13 жасар бала квас жасауды қолға алды

03.09.2019
Қаралды: 212

Әдетте квас сусынын көбіне шөл қандыру үшін ішіп жатады. Дегенмен оның пайдасы да аз емес көрінеді. Квастың құрамындағы дәрумендер мен қоректік заттар ас қорытуға қолайлы әсер етіп, иммунитеттің жақсаруына септігін тигізеді екен. Сондай-ақ дисбактериозды жоятын, асқазан-ішек жолдарының ауруларына да қарсы әсері бар көрінеді. Бірақ ол үшін аталған сусын өз бабымен дайындалған болуы шарт.

 

Шымкент қаласының 13 жастағы тұрғыны Алмас Беласаров квасты сүйіп ішетіндердің қатарынан. Сондықтан ол квасты өз қолымен дайындап үйренуді жөн көріпті. 7-сынып оқушысы бұл істі осыдан бірнеше ай бұрын қолға алған. Алғашында Алмасқа квас жасауда әкесі көмектесіп жүріпті. Қазір ол бұл сусынды бастан-аяқ өзі дайындайтынын айтады. Біз Алмастан квас жасауға деген қызығушылығының қалай пайда болғанын сұрадық.

 

«Бұрын квасты дүкеннен сатып алатынбыз. Содан соң әкем «сатып ала бергенше, өзіміз үйде да­йындайық» деген ой тастады. Әрине, алғашқы жасаған квасымыз ойдағыдай болған жоқ, дәмі күйіңкіреп шықты. Сонда да бұл ісімізді тоқтатпадық. Үйрене келе қазір квасты жақсы жасай аламын деп сенімді айта аламын.

 

Мен жасаған квасты тек отбасы мүшелері ғана емес, көрші-көлең және үйге келген қонақтар да ішеді.Үйде үлкен тоңазыт­қыш болмағандықтан бұл сусынды аз-аздан жасаймын. Ол жарты күн жылы жерде, жарты күн салқында тұруы керек. Осылайша квас бір күнде дайын болады.

 

Болашақта мұны бизнес көзіне айналдырсам деген жоспарым бар. Ата-анамның маған көмектесетініне және мені қолдайтынына сенімдімін», – дейді ол.

 

Әр аспаздың өзінің құпиясы болатыны және оны ешкімге ашпайтыны секілді Алмас та квас жасауда өзіндік құпиясы бар екенін, аталған сусынның рецептімен ешкіммен бөліспейтінін алға тартты. Сондай-ақ ол тек квас қана емес, басқа да тағам түрлерін жасай алатынын айтады.

 

«Ата-анам жұмысқа кеткенде үйде қарындасым екеуміз ғана қаламыз. Қалаған асымызды жасап жеу үшін олардың дайындалу жолдарын  үйренуді шештім. Қазір мен жеңіл тамақтың бірнеше түрін, бәліштер, коктейль мен балмұздақ та жасаймын», – дейді Алмас.

 

Анасы Нағима да ұлының бұл сөзін растайды.

 

«Алмас қазір кулинариямен көп айналысып жүр. Асүйге ебі бар. Өзі қалаған тағамын «Youtubе»-тан көріп алып, жасай береді. Квасты да алғашында әкесі екеуі ғаламтордан көріп, жасап жүрген. Кейін Алмастың өзі дайындай беретін болды. Мен оған кейде асүйдің шашылғанына ренжіп, «осыны дүкеннен-ақ сатып ала салшы» деп ұрысып та алатынмын.

 

Біз негізі ұлымызға шаштараздың оқуын оқытып, оны осы мамандыққа баулимыз деп ойлағанбыз. Себебі ол шашына, киіміне қарағанды жақсы көреді. Маған да қандай киімдер киіп, қандай шаш үлгісін жасау керек екенін айтып отырады. Соған байланысты есіктің алдынан сән салоны ғимаратынын құрылысын бастап та қойдық. Оның «фундаментін» әкесі екеуі құйды. Бірақ қазір сән салонынан гөрі квас орталығын ашсақ дегенді көп айтып жүр. Бұл бұрын ойда болмаған дүние еді. Осындай ерекше кәсіппен айналысу Алмастың жоспарында бар», – дейді анасы.

 

Расында да, жасөспірім баланың бұл әрекеті сүйсінерліктей екен. Ерте жастан еңбекке ұмтылып, болашаққа жарқын жоспарлар қойып отырса, демек, Алмастың квасы болашақта брендке айналуы да әбден мүмкін емес пе?

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ