар екен. Бүгінгі әркім өз басын күйттеген заманда оның түрі де, саны да көбейіп кетті. Сондай адамды алдап соғатын жағдайдың бірі таяуда ғана Ленгір қаласының тұрғыны Ілияс Әбдіханұлының (суретте) басынан өтті. Бұл кісінің оқиғасы ерекше. Еріксіз бас шайқататын тұстары көп. Ілияс мырзамен тілдескенімізде бұл туралы ол кісі былай деп баяндап берді:

 

«Ақмешітті» іздеп жүр екен

 

«Бұл – биылғы тамыз айының 12-сі күні болған оқиға. Ауылым – Төлеби ауданына қарасты Жаңажол деп аталатын елді мекен. Сол жақтан кешкісін үйге қайтып келе жатып, жолда такси тоқтатпақ болып, қол көтеріп тұрған ерлі-за­йыптыларды көлігіме отырғыздым. Көлікке мінгеннен: «Аға, адасып жүр едік. Ақмешіт қай жақта? Киелі дейді ғой. Барсақ деп едік», – деп жағдайын айтқан соң мен: «Ленгірге жеткізіп тастайын, сол жақтан ары қарай өздеріңіз барарсыздар», – дедім де қойдым. Жол-жөнекей Ақмешіт туралы айтып, естері кетіп отырды.

 

«Барсақ, жататын жер бола ма екен, кері қайта аламыз ба, ақшамыз да аз­ғантай еді», – деп әңгіме бастаған олар: «Ақыры жолда жүрсіз ғой, береріміз – 2500 теңге, бізді апарып тастаңызшы, жататын жер болса сонда қалармыз, болмаса осы ақшамызға қайта Ленгірге әкеліп тастасаңыз», – дегенге көшті. Мен де олардың әңгімесіне шын көңілім ауып, «мейлі» деп көне қойдым.

 

Өзін Ғабит деп таныстырған жігіт жол-жөнекей өзінің өмірден көрген тағдыр-тауқыметін айта бастады. «Не істерімізді білмей жүрген жайымыз бар, Құдайдан перзент сұрап, әулие аралап келеміз, «Домалақ анаға» бардық, енді осында келдік», – деп ағынан жарыла бастады.

 

«Ақмешітке» барғасын екеуі сонда қалатын болды. 2-3 күн жататын болған соң жақын жерде дүкен болса көлікпен апарып-әкелуімді сұрады, оған да келістім, сөйтіп дүкеннен азық болатын анау-мынауларын сатып алды. Жататын жерлеріне алып келгеннен кейін таныс болып қалған соң ба, «нан ауыз тиіңіз» деген сөздерін жерге тастай алмадым. Дастархан басында әлгі жігіт Шымкенттегі «Шапағат» мөлтекауданындағы үйлерінде өздерінің екі қыз, бір ұлынан, қайын енесінен бір күнде айырылып қалғандарын айтты. Өздері ол кезде Алматыда жұмыста болған екен. Сол жағдайлардан кейін қайын атасының инсульт алып қалғанын, оның төсек тартып жатқанын, ал келіншегінің жүйкесі сыр бергенін сөз етті. Расында да, әйелінің кей әңгімесінен сәл психикалық ауытқушылық байқалады екен. Одан басқа да көрген тауқыметтерін айтып тауыса алмай отырған соң сөздеріне Құдайдай сендім. Жігіт өз әкесінің де 90-ға келіп қалғанын, шешесі екеуінің Алматыда тұратынын, оларға бір қыздың қарап отырғанын айтып, телефоннан суреттерін де көрсетіп үлгерді. Соңыра: «Осы келіншегімнің жайын ойлап, Құдайдан бір перзент тілеп жүрміз, балалы болсақ әйелімнің жағдайы оңалар деп үміттеніп жүрмін», – деп қойды. Мен де оларға ықыласым ауып, өзімше батамды беріп, берем деген әлгі жолкіресін де алмастан, өздеріне шипа тілеп үйге қайттым».

 

Осылайша Ілияс мырза Ленгірге келгендей болса жолығысармыз деген ниетпен олармен өзара телефон нөмір алмасқандарын да айтады.

 

Ұлдарын алдап түсіріпті

 

Ертеңіне-ақ Ғабиттің өзі жақсы демалып жатқандарын, тауға шығып, суға шомылғанын, керемет әсер алғандарын айтып бір хабарласып қояды.

 

«Үш күннен соң Ғабит Ленгірге келе жатыр едік деп қайта хабарласты. Мен  «үйден тамақ жеп кетіңдер» деп екеуін үйге әкелдім. Көңіл-күйлері көтеріңкі келді. Бізге келгеннен кейін «жақсы молда болса оқытылсақ дейміз, қазақшылыққа ниет етіп жүр едік» деген соң осы төңіректе өзіміз танитын, қобызбен емдейтін бір кісіге алып бардым. Ол екі күн дем салатын болды. Сөйтіп екі күн үйде жатты. Әңгіме барысында олар Ақмешіттегі сол демалған жерлерінде бие сауатын үймен 10 күн қатарынан саумал ішіп тұратын болып келісіп кеткендерін айтып отырған болатын. Ертеңіне олардың Шымкентте жұмыстары шығып, бір жерден ақша алатын болып қалаға қайтты», – дейді Ілияс мырза.

 

Сол әдетімен 19-тамыз күні әлгі жігіт ол кісіге қайта қоңырау шалып, Ақмешітке өтетіндерін, сол үшін Ленгірге келе жатқандарын айтады. Ленгірге келген соң олар сөз арасында «түсу керек ақшамыз уақытынан кешігіп жатыр, түссе осы жақтағы банкоматтардың бірінен ала саламыз ғой деп едік, енді тағы 1-2 күн күтуге тура келіп тұр» деп шарасыздық кейіп танытқан соң Ілияс мырза оларды тағы да үйіне алып келеді. Тіпті ол кісі екеуін саумал ішуге таңертең ерте немесе жұмыстан кейінгі кешкі бір уақытта көлікпен апарып-әкеліп тұрайын деп ұсыныс тастайды. «Үйде жатқан сол бірнеше күнде барымызбен бөлісіп, бір дастарханнан тамақ жедік. Арасында «Ғайып ерен Қырық шілтендегі Шілтер әулиенің басына барайықшы» деген соң оларды сол жаққа апардым. Бар ынты-шынтымызбен оларға тілеулес болдық. Онымен тоқтаған жоқпыз, «тағы да әулиелі жерлер болса барайықшы, бірінен болмаса, бірінен пайда болар» деген соң «Жылаған ата» деп аталатын киелі орын­ға алып бардым. Ол жерде де «әруақ, Құдай» деп бастарын жерге ұрып, еңіреп жүргеннен кейін оларға қалай сенбейсің?

 

Сөйтіп жүргенде Ғабитті Алматыдағы жұмысына шақыра бастады. Осыған дейін сөз арасында ол кезінде өзінің ірі құрылыс компаниясында жұмыс істегенін, ай сайын кем дегенде 700 мың теңге ақша алып тұрғанын айтқан болатын. Сол компанияның өзін жұмысқа қайта шақырып жатқанын әңгіме қылды. Мен де жанашырлық танытып, «барып істесеңші» деп қоямын. Ол болса «Жоқ, біз ағамыз екеуміз автосалон ашып жатырмыз, пәлен миллион ақшаны сол кәсіпке салып қойғанбыз, бір шешімі шықпай тұр, қол қойылса ағам соны жүргізеді, мен соның қол астында жұмыс істейтін боламын, басқа маған не қалды, тағдырым осындай тәлкек болды, бір өзіміз қалдық қой» дейді. Сөйтіп оған одан сайын жанымыз аши түсті», – дейді Ілияс мырза.

 

Әйелі екеуі сол үйде тамыздың 19-нан 25-не дейін жатады. Бұлардың одан кейінгі тірліктері тіпті сорақы. 

 

«Сол аралықта әлгі Ғабит бала-шағамыздың бәрінің басын айналдырып, алдап қойған. «Мен сені жақсы бір жұмыс­қа алып кетемін, әкеңе өзім айтып, түсіндіремін» деп балама бір, «өзімді жұмысқа шақырып жатқан жерге інімді алып барамын деп айтып қойдым, сол жаққа балаңызды жіберемін» деп маған бір айтады. Сөйтсем бұл олардан бөлек-бөлек ақша сұрайды екен. Үлкен ұлыма «Давай, сенің құжатыңды ана жаққа жіберіп, табель жаздыра береміз, екеуміз артынан барамыз, сен маған 35 мың ақша бер, бірақ әке-шешеңе айтпа, ол кісілер бекер уайымдап қалады, кейін Алматыға барған соң екеуміз сол жақтан есептесіп аламыз, ана жақтан өндіртіп, қайтарып беремін» дейді екен.

 

Екінші балама «мен сені бір «объектіге» «сварщик» қылып жұмысқа қосамын, кемінде 250-300 мың айлық алатын боласың, небір «сварочный аппараттар» бар, соларды саған осы бастан алып қоя берейік, сен маған 25 мың берсең болды» деп оны алдайды. Үшінші студент ұлыма «сен енді Шымкентте менің үйімде тұратын боласың, саған да жақсылығымды аямаймын, сендерге ризамын, әкең жақсы адам, саған үйдің кілтін беріп қоямын, сабақтан кейін істейтін жеңіл жұмыс тауып беремін» деп одан да «ешкімге айтпамен» 5-6 мың теңгесін алудың амалын жасаған. Амалын жасап қана қоймаған, ұлдарымның үшеуінен де айтқан ақшасын және қосымша өзіне бірлік салдыртып алған.  Маған келіп «ұлдарыңызға рақмет, ертең біреуін ана жаққа жұмысқа алып кетемін, біреуін мына жаққа жібересіз, тіпті сөйлесіп те қойдым» дейді. Ұлдарым болса «иә, сіз жоқ кезде ол біреулермен телефонмен сөйлесті» деп растайды. Мен де «онда жолдарыңды байламайын, барыңдар» деп қоямын. Содан олар жақсы жұмысқа кіретін, ал қажетті құжаттардың барлығын Ғабиттің өзі жасайтын болды. Сөйтсек бәрі әшейін әңгіме екен ғой», - дейді Ілияс мырза.

 

Өзін де құрыққа түсірмекші болыпты

 

Ғабит Шымкентке қайтқан соң да Ілияс мырзаға тыныштық бермепті. Хал сұрасқан, жанашырлық танытқан жандай түрлі айламен ақша алып қалуды көздеген.

 

«Өзінің айтуынша, Шымкенттегі бір көкесі «бір ініңді жұмысқа алайын» деп бұған қоңырау шалыпты. 700 мыңдап жалақы алып жүрген кезінде ол адамға мұның көмегі тиіпті-мыс. Маған «Тез арада соған жұмысқа жіберетін бір туысыңызды табыңыз, оған 200 мың теңге беру керек, құжаттарын өздері жасайды» деген болатын. Бірақ мен ол кезде оны елемей қойдым. Содан бір күні «ойбай, Леке, 200 мың теңгеге «Газель» шығып тұр, біздің жұмыстағыны «списать» етіпті, арзан көлікті алып қалыңыз, тезірек ақша тауып берейік, өзіңізде болмаса біреулерден сұрастырып көріңіз» деді. «200 мыңға қандай «Газель», суреті бар ма?» деген сауалыма: «Ойбай, бұл менің сізге жасаған жақсылығым болсын, сурет-пурет демей-ақ қойыңыз» деп қаш­қақтады. Содан соң мен де: «Газель» ала салатын 200 мың теңгем жоқ» деп шынымды айттым. Кейіннен «ертерек ақша таппадыңыз ба, «Газельді» ала қаласыз ба деген едім, сізге сеніп едім, бекерге бір көліктен айрылып жатырсыз» деп өзіме ұрысқандай болған соң «Қоя бер, бұйырмаған да, маған «Газель» керек емес» деп қоя салдым. Сол кезде де ештеңені түсінбеппін. «Леке, сонда да 40 мың теңгесін беріп қойсаңызшы, бар ақшаңызды қазір салыңыз, «Га­зельдің» ақшасын біреуден алып төлеп қойып едім, оны Алматыдағы үйге әкеліп қойды, енді сол мен қарызға ақша ал­ған адам бала-шағасына киім-кешек алу керек болып, қарызын сұрап қоймай жатыр, соған 40 мың теңге беріңізші» деген соң, айтқан 40 мыңын салып жібердім.

 

Одан бір күні «тамыздың 29-ына Алматыға кеткелі жатырмын, балаңыз да­йын болсын, өзіммен бірге жұмысқа алып кетемін» деді. «Е, бала дайын ғой» деп ұлымызға бірсыпыра киімдер алдық. «Ойбай, Леке, Ленгірдегі бір бауырым сіз боласыз, досымсыз, серттестік, мен сіз үшін барлығын жасаймын, сіз үшін ұлдарыңызға қызмет істесем, Құдай маған перзент берер» деген сөздерін естіп, кәдімгідей иландық қой.

 

29-тамыз күні олар бізді отбасымызбен үйіне тамаққа шақыратын болып, біз жұмыстан сұранып баратын, олар күтетін болып келістік. Не керек, ол сол күннен бастап, ақырындап ұстатпаудың амалына көшті. Уәде етілген күні «Лен­гірден шыға берейік пе, бала-шағам бара берсін, мен жұмыстан шыға алмай жатсам реніш болмасын, кейін бір кештетіп болса да кіріп шығамын ғой» деп хабарлассам, «жоқ, тұра тұрыңыз, Алматыдағы бастықтарым келіп қалды, қазір сағат 11-лерде Темірші әулиеге кіреміз», – деді. Түскі 12-лерде тағы звондадым, телефонын көтермеді. Сағат 13.00-дің шамасында өзі хабарласып, «мен Түркістанға кетіп қалдым, сол жақта бір «объектілер» көріп жатырмыз, қайтарда Ленгір жаққа қымыз ішуге барып қалсақ, бастықтарыммен сізді таныстырамын, дайындалыңыз, сізді досым деп айтамын, балаңыз да дұрыс киім киіп алсын» деп ағынан жарылды. «Мейлі» дедік. Әйтеуір, кешкі сағат 17.00-дерде «бүгін шықпайтын болдық, ертең шығамыз, таңертең 9.00-де Шымкенттегі «Кабиско» деген жерге келіңіз, «Шапағат» мөлтекауданына кіретін тұста тұрсаңыз, сізді сол жерден күтіп аламын» деді.

 

Біз де барлық жұмыстан сұранып, артынып-тартынып, бала-шағамызбен жетіп бардық. Әлгі Алматыға кететін үлкен ұлымның бар киім-кешегін жинап, жүгіміз де, қонақ болуға өзіміз де дайын болып айтқан уақытында айтқан жерге бардық. Ұзын сөздің қысқасы, сол 9.00-дан кешкі сағат 17.00-ге дейін Ғабитты күттік қой. Сол арада «Шапағаттың» біраз үйлерін аралап шықтық, сұрасақ ондай жігітті де, келіншекті де ешкім танымайды, олардың басынан өткен, бізге айтып берген оқиғаларын айтамыз, «ондайды естімеппіз» дейді. Осы төңіректің үлкені менмін деген кісілерге де жолықтық, дүкендерден сұрастырдық, сонымен ол жақта ондай адамдарды ешкім білмейтін болып шықты.

 

Сол күннен бастап телефоны сөн­дірулі, не хат, не хабар жоқ. Бізден алып кеткен ақшаларымыз болса да жоқ. «Алматыдағы үйімде құрылыс басынан алып қойған қымбат-қымбат есіктер мен паркеттер тұр. Жөндеу жұмыстарын жүр­гізетін болсаңыз, үйіңізге жететін материал берейін» деген соң «Сен беретін болсаң, Алматыдан өзім арқалап тасып әкетемін ғой» деп әзілдеп те қойғанмын. Соның бәрі бір аптада көзден бұл-бұл ұшты.

 

Сөйтіп бала-шағамнан және менен 40 мыңнан басқа тағы да алғандары бар – бас-аяғы 150 мыңдай ақшамызды пайдаланып кетті. Оған қанша күн танысам, сонша күнгі ас-ауқатына, жүріп-тұруына, молдаға баруына, әулиеге зиярат жасауына кеткен шығындарды қосыңыз. Сол Ғабиттің үйін іздеген күні бала-шағам ойындағыларын ортаға салып, маған барлығын айтып берді. «Сізге айтайық десек, тұра тұрыңдар, ұят болады, уа­йымдайды, сен жұмысқа қабылданып жатсың, ал саған табель жүріп жатыр» деп оларды басып отырған. Не нәрсені мәселе етіп айтсаң, аяқ астынан сол мәселеңді шешетін таныстары шыға қалып, оны бір-бірімізге білдіртпестен, анаусын ана жақтан, мынаусын мына жақтан шешіп жүреді екен. Алаяққа алданғанымызды сол күні бір-ақ түсіндік.

 

Олардың Ғабит, Айгүл деген есім­дерінен басқа ештеңе білмейміз. Бірге түскен суреттерімізді де «дұрыс шықпапты, қайта түсеміз» деп біздікінен өшіріп отырса да еш күдіктенбеппіз.

 

Өткенде бұл оқиғаны айтып, өзіміз бір күліп алдық. Осылайша жұмысқа тұратын ініңіз болса деп 200 мың, «Газель» әпере қаламын деп тағы да 200 мың, беретін құрылыс материалдарына деп 300 мың теңге сұрағанымен, бізді көп суммаға лақтыра алмады», – дейді Ілияс мырза.

 

...Міне, бүгінде осындай да оқиғалар кездеседі екен.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ