Президент Тоқаевтың Жолдауында не айтылды?

09.09.2019
Қаралды: 141

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жариялады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы уақытта атқарылуы тиіс көптеген шаруаларды айқындап берді. Олардың бірқатары төмендегідей.

 

Саяси реформалар жалғасады

 

Саяси реформалар асығып «алға жүгірусіз», біртіндеп, рет-ретімен, табанды түрде жүргізіледі.

 

Шенеуніктер 25 пайызға азаяды

 

Мемлекеттік қызметшілер жұмысының сапасын арттыру үшін оның қатарына білікті жас мамандар тартылады. Сонымен қатар 2020 жылдан мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің жалпы санын қысқарту басталады. 2024 жылға қарай ол 25 пайызға қысқаруы тиіс.

 

Заңды шеруге орындар белгіленеді

 

Егер заңды, халықтың тыныштығын бұзбайтын болса, шеру жасауға рұқсат етіледі. Оған арнайы орындар белгіленеді.

 

Қазақ ұлтының мәртебесі бекемделе түседі

 

Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі ролі бекемделе түседі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі ролі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді.

 

Зорлықшыларға жаза күшейтілуі тиіс

 

Жыныстық зорлық-зомбылық, әсіресе балаларға қатысты зорлық, есірткі тарату, адам саудасымен айналысу, әйелдерге қатысты тұрмыстық зомбылық, сондай-ақ заңсыз аң аулау үшін жазаны қатаңдайды.

 

Парамен ұсталған адамның басшысы да жауапқа тартылуы керек

 

Қарамағындағы қызметкер коррупциялық қылмыс жасаса, оның басшысын да жауапқа тарту мәселесін қарастырылмақ. Яғни пара алған адамның тікелей басшысына да тиісті шара қолданылуын заң жүзінде бекітіледі.

 

Полиция – қорғаның

 

Полиция мемлекеттің күш құралы образынан біртіндеп арылып, азаматтарға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қызмет көрсететін органға айналады. Бұл бағытта атқарылатын шаралардың бірінші сатысында Әкімшілік полициясы комитетінің жұмысын 2020 жылдың соңына дейін қайта ұйымдастыру керек. Полицейлердің айлық жалақысын арттыруға, үйді жалға алуына, фронт-офистер құруына алдағы 3 жылда 173 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

 

Мемлекеттік компаниялар қысқартылады

 

Үкімет пен Есеп комитеті біріге отырып мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін тексеруі керек. Мемлекеттік компаниялардың саны қысқарылатын болады.

 

Баға қадағалануы қажет

 

Үкімет табиғи монополиядағы баға қалыптасуы мен тарифтер мәселесіне зер салуы тиіс. Әуе көлігіне қажетті отынның, оның билеттерінің қымбаттығына, темір жол тасымалындағы билеттердің жасанды түрде қымбаттатылуына назар аударып, бұл бағытта тиісті тәртіп орнату керек.

 

Бизнесті тексеруге тыйым салынады

 

Шағын, әсіресе микробизнес компания­ларын салықтан 3 жылға босатуға қатыс­ты заң әзірленуі керек. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шағын және микробизнесті 3 жылға дейін тексеруге тыйым салынатын болады.

 

Жер шетелдіктерге сатылмайды

 

2030 жылға дейін суармалы жерлер көлемін  3 миллион гектарға дейін арттыру керек. Өнімдерін шетелге шығаратын шаруаларға қолдау көрсету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына шетелдік инвесторларды көбірек тарту керек.

 

Жер шетелдіктерге сатылмайды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шарушылығы жерлері иесінен алынып, жермен жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс.

 

Ауылға 90 миллиард теңге бөлінеді

 

«Ауыл – ел бесігі» арнайы бағдарламасын іске асыруға 3 жылға 90 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Ол  ауылдық жерлерді тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу үшін жұмсалады.

 

«Қосымша 5 пайыз» кейінге қалдырылады

 

Жұмыс берушінің зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз ақша аудару мәселесін 2023 жылға дейін уақытша шегере тұру қажет. Өйткені әлеуметтік және  зейнет­ақы жүйесінің тұрақтылығына пайдалы бол­ғанымен ол жұмыс берушілердің жаңа жұмыс орнын ашуға және айлық жалақыны өсіруге деген ынтасын төмендетеді, бизнестің «көлеңкеге» кетуіне себеп болады.

 

Ұлттық қор қаржысы экономикаға ғана бағытталуы тиіс

 

Ұлттық қордың қаржысы бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі тиіс. Оны пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.

 

Мұғалім жалақысы 25 пайызға артады

 

Алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы  екі есеге арттырылады. Яғни келесі жылдан бастап ол 25 пайызға өседі.

 

Тендер қатаң қадағаланады

 

Мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру жүргізіледі. Оның мейлінше ашықтығын қамтамасыз етуге қажетті шаралар іске қосылуы тиіс.

 

Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға болады

 

Жұмыс істейтін азаматтардың зейнет­ақы қорына жинаған қаржысының белгілі бір бөлігін мақсатты жұмсауына, мысалы, үй сатып алуына, оқу ақысын төлеуіне мүмкіндік жасау жағы қарастырылады. Үкімет бұл мәселені биылғы жыл соңына дейін ойластыруы керек.

 

Әкімге бағаны тұрғындар береді

 

Жергілікті биліктің тиімділігіне қатысты бағаны тұрғындар беретін пилоттық жүйе ендіріледі. Мысалы,  қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тұрғындардың 30 па­йыздан астамы қанағаттанарлық емес деп бағаласа, онда бұл Президент Әкімшілігінің мәселені зерттеп-зерделеуге арнайы комиссия жіберуіне және тиісті ұсыныс жасауына негіз бола алады.

 

Жыл сайын 10 мың отбасыға баспана беріледі

 

2020 жылдан бастап жыл сайын көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған 10 мың отбасы баспаналы болады.

 

Инфрақұрылымға бағытталған қаржы қатаң қадағаланады

 

Тұрғындарды сумен, газбен, жарықпен қамтамасыз етуге, жолдар салуға бағытталатын қаржы қатаң қадағалауға алынады.

 

...Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық дерлік салалардың жұмысына қатысты бағыттарды атап көрсетті. Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформалардың жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетін болды. Президент бұл жөніндегі Жарлыққа қол қойды.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ