Ағайын-туысқа көмектесу антұрғандық па?

07.09.2019
Қаралды: 150

«Бизнес бастау» мектебінің тренері Ахметбек Нұрсила бүгінде талай жанға кәсіп жасауды үйретіп жүр. Ол денсаулықты күту, дұрыс ойлай білу, кедейлік, байлық туралы да көп айтады.

 

Желідегі видеоларының бірінде Ахметбек мырза ағайын-туысқа көмектесуді антұрғандық деп айтып, оның себебін былайша түсіндіреді:

 

«Неге Қазақстанда қазақ кедей? Басқалар бай да бақуатты, үй-күйі жоқ тек қазақ қана. «Қазақтың бейсанасында не бар?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген мақал бар. Егер де сіздің бір ағайындарыңыз, досыңыз той жасай алмай немесе үйін ремонттай алмай, болмаса көлік ала алмай жатса, ақшалай көмектесіп жіберу адамгершілікке жата ма? Мен мұны антұрғандық дер едім».

 

Осылай деген Ахметбек Нұрсила бір қазақ азаматының әңгімесін алға тартады.

 

«Бір қазақтың жігіті айтады: «Мен жапон әйелге үйлендім. 15 жылдай бірге өмір сүріп жатырмыз. Әрең-әрең үйрендім. Өйткені жапондармен діліміз мүлде бөлек. Бірде Қытайға барғанымызда көшеде бір кемтар адамға ақша бердім. Әйелім ақшасын бөлек ұстайды. Ол бір тиын да берген жоқ. Метроға отырғаннан кейін оған: «Не деген қатігезсің?! Қалтаңда долларлар тұр ғой, 1 доллар берсең нең кетеді?» – десем: «Неге беруім керек?» – дейді.

 

Жапонияда мүгедектерге көмектесу – мемлекеттің міндеті. Төленген салықтың бір бөлігі мүгедектерге кетеді, мемлекет олардың бүкіл жағдайын жасап тастаған. Біреу ақша берсе, олар намыстанады.

 

Ағайын-бауырларым менен үнемі қарыз сұрайды, беремін, қайтармайды, артынан ала алмай жүремін. Әйелім екеуміз сол үшін ұрысамыз. Әйелім: «Нең бар? Дені сау адамға адам көмектеспеуі керек. Жапонияда кішкента­йымыздан бастап өз басыңды өзің алып жүр, өз жағдайыңды өзің жаса, табысыңның біраз бөлігін қиналып қалған жағдайға жинап отыр деп сіңіреді», – дейді. Мен оған: «Сендерде адамгершілік жоқ, ақшаның соңына түскен адамсыңдар», – деймін».

 

Жапондардың көзқарасын осы әңгіме арқылы түсіндірген Ахметбек өз лекциясында Абай Құнанбаевтың алтыншы қара сөзін келтіреді. 

 

«Енді Абай атамызға келейік. Ол кісі: «Қазақтың бір мақалы «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

 

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас» болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» дейді.

 

Міне, ағайынға көмектесу бірлік емес екен. «Аясаң, аяма» деген сөз бар. Біреудің жағдайы болмай жатса оған мал табудың жолын, қармақ беріп, балық аулауды көрсет. Балықтың өзін берсең тойып алады да, ертеңіне тағы да «балық бітіп қалды, бар ғой сенде, неге көмектеспейсің, жағдайың бар ғой, мына бала-шаға аш жатыр» деп қайтадан сұрап отырады. Өмір бойы масыл қыласың».

 

...Ахметбек мырзаның пікірі қаншалықты орынды екенін білмеймін, бірақ маңайдағы кей адамдар­ға қарап кейде бұл кісінің де сөзінің жаны бар-ау деп қаламын.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ