«Қарағанды оқиғасы»: Қамауда 13 адам отыр

10.09.2019
Қаралды: 83

Биылғы жылдың басы Қарағандыдағы қанды оқиғамен басталғаны көбімізге белгілі. «Древний Рим» мейрамханасында болған төбелес Рақымжан Жансейіт атты жас жігіттің қаза табуымен аяқталған болатын.

 

Көпшілік бұл оқиғаның немен аяқталғанынан бейхабар. Рақымжанның әкесі Бақытжан Жансейіт бұл істің соңы немен тынатынын біле алмай дал болуда.

 

«4-тамыз күні, яғни бүгін Қарағандыдағы  АК-159/1 тергеу қамағында сот алдындағы алғашқы отырыс өтті. Қамауда 13 адам отыр. Басты күдіктілердің бірі Нарек Гурурян елімізге әлі әкелінбеді. Күдіктілердің ішіндегі тек біреуіне, яғни Нурулы дегенге ғана менің ұлымды өлтірген деген айып тағылып отыр. Ал Нарек Гурурянға тағы бір жігіттің денсаулығына зақым келтіріп, пышақтағаны үшін «Кісі өлтіруге оқталу» дерегі бойынша іс қозғалған.

 

Видеоға қарасақ, 30-35 адам жүгіріп шығады. Соның ішінде 13 адам тергелуде. Қа­мал­ғандардың барлығы төбелескендерін рас­тап, бірақ кісі пышақтамағандарын айтуда. Олардың айтуынша, менің ұлымды ағайынды Нурулылардың үлкені пышақтаған. Ал бүгінгі отырыста Нурулы кісі өлтіргенін мо­йындамай отыр.

 

Менің ішім ашитын бір жайт бар. Менің балам төбелесті өзі бастаған жоқ. Көмекке шақырған жолдастары үшін барды. Ал сол оқиғада түрлі жарақат алған жеті жігіт бұл күнде түк болмағандай «арыз-шағымымыз жоқ» деп ортақ мәмілеге келіп отыр. Мыналардың ешқайсысы адам өлтіргеніміз жоқ дейді. Сонда ұлымды пышақтаған кім? Неге осы уақыттан бері іс алға жылжымай қойды? Кісі өлтірген адам біреу ме, екеу ме, мен білмеймін. Қандықол кәззап осылардың ішінде екені анық. Нурулының айыпты мойнына алмай отырғанына қарағанда, бұл іс қайта тергеуді қажет етеді-ау», – дейді Бақытжан ағамыз.

 

Ол кісі сотта әділ шешім болғанын қалайды. «Менің баламның қаны оны өлтіргендердің ғана  емес, сөзінен тайқып кеткен жігіттердің де мойнында», – дейді.

 

Бұл іс бойынша сот отырыстары әлі де біразға созылатын сияқты.

 

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ.

Қарағанды қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ