Туылмаған нәрестелердің мазарын салған адам

07.09.2019
Қаралды: 102

Әлемде сан түрлі адам бар. Вьетнамдық құрылысшы Тонг Фуок Фука есімді ер адамның әрекеті біреулерді таңдандырса, біреулер оны бірден түсіне қойған жоқ. Тіпті әйелі де оның бұл тірлігіне әу баста оң қабақ танытпаған. Бірақ қазір Тонг Фуок Фуканы көпшілік жылы жүректі адам деп біледі. 

 

Оның оқиғасы 2001 жылы басталған. Бірде Тонг аяғы ауыр әйелімен бірге клиникаға барады. Дәлізде дәрігердің қабылдауындағы келіншегін күтіп отырып, бір кабинетке кезекпен кіріп, соңыра көздеріне жас алып шығып жатқан бірнеше әйелді байқайды. Мұның әйелдерге түсік жасайтын бөлме екенін білген соң бұл жағдай оған қатты әсер етеді. Клиникадан кеткеннен кейін де бұл ой оған маза бермейді. Тонг мұндай жағдайлардың орын алмауына аз да болса үлес қосуды ойлайды. Сөйтіп ол клиниканың басшылығымен келісіп, түсік болып, туылмай қалған балалардың денесін жерлеуге беріп тұруын сұрайды. Тонг Фуок Фука осы зират арқылы көпшілік әйелдерге ой тастағысы келеді. Бір жағы туылмаған нәрестелердің медициналық қалдық емес, олардың адамша жерленгенін қалайды.

 

Алғашында ол туылмаған нәрес­телерді өз үйінің артындағы бос жерге жерлей бастайды. Олардың саны көбейсе де ол бұл ісін тоқтатқан жоқ. Тонг осы үшін арнайы жер учаскесін сатып алып, ендігілерін сонда жерлейді. Бұл мазаратта былтырға дейін, яғни 17 жылдың ішінде 12 мыңнан астам бала жерленіпті. Қазір бұл жер қасиетті орын­ға айналған көрінеді, көбіне-көп әйелдер мұнда іштегі шер-мұңын, көз жасын шығарып, жеңілдеу үшін келеді екен.

 

Тонгтың оқиғасы мұнымен аяқталмайды. Ол туралы әңгіме ел арасына тарай бастаған соң оған жалғызбасты болып қиналып қалған аяғы ауыр келіншектер бірінен соң бірі көмек сұрап келе бастайды. Тонг келгендердің бетін қайтармай, барлығын өз үйіне тұрғызады. Тіпті «баланы бағып-қағуға жағдайым жоқ» деген әйелдерге де босанған соң баланы өзі алып қалатынын айтып, оларды түсік жасатпауға үгіттеген. Осылайша ол 100-ден астам баланы өз қамқорлығына алыпты. Оған бұл істе көбіне-көп еріктілер көмектеседі екен. Аяққа тұрып, жағдайы ретке келе бастаған біраз әйелдер балаларын қайта әкетіп те жатады екен. Ал Тонг болса бұл ісін өле-өлгенше өзінің, ал өзі кеткеннен кейін балаларының жалғастыратынын айтыпты.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ