Іші күйгендер тұз жаласын

03.09.2019
Қаралды: 86

Нұрғали ағаның төсек жаңғыртуына «беттерін тырнап», таңқалып, «талып» жатқандардың қатары көбейіп келеді.

 

Оларға айтарым – тоқал алғандардың алғашқысы және соң­ғысы Нұрағамыз емес. Бұл сона-а-ау Көктүрік бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр.

 

Тоқал алмаған бір де бір ханды естімеппін де, оқымаппын. Шыңғысхан көп әйел алмаса, әлемді билеген баһадүр ұлдар тумас еді. Абылай хан оннан артық әйел алмаса, қазақты билеген хандар, Кенесарыдай батыр қазақта болмас еді.

 

Құнанбай төрт әйел алмаса, ұлы Абайды қазаққа кім береді?

 

Біздің 94 жастағы Найман бабамызға жалғыз ұлы қайтыс бол­ғанда келіні өз елінен қыз алып беріп, сол «Қыз енейден» туған жалғыз ұлдан рулы ел тараған. Айта берсең,  мысал көп.

 

Ұлы режиссер Асқар Тоқпанов біздің курстасымыз Жаңыл қызды 72 жасында алып, өзінен аумайтын егіз қыз сүйген.

 

Қос бірдей арыс ұлдарынан айырылған ұлы актер Асанәлі ағамыз 70-тен асқанда төсек жаңғыртып, торсық шеке ұл сүйіп, ғұмырының жалғасын құшып, өмірін қайта бақытқа бөлеп, ұрпағын жалғастырған жоқ па?

 

Елбасы Нұрағамыздың да төсек жаңғыртып, қаны мен жанын, әулетін жалғастыратын ұл сүйгеніне тек қуандық.

 

Солар сияқты Нұрғали ағамызға да Алла берсе, келер жылы ұлды болуы ғажап емес.

 

Адам шыр етіп туғанда маңдайына Алла тағдырын жазып қояды дейді ғой. Сондықтан да біреудің жеке өміріне араласып, «ақыл» айтып, өсектеу – мәдениетті адамға жат қылық. Одан да Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романын оқыңдар.

 

Нұрағаға тек жақсылық тілеймін, жаңа жең­гемізбен бақытты, ұзақ ғұмыр кешсін!

 

Ал іші күйгендер тұз жаласын!

 

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ