Түлкібастық азаматтар Хадиша Оразбаеваға көмектессе екен

07.09.2019
Қаралды: 124

«Замана» редакциясына Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының тұрғыны Хадиша Оразбаевадан хат келді. Ол кісі өзінің басындағы қиын жағдай жөнінде жазыпты, хатының газетімізде жариялануын өтініпті.

 

«Мен Шарапкент ауылында 1971 жылы өмірге келген екенмін, – деп жазыпты хат авторы. – Көршілес Балықшы ауылындағы Рыбалко атындағы мектепте 8-сыныпқа дейін оқы­дым. Отбасылық жағдайға байланысты ары қарай оқи алмадым. 1991 жылы тұрмыс құрғанмын, бірақ дәм-тұ­зы­мыз жараспай, күйеуіммен ажырасып кеттік. Одан алимент те ала алма­дым. Екі қыз, бір ұлым бар. Балаларды асырап жеткізу мен үшін өте қиын болды. Сөйтіп жүріп жылдардың қалай зулап өте шыққанын да байқамаппын.

 

Үлкен қызым тұрмысқа шығып, бір ұлды болғасын ажырасып кеткен. Баласының жасы қазір 7-де. Өзі бүгінде Шымкенттегі бір мейрамханада даяшы болып істеп жүр, пәтер жалдап тұрады.

 

Ұлым үйленген, қазір Алматыда құрылыста істейді. Екі кішкентай қызы бар. Оның отбасы да пәтер жалдап күнелтуде.

 

Қазір 3-сынып оқитын кіші қызыммен біргемін. Менің жүрегім ауырады, қан қысымы жиі көтеріліп мазалайды, оның үстіне зоб дерті қинайды. Жазда Дауан ауылындағы шипажайда аспаз болып төрт айдай жұмыс істеген едім, ыстыққа шыдай алмай, зоб мазалай бергесін одан да айырылып қалдым. Содан еден жуушы болсам да ақша табайын деп жұмыс іздеген едім, еш жер жұмысқа алмады. Жағдайымыз нашарлап кеткесін, амал жоқ, қазір үлкен қызымның үйіне келіп отырмын.

 

Осындай жағдайда жүріп жатырмын. Бұрын тіршілік қамымен жүріп үй кезе­гіне тұру жағын ойламаған екенмін. Та­яу­да аудан орталығына барып, үй кезе­гіне тұрмақ болған едім, ондағылар «ешқандай доходың жоқ» деп жинаған құжаттарымды қабылдамай қойды.

 

Содан тауым шағылып, не істерімді білмей, ақырында сіздерге хат жазуды ұйғардым. Сіздерден қандай да бір көмек күтемін. Алдымен осы хатымды жарияласаңыздар екен. Мүмкін ауданның, тиісті мекеменің басшылары оқып, ойланар, көмек қолын созар деген үміттемін».

 

Редакциямызға хат жолдаған түл­кібастық Хадиша Оразбаева осылай деп мұң шағады. Ол өзінің дәл қазіргі негізгі арманы үй кезегіне тұру екенін айтады. Түлкібас ауданындағы қолында құзіреті бар азаматтар оны аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасы ретінде үй кезегіне тұрғызып жіберсе, қалғанын өз несібесіне қарай көре жатар деп ойлаймыз.

 

Тұрмыс тауқыметін шегіп жүрген жалғызбасты анаға көз қырын салыңыздаршы, бауырлар!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ