Мектеп ішін камера арқылы бақылайды

03.09.2019
Қаралды: 75

Жаңа оқу жылы басталып, білім ордалары өз есігін оқушыларға айқара ашты.

 

Солардың қатарында Шымкент қаласындағы №90 жалпы орта білім беретін мектеп те бар. «Замана» газетінің таяуда жарық көрген нөмірінде біз осы оқу ошағының білім көрсеткіші бойынша жыл сайын үздік нәтижені көрсетіп келе жатқанын айтқан едік. Ал бұл жолы осы мектепке қатысты тағы бір жағымды жаңалық жөнінде әңгімелеуді жөн көрдік.

 

Атап айтқанда, аталған білім ордасында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қолға алу, іске асыру мақсатында 2016-2017 оқу жылында мектеп директоры Арман Шымбай­ұлының бастамасымен және мектептің қамқоршылық кеңесінің қолдауымен, кәсіпкер ата-аналардың атсалысуымен дыбыссыз бейнекамералар қойылыпты. Оның барлығы да мектептің техникалық қызметкер­лерінің күшімен орнатылған. Қазіргі таңда мектептегі 63 оқу бөлме­сінің 56-сында бұл камералар мүлтіксіз жұмыс істеп тұр екен. Бұл камералар мектеп асханасының ас дайындайтын тұсында және мектептің спорт залында да бар көрінеді. 

 

Арман Шымбайұлы бұл заманауи құрылғылардың игілігі мол екенін айтады. Мұны ол жас ұрпақты мәдени ашықтық сияқты факторларға тәрбиелеудің жолы немесе ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың қамы деп көрсетеді. Бұл туралы оның өзі былай дейді: 

 

«Ғасыр көші алға жылжыған сайын цифрлы технологиялар жоғарғы қар­қынмен дамып, халықтың қажетіне жараған дүниелер көбеюде. Біз де заман көшінен қалмауға және уақыт талабына сай әрекеттер жасауға тырысудамыз.

 

Дыбыссыз бейнежазбаның тиімділігі өте көп. Атап айтар болсақ, біріншіден, бұл оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, оқушылар қозғалысының реттілігін анықтау үшін өте тиімді. Үшіншіден, мұғалімдердің сабағын сыныпқа кірмей-ақ бақылауға, көруге оңтайлы.

 

Сонымен қатар, бұл ата-аналарға да тиімді болып тұр. Олар тек «Ашық есік» күні ғана емес, қалаған сәтте онлайн режимде балаларының сабағын тікелей көріп, қадағалай алады. Ата-аналар балаларының мектеп қабырғасында, сынып бөлмесінде не істеп, немен айналысып жүргенін біліп отырады. Нәтижесінде ата-аналар тарапынан балалары туралы мән-жайды білгісі келетін телефон қоңыраулары да азайды. Жалпы,  ол кісілердің де аталған бақылау түріне берер бағалары өте жоғары.

 

Бұл бейнекамералардың арқасында білім сапасы артып, оқушылардың белсенділігі бұрынғыдан да күшейе түсті. Мұның барлығы мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына үлкен үлесін қосады».

 

Бейнебақылау жазбалары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларының жіті назарында екен. Қажет болған жағдайда сақталған жазбаларды кері айналдырып көруге де мүмкіндік жасалыпты.

 

Расында, білім ошақтарына мұндай дүниелер керек-ақ. Осындай заманауи құрылғылар арқылы бақылауды күшейтуге болатыны белгілі. Сондықтан да аталған мектептің бұл бастамасы басқа да білім ордаларына үлгі болса екен.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ