Баланы қуыскеуде болудан қалай қорғау керек?

07.09.2019
Қаралды: 232

Таяуда Шымкенттегі «Ернұр» әлеуметтік комплексті оқу орталығында «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» атты семинар болып өтті. Семинарға «Отбасы хрестоматиясы», «Асылай», «Шұғыла» қоғамдық қорларының және «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» өкілдері қатысып, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында беріліп жатқан көмектер туралы айтылды.

 

Семинарда «Бақытты отбасы» акция­сы аясында «Тұрғын үй-құрылыс бан­кінен» 2 пайыздық несиемен қалай үйлі болуға болады? Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін не істеу керек? Жеке кәсібіңді қалай ашуға болады? Отбасында ДЦП-мен ауыратын және мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жәрдем көрсетіледі? – деген сұрақтар төңірегінде біраз сөз болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Ол үшін баланың үйдегі жағдайы жасал­ған, ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы болуы керек. Өкінішке орай, біздің қоғамда баласына мектепте оқудың өзіне жағдай жасап бере алмайтын ата-аналар да бар. Көпбалалы, тұрмысы төмен, үйсіз жүрген отбасыларда баланың түрлі үйірмелерге қатысып, бойындағы қабі­летін жетілдіріп, потенциалын көтермек былай тұрсын, үйде сабақ оқуына да мүмкіндігі бола бермейді. Тап осындай отбасылардағы балалардың үй тапсырмаларын орындап, ағылшын тілін үй­ренуіне, ән, би, спорт үйірмелеріне қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға «Ернұр» әлеуметтік комплексті оқу орталығы жәрдем береді екен. Орталық 100 балаға лайықтап ашылған. Мұнда 1-4 сынып оқушылары мен 9-сынып оқушыларын қабылдайды. Бастауыш сынып оқушыларын қабылдау себебі түсінікті, ал 9-сынып оқушылары не үшін десек, оларды қабілетіне қарай белгілі бір мамандыққа икемдеуді мақсат тұтқан екен.

 

«Біздің негізгі мақсатымыз балаға білімнен бұрын тәрбие беру, – дейді орталықтың үйлестірушісі Нұргүл Бақтиярова. – Баланың көкірегіне Абай, Шәкәрім аталарымыз айтып кеткен «Ар ілімінің» сәулесін себу және баланы өмірге икемдеу. Көпбалалы отбасыдан ең болмағанда бір бала жарқ етіп жарыққа шықса, ол қалған бауырларын алға сүйреп кетер еді».

 

Сонымен қатар, бүгінде кез келген ата-ананың баламды қайтсем ойшыл, ғалым қыламын, қайтсем жұрт назарында жүрген белгілі азаматтар қатарына қосам деген үміт болатыны да жасырын емес. Жақсы біліммен қатар, жақсы тәрбие беру де екінің бірінің арманы. Алайда ата-ананың сөзінен гөрі әлеуметтік желілер мен теледидарда көрсетілетін жеңіл әзіл-күлкіге құрылған шоулар мен бағдарламалар үстемдік етіп тұрған бүгінгідей заманда баланы ойшыл етіп тәрбиелеу мүмкін еместей көрінетіні рас. «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан осы семинар үшін арнайы келген дінтанушы магистр Әділбек Нәби мен дінтанушы PhD докторы Мұхит Төлеген баланы ойшыл, ғылымға құштар етудің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан, бірақ кешегі Кеңес дәуірінде большевиктердің ықпалымен үзіліп қалған дәстүрлі дала оқулары бар екенін айтып өтті. Ол қандай оқу дегенде баланың 5-12 жас аралығын босқа өткізіп алмай, ертегі, аңыз-қисса, батырлар жырын жаттатып, кеудесіне даналықтың дәнін егу. Айналаны тануға ұмтылған кезіндегі «Аспан неге көк?», «Жұлдыздар неге жарқырап тұр?», «Қарлығаштың құйрығы неге ай­ыр?», «Жылан неге ирелеңдеп жүреді?», «Ешкі неге бақыра береді?» деген сияқты баланың таусылмайтын сұрақтарына ертегі, аңыз-қиссалармен жауап берсеңіз, ол баланың жадына тасқа жазылғандай жазылып қалады екен де, өсе келе ғылым­ға құштарлығын оятады екен.

 

«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры халқымызда бұрыннан бар, бірақ кеңестік дәуірде отқа жағылып, жойыл­ған «Сияр Шәріп», «Қисса сүл-әнбия» секілді кітаптарды іздестіріп, тауып бүгінгі заманға лайықтап қайта жазып, кітап етіп жарыққа шығарумен айналысады. Сонымен қатар КСРО кезінде посткеңестік елдерге енбей қалған психологияның үшінші мектебі В. Франклдың логотерапиясын қазақ тіліне аударып, оны қазақша қиссалармен байытып, «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітап шығарған. Кітапта адамдар неге суицидке ұшырайды, не себепті ішімдікке үйір болып, нашақорлыққа салынады деген сықылды сұрақтарға жауап беріп, оның негізін тарқатады.

 

«Логотерапия» деген сөздің өзі адамды даналықпен емдеу деген мағына береді екен. Яғни кішкентай күнінен аңыз, ертегі, қисса сынды даналық ілімімен сусындап, кеудесін хикметке толтырған бала қуыскеуделікке ұрынбай, дұрыс өмір сүре алады деген сөз. Ал кішкентай күніндегі қоршаған ортаны тануға деген қызығушылық сұрақтары жауапсыз қалып, арзан күлкі мен бос сөзге үйір боп өскен баланың кеудесі қуыс болып, өсе келе жайсыз оқиғаларға ұрынуы мүмкін. Кеуденің қуыстығын логотерапия­да «экзистенциялық вакуум» деп атайды. 

 

Жалпы, семинарға жиылған ата-аналар мен ұстаздар күнделікті өмірге қажетті ақпараттармен сусындап, даналық ілімінен нәр алып жатқан оқушылардың жаттаған қиссаларын тыңдап, қойылымдарын көріп, жақсы әсер алып қайтты деуге болады.

 

Рухани жаңғыру дегеннің өзі осы емес пе?

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ