Асылзаттың айрықша шампуны шаштың ағаруын, түсуін тоқтатып, қалпына келтіреді

11.09.2019
Қаралды: 374

Бүгінде шаштың сиреуі, түсуі, ерте ағаруы көп адамның мәселесіне айналды. Ерлерде де, әйелдерде де бұл жағдай бар. Осы тұста шаш ойдағыдай болуы үшін сусабынның да атқаратын ролі зор.

 

Шымкент қаласының тұрғыны Асылзат Смайылқызы 22 жаста. Ол «Асылдың шампуны» деп аталатын сусабын ойлап тауып, көптеген адамдардың алғысын алып отыр. Сертификатталған және арнайы тексеруден өткен бұл тауар қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша тарай бастады.

 

Асылзаттың мамандығы филолог бола тұра бұл істі қолға алуына өз басындағы мәселе себепші болыпты. Қандай тәсілді қолданса да бірнеше жыл қатарынан шашының түсуі тоқтамай, шаштың арасынан терінің құйқасы жылтырып көрініп тұратын жағдайға жеткен соң сусабынның жаңа түрін жасап шығарыпты. Бұл туралы толығырақ оның өзінен сұрап білген едік.

 

«Әу баста менде сусабын ойлап тауып, оны елге сатайын деген ой мүлде болған жоқ. Өзімде 16 жастан 20 жасыма дейін шаш түсу проблемасы болды. Қалың да қайратты шашым, ұстасам болды, уысталып алақанымда қалатын. Содан сарымсақ бар ма, пияз бар ма, қымыз бар ма – бәрін басыма жақтым. Ішпеген дәрі, жақпаған май, қолданбаған сусабын қалмады. Қомақты қаражат жұмсап, түрлі әдістерді жасап көрдім. Сол кездері «Егер маған осы жағдайдан шығудың жолын көрсетсең, мен сияқты қиналған барша адамға көмектесер едім», – деп Құдайдан іштей тілеп жүрдім. Бүгінде сол тілеуімнің қабыл болғанының бір дәлелі – тапсырыстардың көптігі деп білемін», – дейді Асылзат. 

 

Кешеге дейін Асылзат сусабынды арнайы қондырғылар арқылы үйде жасап келіпті. Оның сол аппараттарымен бірге арнайы орынға көшкеніне көп күннің жүзі бола қоймаған екен.

 

Кәсіпкер қыз бұл сусабынның пайдасы орасан зор екенін айтады. Асылзаттың айтуынша, қара зере және күнжіт майынан, А, Е, Д дәрумендерінен, көпірткіш пен иіс беруші компоненттерден тұратын «Асылдың шампуны» 2-3 жуғаннан шаштың түсуін тоқтатып, шашты өсіретін көрінеді. Сондай-ақ  тазданған және ақ шаш түскен жандарға көптеп көмегін тигізіп жатыр екен. 400 грамдық сусабынның бағасы – 2500 теңге.

 

«Бұл шампунды ойлап табуға 3-4 жыл уақытым кетті, мың түрлі сынақ жүргіздім. Әбден зерттеп-зерделедім. Бастапқыда мұны өзіме, кейіннен маңайымдағыларға жасап бердім. Осыдан соң сұраныс ақырындап арта бастады. Әуелде 5-6 шампунды салып алып, сұраған адамдарға пакетпен таситынмын, кейіннен 20-30-ын салып чемоданмен жүретін болдым. Уақыт өте келе 2-3 адам болып автобуспен, біраз күннен соң тауарымды таксимен таситын болдым. Қазір тіпті тапсырыстың көптігі соншалықты, тауарым көлікке де сыймай жатыр.

 

Сусабынның арқасында тазданған адамдар­ға шаш шығып, 60-70-ке келген адамдардың ақ шашы қарайып жатыр. Мұны сәбиден бастап, қарттарға дейін қолдана береді. Құрамы негізінен майлар мен дәрумендерден тұрады, яғни мұнда бәрі табиғи», – дейді кәсіпкер қыз.

 

Асылзат бұл сусабынның жасалу құпиясымен ешкіммен бөліспейтінін де айтты. «Асылдың шампунын» әлемдік брендке айналдырсам деген мақсат қойып отыр екен. Ол күндер де алыс емес деген ойдамыз, бастысы, отандық  өнімге жан-жақты қолдау болса болғаны.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ