Қазығұрттың басына пирамида орнатуда

03.09.2019
Қаралды: 109

Түркістан облысы өңіріндегі Қазығұрт тауының аты әлемге таныс десек болады. Ал «Қазығұрттың басында кеме қалған...» деп айтылатын әпсананы білмейтін қазақ кемде-кем. Міне, осы қасиетті тауға қатысты бір күннің ішінде екі адамнан қызықты әңгімелер естіп, таңқалып отырған жайымыз бар. Сосын оны оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

 

«Ана құрсағы» үңгірін көріп келіпті

 

Кешегі сейсенбіде редакциямызға Ақылбек Сыздықов деген кісі (суретте) келді. Бүгінде Қызылорда қаласында тұратын, жасы 61дегі бұл азамат туралы кезінде газетімізде жазғанбыз. 2003 жылдан бері әулиелі жерлерді аралап жүретін А.Сыздықовтың сыры беймәлім кей құбылыстарға қатысты айтар әңгімелері көп, оның бірқатарын осыдан үш жылдай бұрын жазғанбыз.

 

А.Сыздықов бұл жолы бізге Қазығұрт тауында көргендері жөнінде айтуға келіпті. «Қазығұртты құр айтып қоя салмай, оған әлем ғалымдарын шақырып, зерттету керек», – дейді ол кісі. Сөйтіп бізге тауда түсірілген біраз суреттерді көрсетті, сондағы жұрт «Ана құрсағы» деп атайтын үңгір туралы айтып берді.

 

«Мына үңгірді мен 2006 жылы алғаш келгенімде көрген едім, – дейді ол. –«Кемеқалғандағы» бұл үңгірге екі адам болып барып, ішіне түспек болғанбыз. Бірақ айдаһары бар дегенді естіп, оған жүрегіміз дауаламаған еді. Соны осы жолы тағы да барып көрдім. Оған баратын адамдар көп екен. Тереңдігі 1,5 метрдей болатын үңгірге түсіп, Алладан тілек тілейді. Сосын қайтадан шығады.

 

Зер салып қараңызшы, бұл үңгірдің аузы біздің ана құрсағынан өмірге келетін жолымызға өте қатты ұқсайды. Сондықтан да ол «Ана құрсағы» деп аталады. Оған кірген адам бері қарай басымен шығады, өмірге қайта келгендей болады.

 

Осы үңгірге Жаратушы құдіреттен бала тілеп, дертіне шипа сұрап, басқадай да тілектермен күніне ондаған адам келеді екен. Оңтүстік өңірінен ғана емес, басқа облыстардан, шет елдерден де келеді.

 

Бұл аумақта осындай бірнеше үңгір бар. Адам қолының, аң табанының тас­қа басылған іздерін көруге болады. Бас­қа да тылсым сырлы нәрселер табылады.

 

Бұл жақта ішіне 50 шақты адам сиятын үңгір де бар, Нұх пайғамбардың Құдайға құлшылық қылып, ғибадат ететін орны болған деп айтылады».

 

Осылай деген А.Сыздықов Қазығұрт тауына әсіресе ғалымдар назарын көптеп аударуы қажет деп санайтынын білдірді.

 

«Исламның өзі – тұнып тұрған ғылым. Қазір жұрт VІІ ғасырдан бері мұсылманбыз деп жүр ғой, ол дұрыс емес. Біз әлімсақтан бері мұсылманбыз. Адамзат баласы бір Адам ата мен Хауа анадан тарағанбыз. Қазығұрттағы «Ана құрсағы» үңгірі – соның айғағы, «Ей, адамзат, бәрің осындай ана құрсағынан шыққансыңдар!» – дегенді меңзеп тұрған сияқты.

 

Бүгінде кейбір ғалымдар Нұх пайғамбардың кемесі Арарат тауының басында қайырлаған деп жүр ғой. Оған өздерінше түрлі дәлел келтірген болады. Тағы біреулер басқа бір тауларды атап жүр. Бірақ олардың ешқайсысына да дәлел жоқ. Ал Қазығұртта дәлел көп деп ойлаймын.

 

Мысалы, Құранда Нұх пайғамбардың жан-жануар атаулыдан бір-бір жұптан алып, топан судан жүзіп өткен кемесі «Жуди» деп аталатын шағын тауда тоқтағаны туралы айтылыпты. Оның аспанмен тірескен заңғар биік емес, аласа, шағын тау екені айтылған. Яғни үстеріңе Пайғамбар кемесін тоқтатамыз дегенде алып таулар тәкаппарсып, өзінің биіктігін, қасиеттерін айтып мақтанып-даурыққанда Алла қаһарланып, кемені оларға емес, шағын тауға тоқтатқан екен. Біздің Қазығұрт – оңаша тұрған шағын тау. «Қазығұрттың басында кеме қалған...» деп айтылатын әпсанада негіз бар деп ойлаймын. Сондықтан онда ғылыми конференциялар өткізу керек, зерттеп-зерделеу қажет. Біз осы қолымыздағы барымызды ұқсата алмай жүрміз», – дейді Ақылбек Сыздықов.

 

Тау басына пирамида салуды бастаған

 

А.Сыздықовтың бұл айтқандары есімізге Қазығұрт туралы тағы бір әңгімені түсірді. Таяуда  шымкенттік Асхат есімді жігіттен Қазығұрттың басында біреулер пирамида салып жатыр дегенді естіген едік. Сосын оған хабарласып, сондай іспен айналысып жүрген адамның байланыс телефонын тауып беруін өтіндік.

 

Арада көп өтпей Асхат бізге осы істің басы-қасында жүрген адам – «Ясин» технологиясы және «Қазығұрттану» институтының директоры Берәлі Артығалиевтің телефон нөмірін тауып берді. Біз ол кісіге өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

 

«Ресей астрофизигі Козырев ойлап тапқан «Козырев айналары» деген галактикадан түрлі ақпараттар алуға мүмкіндік беретін құрылғы бар, соны ғаламтордан оқып, өз бетімше жасауды бастаған едім. Оның екеуін бір-бірінен 400-500 шақырым қашыққа қойып, екі адамды кәдімгі ұялы телефон арқылы байланыстырғандай байланыстыруға болады. Мысалы, мен бір заттың атын осында отырып айт­сам, алыстағы сіз оны сезініп, суретін саласыз. Міне, осындай құрылғыны медицина ғылымдарының докторы Казначеев науқастарға қолданып, ғажайып нәтижелерін көрген екен. Соны мен де істеп көрмек болдым.

 

Өзімнің де көріпкелдігім бар, Құран аяттарын қолданып адам емдеймін. Алдыма келетін адамдар бар. «Козырев айналарының» біреуін бітіргенімде маған бір әйел бір бүйрегін операциямен алып тастаған баласын алып келді. Содан мен дәрет алып, дайындалып келгенше осында жата тұр деп әлгі баланы толық бітпеген айнаға жатқызғанмын. Сол бала осыдан кейін өмірі қолына ұстамаған домбырамен күй тартатын дәрежеге жетті. Өзі денсаулығына байланысты сабаққа үлгерімі төмендеп кеткен екен, кейін Көкшетау жақта физикадан өткен олимпиадада бірінші орын алып келді. Яғни «Козырев айнасының» адамның бойындағы қасиетті оятатын да ерекшелігі бар екен.

Сосын мен оны өзіме де қолданып көргім келді. Алланың 99 есімін атап, зікір жасайтыным бар. Медитацияға 35-40 минуттай уақыт кетеді.

 

Бір күні әлгі айнаға кіріп, зікірді бастағанымда бір-екі минуттың ішінде ғана жанымда ғайыптан бір адам пайда болды. Алғашында қатты қорқып кеттім. Жын ба деп ойладым. Өйткені айнаның іші 120 сантиметр ғана, оған бір адамнан артық симайтын еді. «Мен де зікір айтамын», – дегенінде қуанып кеттім. Жын болса, ондайды айта алмайды ғой.

 

Әлгі қою қара сақалды, басына сәлде ораған, үстінде қою-жасыл түсті шапаны бар, көзі өткір, түрі арабтарға келетін адам: «Алланың атымен айта­йын, әй, Берәлі, сен мені танымай тұрсың», – деді. Қазақша сөйлегеніне де таңқалдым. Танымай тұрғанымды ишарамен білдіріп едім: «Мен сенің ұстазыңмын. Мен Мұхаммедпін», – деді де, шашымды қолымен артқа қарай тарай бастады. Сол кезде денем толықтай тітіркеніп, аяғыма дейін бірдеңе жүріп жатқан сияқты болып кетті. Кішкентай кезімнен бастап, бүкіл өмірім көз алдымнан өтіп жатты. «Сен дайынсың ба?» – деді әлгі кісі. Сол кезде өзімнің бағанадан бері үнсіз жылап тұрғанымды сезіндім. Неге дайын екенімді өзім де білмей тұрып: «Дайынмын», – дедім.

 

Бұл өткен жылдың қараша айында болған оқиға. Алғаш қар түскен, күн суық еді. Үстімде майканың сыртынан киген жұқа жемпір ғана бар. Сағат күндізгі 10.30-11.00-лердің шамасы болуы керек. Бір кезде өзімнің бұған дейін де талай шыққан Қазығұрттың басында тұрғанымды сезіндім. «Неге сен келгенде мыналарға қарамайсың? Бұлар қолдан жасалған, Алланың бұйрығымен осыдан 12 мың жыл бұрын Ыдырыс пайғамбар тұрғызған пирамидалар. Қиямет-қайымда бүкіл адамзат баласын тозақ отынан құтқаратын нұр-мекен. Арқайымдағы, Стоунхендждегі, Мысырдағы пирамидалар бұған жетпейді.

Алдағы жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстанда түрлі келеңсіздіктер орын алып, күшейе бастайды. Бұл саған үлкен белгі. Сен Арыстанбек Мұхамедиұлына, Дархан Қалетаевқа хат жаз. Бұл жер кейін әлемнен айына 10-12 миллион адам келетін, адамдар ағылып келіп жататын үлкен орынға айналады. Облыс әкімі Ж.Түймебаевқа да хат жаз. Адамдардан 50 теңге, 100 теңгеден садақа жинап, пирамиданың біреуін 21-маусымға дейін салып бітіріңдер. Бітірмесеңдер...», – дегенде көз алдымнан кинодағыдай болып жарылған снарядтар, адамдардың үрейлене алақ-жұлақ етіп, жылап-сықтап  бет-бетімен қашып жатқандары көрініп өтті. Мен Арыста орын алған тура сол көріністі арада екі күн өткенде «Ютуб» желісінен көрдім.

 

Әлгі адам сол жолы маған прамиданың шунгиттен салынуы тиістігін ескертті, Орақ батырдың ұрпағы Болат Бұралқыұлы дегенді тауып ал деп те айтты. Мен оны қаржысы көп, пирамида салуға көмектесетін адам болар деп ұққанмын. Сөйтсем, ол ауылда жүрген қарапайым азамат екен. Алматыдағы жігіттердің араласуымен ол адамды тауып алдым. Өзі 9 жасында алғаш рет сөйлеп, әкесін қатерден сақтандырған ерекше жан екен. Арыста жарылыс бол­ған кезде олар Текелі жақтан осында шунгит жеткізді. Текеліден Алматыға жеткенше төрт машина аударылып, шунгитті бірінен біріне ауыстырып артыпты. Қазығұртқа 1 тонна шунгиттің 450 килосы ғана жетті.

 

Сол күні шунгитті Жаңаталап деген ауылға түсіріп, бір-екі килосын төбешіктерге жаяу жеткіздік. Зікір айтып, шунгитті төбешіктің екі-үшеуіне салғанда ашық аспан жауынды күндегідей күркіреді. Содан төмен түссек, Арыстан қашқан адамдар еш айқай-шусыз автобустарға отырып, орналастырылатын аумақтарына қарай кетіпті», – дейді Б.Артығалиев.

 

Берәлі Артығалиевтан біз осындай әңгіме естідік. Шынын айтқанда, ол кісіден шытырманды қиял-ғажайып ертегісін тыңдағандай болдық. (Бұл жазғанымызды оқыған адамның да сондай күй кешері рас қой).

 

Ал ол кісінің айтуынша, әлгі үйінділер екі шыңның арасындағы ұзындығы 6,5 шақырымға, ені 2,5 шақырымға созыл­ған аумақта жатыр екен. 7-еуі – үлкен, 12-сі – шағын, барлығы 19 төбешік. Одан төменде крест белгісі барын айтады. «1934-жылдары оған Германиядан адамдар келіп, зерттеген екен, Зороастризмнің ғибадат орны болар деп шамалапты. Соған барып зікір айтқанда нұр сәуле түсті, жын келді, басқа да құбылыстар көрінді. Тауда жайылып жүрген 300-дей жылқы келіп, үйіріліп тұрды. Ұзындығы 35 метрдей айдаһар келгенін көрдім», – дейді Б.Артығалиев.

 

Б.Артығалиев пен жанындағы адамдар әлгі төбешіктердің біреуіне биіктігі 7 метрлік пирамида тұрғызыпты. (Оған 400 мың теңгедей қаржы шығындалды дейді). Енді қажетті қаражат табылса, қалғандарын да біртіндеп, ары кетсе, екі жылдың көлемінде аяқтамақ ниетте.

 

«Біз алғашқы пирамиданы 19-шілдеде тұрғызып бітірдік. Содан бері елімізде аса шулы оқиғалар болған жоқ. Пайғамбар маған солардың 7-еуін көтерсек, Қазақстан байып, әлемдегі қуатты елдер­дің қатарына жететінін көресің деген, нұр-мекенді көруге бүкіл әлемнен адамдар келетінін айтқан.

 

Біз бір пирамиданы ашқанда одан фундамент сияқты үлкен кірпіштер, Мысыр пирамидаларындағы сияқты жазулар көрдік. Сосын оны ешкім тимесін, бүлдірмесін деп жауып тастадық. Археологтарды шақырдық. Бірақ бұған әзір басшылық та, басқалар да қызығушылық танытпай отыр», – дейді Б.Артығалиев.

 

...Міне, Б.Артығалиевтан біз осындай өзгеше жайлар жөнінде білдік. Бас-аяғы бірер күннің ішінде ғана естіген әңгі­мелерімізді сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұдан қандай ой түю, әрине, әркімнің өз еркінде.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ