Финдер кімді жарымес, оңбаған, азғын деп санайды?

03.09.2019
Қаралды: 113

Солтүстік Еуропадағы шағын ғана Финляндия мемлекеті бүгінде бүкіл әлемдегі экономикасы өркендеген ең алдыңғы қатарлы елдердің қатарында тұр. Халқының саны 5 миллионнан әзер асатын бұл елде таңқалдыратын жайлар көп. Фин ұлтының кей ұстанымдарының өзі адамға ой салардай.

 

Мәселен, финдерде аса даңғазалы сән-салтанатқа әуестік деген атымен жоқ. Олар оны ортағасырлық деңгейдегі азғындардың астамшылығы деп қана санайды. «Нәжісін ағызатын алтын унитазға тек азғындар ғана отырады» деп айтады.

 

Финдер отбасының, әулеттің өзгелердің есебінен баюын да барып тұрған азғындық деп есептейді, оны өз халқына деген өшпенділіктің көрінісі деп қабылдайды.

 

Олар бюджет қаржысын жымқырушыларға да аса жеккөрінішпен қарайды. Сол қаржыға салынатын жолдармен балалар, немерелер жүреді, мектепке барады, сондықтан мұндай игіліктерге кедергіні тек қана оңбағандар, өз ұрпағына өшіккен жарыместер ғана жасайды деп есептейді.

 

Финдер ұрының қорқақ болатынын біледі. «Ұры өмір бойы әшкереленуден, әділ жазаға тартылып, сазайын алатынынан қорқумен болады. Мұндай адамда еркіндік ешуақытта жоқ, ондайлар – қоғамнан аласталған бейшаралар», – дейді.

 

Олар баланы «жайлы жерге» орналастыруды оның келешегіне зиянын тигізетін кедергі деп біледі. «Егер адам қажетіне өз білімімен, ізденісімен, өз күшімен жете алмаса, тіпті мұрагерліктің өзіне заңды жолмен ие бола алмаса, онда оған өмір сүру қиын болады. Сондықтан өз баласының болашағына мұндай проблеманы тек ақымақ, нақұрыстар ғана туындатады», – дейді финдер.

 

Бұлар кім-кімді де терең ойландыратын ұстанымдар-ау өзі...

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ