Шаруаларды шырылдатып, тәжірибе жасау қашан тыйылады?

03.09.2019
Қаралды: 203

Редакциямызға Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданынан жеке кәсіпкер Иса Дадабаев келді. Ол кісі бізге өздері еңбек етіп жүрген салада болып жатқан қиыншылықтар туралы айтып берді.

 

Жалпы, сонау 1990 жылдары-ақ «Заман» атты шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгеленткен Иса Дадабаевтың есімі көпшілікке таныс. Газетімізде ол кісінің отбасының көпке үлгі болатын іс-әрекеттері туралы бірнеше мәрте мақалалар жарық көрген. Кезінде газетіміз арқылы өзін толғандырған мәселелерді көтеріп, көпшілікке мал ұстап, бақша егуде пайдасы тиетін ақыл-кеңестерін ұсынып жүрген Исекеңді оқырмандарымыз ұмыта қоймаған болар деп ойлаймыз.

 

Міне, зейнетке шықтым деп қарап отырмайтын, істің көзін таба білетін осы ағамызды бүгіндері қарадай шаршатып жүрген бір жай бар. Осыған тиісті сала басшылары бір зер салып, мән беріп қараса екен дейміз.

 

«Заман» шаруа қожалығын өңіріміздегі жеке кәсіпкерліктің алғашқы қарлығаштарының бірі деуге болады. Ол ірі қара мал асырап, сүт өндірумен айналысады, Төлеби ауданындағы «ФудМастер» компаниясының белді серік­тестерінің бірі ретінде оған тонналап сүт өткізеді. Бірақ «Заман» шаруа қожалығы соңғы кездері біраз қиындықтар көре бастады. Төменде айтылып отырған жай солардың бірі ғана.

 

«Осыдан үш жыл бұрын басшылар кооперативке бірігіңдер, табыстарың еселеп артады, бірігіп жұмыс істеу оңай болады дегесін кооператив ашқан едік, – дейді И. Дадабаев бұған байланысты. – Қарық боласыңдар дегесін 10 қожалықтың адамдарын үгіттеп, кооперативке біріктік. Бірақ одан кереметтей пайда көргеніміз жоқ. Ақырында кооператив тарап тынды.

 

Алғашында бізге субсидия берген. Ал биыл одан да қағылдық.  «Әне береді», «міне береді» деп созбалаңға салып жүргенде кооперативке біріккен қожалықтар бәрінен үміт үзіп, бөлініп кетті.

 

Субсидияны әр тоқсан сайын беріп тұруы керек еді, биылдыққа біреуін де алған жоқпыз. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері облыс орталығы Түркістанға көшкесін сонда кеткен. Біз жақта Сарыағаш, Қазығұрт аудандары бойынша бір өкіл екен, оның өзі тұрақтамайды. Сәті түсіп, сөйлесе қалсақ, құр уәде берумен құтылады. «Кооперативті жаптық, енді жеке шаруа қожалықтарын қалпына келтіру керек. Субсидия сосын болады. Әзірге құжаттарды да­йындап жатырмыз. Екі-үш адам қол қоюы керек», – деген сияқты сылтаулар айтады. Жыл басынан бері бітпейтін оның қандай жұмыс екенін білмедік.

 

Қаржылай қолдау болмағасын бізге сүт сатып алу да қиын. Оның үстіне қазір сиырлардың суалған кезі. Сүт өткізбегесін «Фуд­Мастердің» төлейтін айлық жалақысы да жоқ. Шаруашылыққа қарап отырған балаларға қиын болды. Жәрдемақы алайын десе, кәсібің бар, несие алғансың деген сөздермен жолатпайды.

 

Осындай кезде арқа сүйейтініміз – субсидия. Бірақ оны жыл басынан бері ала алмай жүрміз».

 

Қазығұрттық Иса Дадабаев осылай дейді. «Кооперативке біріксеңдер, қарық боласыңдар» деп үгіт жүргізгендер кейін одан ештеңе шықпайды екен деп оны жауып тастапты. Осыған қарап отырып шаруа адамына жаның ашиды. Олар бейне бір ауыл шаруашылығын ұшпаққа жеткіземін деп түрлі эксперимент жасап жүр­гендердің тәжірибе алаңына айналған сияқты.

 

Бұлай деп шырылдап жүрген тек И. Дадабаев қана болмауы мүмкін. Тиісті жерге үні жетпей жүргендер ел ішінде баршылық шығар деп ойлаймыз. Олай болса, облыс басшылары, тиісті сала мамандары олардың зарына құлақ түруі керек қой. Сонда мүмкін көп нәрсенің беті ашылар ма еді?

 

Істің көзін тауып, кәсіппен айналысамын дегендерге қолдан осындай кедергілер жасала берсе, ауыл шаруашылығы қайтіп дамиды?

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ