Олар саудамен, халқының көптігімен жаулап алады...

09.09.2019
Қаралды: 158

Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов кезінде: «Қытай соғыспай, саудамен, халқының көптігімен жаулап алады», – деген екен.

 

...1949 жылы, Сталиннің 70 жылдығы құрметіне сол кездегі Қытай көсемі Мао Цзе Дун Мәскеуге келіпті. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Мыңдаған қирап қалған қалалар мен селолар әлі қалпына келе қоймаған, жұмысшы күші жетіспейді. Соны көрген Мао Сталинге: «Біз сіздерге 100 мың қытай жұмысшысын көмекке берейік, қираған шаруашылықтарыңды тез қалпына келтіреді», – деп ұсыныс айтады. Сонда Сталин: «Спасибо, товарищ Мао, нам такой мирной оккупации не надо!» – деп жауап беріпті. Сосын шекарашыларға шекарадан қытай адамы түгілі, бір шыбыны өтпесін деп бұйырыпты. Ал бұған не дейсіздер? Бүгінде біз болсақ, көрер көзге бейбіт оккупацияға жол беріп отырмыз.

 

Енді біздің саясаткерлерге сабақ боларлық тағы бір оқиғаны айталық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Солтүстік Вьетнам мен Оңтүстік Вьетнам арасында бірнеше жыл бойы қырғын соғыс болды. Компартия көсемі Хо Ши Мин көмек сұрап Москва мен Пекинге барып келіп, министрлері мен әскербасыларын жинап кеңес өткізеді. Ол Кеңес Одағының қаржы мен қару беретінін, бірақ жаяу әскер бере алмайтынын, ал Қытай болса, қаруға қоса бір миллион солдат беруге дайын екенін айтып, қайсысының көмегін алайық деп сауал тастайды. Сонда олар: «Іргедегі әрі қару, әрі әскер береміз деп отырған Қытай көмегін алайық», – деседі. Хо Шин Мин оларды тыңдап болып: «Ертең, соғыс біткен соң Кеңес Одағы берген барлық қару-жарақ өзімізде қалады, сосын мыңдаған әскери кеңесшілері еліне қайтады. Ал Қытайдың бір миллион солдатына тағы да бір миллион қызмет көрсететін адамдары қоса келеді. Оның бәрін ертең елден шығара алмаймыз, осында қалып қояды. Сондықтан Кеңес Одағының көмегін алғанымыз дұрыс. Адам шығынымыз көп болады, бірақ Отанымызды, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қаламыз», – деп шешім шығарыпты.

 

Не деген кемеңгерлік!

 

Айтқожа ФАЗЫЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ