Заманауи фирманікінен кем түспейтін жиһаз жасайды

12.09.2019
Қаралды: 239

Өзінің адал еңбегімен көпшілік қауымға пайдасы тиіп жүрген жандар арамызда баршылық. Сондай қолынан өнері тамған жандардың бірі – Ақбиік ауылының 1969 жылғы тумасы, бүгінде аудан орталығы Т. Рыс­құлов ауылында тұратын Дүйсебек Қасқабаев. Ол бүгінде жиһаз жасаудың шебері деген абыройлы атаққа дақ түсірмей жүрген азамат.

 

Дүйсебек көпбалалы отбасыда өскен, жеті перзенттің бесіншісі. Айтуына қарағанда, Қасқабаевтар отбасының бәрі де – қолынан өнері тамған жандар. Бірі ағаш ұстасы болса, екіншісі – темір ұстасы, үшіншісі – металды электрмен дәнекерлеуші.

 

Бұл азаматтардың әкесі Қуаныштың өзі кезінде Куйбышев атындағы колхоздың маңдайалды темір ұстасы болған. Бүгінде марқұм болып кеткен ол кісінің орнын 81 жастағы аналары Айтан апамыз басып, бүкіл отбасыға басшылық жасап отыр.

 

«1986 жылы ауылдағы Ленин  атындағы орта мектепті (қазіргі Т. Иманбек­ұлы атындағы мектеп) бітірген соң Шым­кенттегі жиһаз жасаушыларды даярлайтын училищеге оқуға түстім, – дейді Дүйсебек өткен жылдарын еске алып. – Өйткені бала кезімнен ағаш жонып, одан түрлі бұйымдар жасауға әуес болып өскенмін. Сол кездің өзінде маған тұрмыс­қа қажетті шағын орындықтар, тақтай-оқтау жасау қиынға соқпайтын.

 

Сонымен Шымкентте екі жылдай оқып, ауылға диплом алып келдім. Бірақ ыңғайлы жұмыс табыла қойған жоқ. Содан аудан орталығындағы есік-терезе жасайтын «ПМК-2» мекемесінде біраз жылдар жұмыс істеп, шеберлігімді шыңдай түстім. Осылай жүргенде әскер қатарына шақырылып, үш жыл Мурманск қаласындағы әскери-теңіз флотында қызмет атқардым. 1991 жылы елге оралдым. Сол жылы Сұлушаш есімді қызға үйленіп, өз алдыма шаңырақ көтердім. Отбасын құрған соң еңбек ету керек, бірақ ауылдан маған лайықты жұмыс  табылмады. Әр жұмыстың басын бір шалып жүріп жаттым. Алайда одан қайран болмады.

 

Ақырында 1997 жылы тәуекел деп ағаш өңдейтін жеке шеберхана ашып, өз жұмысымды бастадым. Әрине, ол бірден жанданып кете қойған жоқ. Дегенмен, басы қатты басталған жұмыс уақыт өте келе өз жүйесін таба бастады. Біздің шығарған өнімімізге көңілі толатындардан тапсырыс көптеп түсе бас­тады. Жиһаз жасауға арналған құрал-жабдықтарды толықтай сатып алуға қол жетті. Соның арқасында сапасы жоғары, үй тұрмысына қажетті орындықтар, есік-терезе, баспалдақтар, шкаф, төсек-орын, асхана жиһаздарына деген тапсырыстар бір толастамады.

 

Жиһаздың бәрі жаңғақ, емен ағаштарынан, қара ағаштан және өңірімізде өсетін басқа да қатты ағаштардан жасалды. Біз мұның бәрін жеке үйлерден сатып алып, шикізатқа пайдаланамыз. Ағаштарды кесетін, жонатын, бұйым жасайтын аспаптарымыз жетерлік. Осылайша өз күнімізді өзіміз көріп отырған жа­йымыз бар. Құдайға шүкір, ешкімге де алақан жаймаймыз. Қайта керек кезде жетім-жесірлерге, тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік жасап келеміз».

 

Дүйсекеңнің келіншегі Сұлушаш та жеке кәсіпкер. Ол «Қуаныш» дүкенінде сатушы болып еңбек етеді. Өмірге 7 перзент әкелген Батыр ана.

 

Олар таяуда Түркістан қаласына, облыс әкімдігінің жыл сайын ұйымдастыратын «Мерейлі отбасы» байқауына Түлкібас ауданы атынан барып қатысты. Облыс бойынша барған 30 отбасының ішінде ерекше белсенділік таныт­қаны үшін облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қолынан Алғыс хат  алып, 200 мың теңге ақшалай сыйлық иеленді.

 

Мен Қасқабай көкеміздің қолынан өнері тамған баласының шеберханасымен  таныстым. Ағаш аралау, жону, есік-терезе жасау цехтары бір қалыпты жұмыс істеп тұр. Бір бұрышта электр қуаты болмай қалған жағдайда өздігінен ток беретін «движоктар» да өз орындарын тауыпты.

 

Қысқасы, Дүйсебектің таза ағаштан жасалған бұйымдарының сапасы керемет. Заманауи фирмалардың өнімінен еш кем түспейді. Осы орайда егер де Дүйсебектің жиһаздарына тапсырыс беруді ойласаңыздар, оны мына мекен-жайдан табуға болады демекпін:

 

Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы, Абиров көшесі, №57 үй. Байланыс телефоны: 8-701-642-45-69.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ