Қариялар ұсақтап кеткені ме?

09.09.2019
Қаралды: 88

Шымкент қаласындағы №17 шағын ауданның Қ. Жандарбеков атындағы аллеясында осы төңіректің үлкенді-кішісі кешкілік және демалыс күндері серуендейді. Кейбірі отбасымен қыдырады.

 

Әсіресе биылғы шіліңгір шілденің аптапты ыстығында осында келіп тынығушылар қатары көп болды. Мұнда көпшілік шахмат, дойбы ойнап, спортпен айналысады. Өзім де біраз уақыттан бері осы шағын ауданда тұрып жатырмын. Кешқұрым осында шығып, өзім қатарлы зейнеткерлермен әңгімелесемін. Қала қарияларының өміріне, тыныс-тіршілігіне үңіліп, оларды не толғандырады деген сауалдарға жауап іздеймін.

 

Мұнда жиналған қариялардың бір тобы таңертеңнен кешке дейін гүлзар ортасындағы отырғышқа жайғасып, карта ойынын ермек қылады. Жеңіп не жеңілгендері бір-бірімен қызыл­кеңірдек болып, дауласып жат­қаны. Жандарынан ерсілі-қарсылы ағыл­ған көпшілік өтіп жатады. Оның ішінде қыз-келіншектер де, әйелдер де, бала-шаға да бар. Олардан ұят болады-ау демейді. Ұтылғандары іргедегі дүкенге жүгіріп барып, ішімдік әкеліп, соны бөлісіп ішеді. Содан соң теңселіп жүргені. Бұл олардың күнделікті үйреншікті әдетіне айналған сияқты.

 

Ал екінші бір топ қариялар бөлек жиналып, әңгіме соғады. Әңгіме ауаны көбіне әлеуметтік желіден, ғаламтордан естіп-білгендері. Көбісі «атып кетті», «шауып кетті», «үптеп кетті», «ішіп-жеп қойды» деген өсек-аяңға құрылған қысыр әңгімелер. Арасында Үкіметті, атқарушы билікті, әкімдерді сынап, жерден алып, жерге салады. Олардың әңгімесінен еліміз құрдымға кетіп бара жатқандай, болашақ жоқтай сезінесің. Бұл қариялардың аузынан қоғам, ел туралы жағымды әңгіме естімейсің.

 

Өзінің айтуынша, зейнет жасына дейін құқық қорғау органында қызмет істеген жоғары шенді (полковник), қара көзілдірік киген еңселі кісі осы ортаның «көшбасшысы» іспетті. Қолынан телефоны түспейді. Әлеуметтік желідегі алуан түрлі жағымсыз ақпараттарды жұрт алдымен соның аузынан естиді. Қаладағы, шағын аудандағы әлеуметтік, коммуналдық салалардағы кішігірім кемшіліктер үшін қала, аудан әкімдерін сыбап алады. Билік органдарының жұмысына еш көңілі толмайды. Әңгімесінен қоғамға риза еместігін байқайсың.

 

Бірде оған: «Әжептеуір қызмет істеген, көзі ашық азамат екенсіз. Осы шағын ауданның түйткілді мәселелері, тұрғындардың мұң-мұқтажы болса, аудан әкімдеріне кіріп немесе олардың тұрғындарға беретін есебіне қатысып, айтпайсыз ба? Қала берсе, осы ауданнан сайланған депутаттар бар. Бұл жерде айтқандарыңыздың бәрі желге ұшып жатыр ғой», – дедім. «Жоқ, әкімдерге проблемаңды айтқаныңмен бәрібір шешпейді, одан ештеңе өзгермейді. Әкімдердің бәрі қарақан басының қамы үшін ғана жүр. Қоғамға ештеңе істегісі келмейді. Кілең халтуралар!» – деп қолын бір сілтеді.

 

Оның пайымдауынша, әкімдер­дің бәрі былыққа белшесінен бат­қан адамдар болып саналады. Арасында ел қамын ойлайтын адал азаматтардың да бар екенін елегісі де келмейді.

 

Көпке топырақ шашпайын, қа­ла­да зиялы, сөзі дұрыс, әділдікті айтатын елге сыйлы қариялар бар шығар. Алайда мен көрген ортадан ондай жанды байқамадым. Мен көрген қариялардың газет оқымайтынын, желідегі жел сөзге құдайдай сенетінін, саясаттан хабары, өзіндік пікір-пайымдары жоқ екенін байқадым. Соған қарап, апыр-ай, қарияларымыз тым ұсақталып кеткен бе, олар отбасына, келер ұрпаққа қандай тәрбие, үлгі-өнеге береді деген ойға қалдым.

 

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ