Қытайдан келген қазақтың айтқандары

03.09.2019
Қаралды: 151

Қытайдағы қазақтар тақырыбы қанша уақыттан бері айтылып келе жатқан мәселелердің бірі. Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде «Қытай қазақты неге қорлады?» деген видео жарияланыпты.

 

Онда Айбат Кәрібай есімді азамат Қытайдағы қазақтардың қысым көруінің себебін түсіндіріпті. Өзінің айтуынша, ол Қытайда туып-өскен, 25 жыл сол елде тұрып, 6 жыл Бейжің қаласындағы университетте білім алған екен. Ол қытайлардың қысымы туралы былай дейді:

 

«2009 жылдан бері Қытайдың Қазақстанмен болған саяси-экономикалық, идеологиялық байланыстарын бір кісіше зерделеп жүрген азамат ретінде жеке азаматтық пікіріммен бөлісіп отырмын. Қытайдағы қазақтың қорлық көруінің себебі не?

 

Біріншісі – экономикалық себеп. Өйткені Қытайдың экономикасы 2013-2014 жылдардан бері құлдырай бастаған. Сондықтан бюджеттегі ақшаны не­ғұр­лым сығып ұстауға мәжбүр болған. Ал Қытай қазақтарының 400 мыңға жуы­ғы, оның ішінде азаматтық алған-алма­ғаны, келіп-кетіп жүргені бар, Қазақстанда жүр. Яғни Қытайдан алған ақшасын, жиған-тергенін Қазақстанда шашып жүр.

 

Сондай-ақ Қытайдағы 1,5 миллионнан астам қазақ соңғы жылдары тұрмыс­тық бұйымдардан неғұрлым Қазақстанның тауарларын тұтынуға көшкен. Қыл аяғы дастархандағы ұн, шай, май, қант, кәмпитіне дейін, кейбіреулер тұтынуға жарайтынның бәрін Қазақстандікін алдырады. Әрине, оның бәрі Қазақстаннан шықпаса да осы жақтан апарыл­ған заттардың бәрін тұтынуға пейілді болған. Яғни ондағы қазақтарда Қытайдан алған айлығын, еңбекақысын Қазақстанның тауарына немесе Қазақстанда жұмсауға мүмкіндіктер пайда болды. Бұл Қытай үшін келеңсіз жай болып есеп­телді. 400 мың қазақтың бәрі болмаса да басым бөлігі Қазақстанға келіп ақшасын жаратып жүр. Бұл Қытай үшін аз сан болса да, Шыңжанның экономикасы үшін белгілі бір деңгейде жыртығын жамайтын ақша еді».

 

Осылай деген Айбат мырза қандастарымыздың қорлық көруіне алып келген тағы бір себептің бар екенін сөз етеді.

 

«Екіншісі – идеологиялық себеп. Қазақстан мен Қытай ынтымақтастық орнатқалы бері, әсіресе 2004-2005 жылдардан бастап Қытайда Қазақстанның ақпараты молая бастады. 2003-2004 жылдардан бері қарай барыс-келіс өте жиілегендігі себепті дін, өнер, мәдениет жағынан ақпарат алмасу өте тығыз бола бастады. Әсіресе Қазақстаннан діни білім мен ақпар алып, дінге шынайы бет бұрған қазақтардың саны аз болмады. Сондай-ақ Қазақстандағы діни радикалдардың ықпалында кеткендер де жоқ емес еді.

 

Сонымен қатар, «Wechat» текшесі шыққалы бері Қазақстанның әнші-күйші­лерінің, өнер адамдарының, жазушыларының бүкіл шығармалары, күнделікті жаңалықтары осы текшеде төте жазумен жазылып, дыбысталып, Қытай қазақтары көлікте де, үйде де телефон ар­қылы басым мөлшерде Қазақстан ақпаратымен сусындайтын деңгейге жетті. Тіпті Қытай қазақтары «Wechat»-тағы атауларына түгелдей «kz» деген Қазақстанның ғаламтордағы атын пайдаланатын болды.

 

Қазақстаннан Қытайға барып концерт қоятын, шығармашылық кешін өткізетін ақын-жазушылар, әнші-күйшілер – бұл да Қытай қазақтарының патриоттығын оятқан ерекше үдеріс болды. Мұның бәрі Қытай үкіметінің жынына тие бастады. Өйткені Қытайдың басты ойы өзінде тұрып жатқан халықты біртіндеп өзінің ығына жығып, өзімен бір тілде, бір дінде, бір әдет-ғұрыпта болатындай етіп, өз идеологиясын жүргізу болатын», – дейді Айбат мырза тағы да. 

 

Соңында ол ең маңыздысы ретінде мұның саяси себебіне де тоқталады.

 

«Қытай 1949 жылдан бері қарай қа­зақ­тарды, ұйғырларды, жалпы, аз ұлт­тарды зорлықпен өздеріне икемдеген. Ататынын атқан, кәмпеске кезінде байларды кәмпескелеген дегендей. Ал кейінгі кездерде олар шетелмен экономикалық реформа жасағандықтан неғұрлым еркін бағытта жүруді көздеді. Бірақ сонда да аз халықты біртіндеп өздеріне сіңіруді мақсат етті. Сол үдерісті мақсатты түрде қадам-қадамымен жалғастырды. Мысалы, 2014-2015 жылға дейін қазақтілді мектептер жабылды. Оның үстіне Қазақстанға ірілі-ұсақты көптеген компаниялар кіре бастады. Олар өздерінің адамдарымен, мамандарымен кіруі керек болды. Сол жағдайда Қазақстан жеріне келіп зауыт ашқан қытайлар мен қазақ жұмысшыларының арасында келеңсіздіктер туды. Мысалы, Ақтоғайдағы 10 мың адамға таяу жұмыс істейтін үлкен кен орнында төбелес шығып, 200 қытай жараланып, 3 немесе 8 адам өлді деген мәлімет бар. Қалған қытайларды тоз-тозын шығарып сабап, қуып, қаңғытып жіберді. Сот болғанымен, оның шешімі Қытайға тиімсіз болды. Көп қазақ айыпты деп танылмағандықтан Қытайдың фирмалары, компаниялары Қытай үкіметіне арыздарын жаудырды. Онсыз да олардың адамдарының келіп-кеткен визаларына, басқа да рәсімдеріне қиындықтар, кедергілер аз болмаған. Ол да Қытайға ұнамаған. Ол кедергілер негізі қытайға ғана емес, қазаққа да бұрыннан бар кедергі. Соған байланысты «инвесторларға жағдай жасалмады, жұмысшыларымыз әділетсіздікке тап болды» деді.

 

Естеріңізде болса, 2016 жылы Қытайдың бас елшісі орыс тілінде: «Ей, қазақтар, сендер кіммен ойнап отырсыңдар?! Қытай – әлемдегі екінші ірі экономикалық держава. БҰҰ-дағы бес ірі тұрақты мүшелердің бірі. Бүкіл әлем санасатын елмен сендер неге ойнап отырсыңдар?!» – деп сес көрсеткені жарияланған болатын. Сол 2016 жылдың басынан бастап Қытай үкіметі қазақтарды тізгіндеуге көшкен. Қытай дінді, ананы-мынаны сылтау етіп, Қазақстанның тез арада Қытай жұмысшыларының, келіп-кеткен адамдарының мәселесін уағында шешпегеніне қарымта ретінде Қытай қазақтарына да ұйғырға кигізген кепті кигізді. Яғни паспорт­тарын заңсыз жиды, діни адамдарды, өздері куәліктеп берген молдаларды «Сая­си үйрену орталығы» деп аталатын түрмеге тоғытты. Осылайша Қытайға қарсы ниеті барлардың барлығы түрлі сылтаумен ұсталды», – дейді Айбат. 

 

...Айбат Кәрібай көрші елдің саясатына деген көзқарасын осылай жеткізіпті. Бұл – оның жеке пікірі. Сондықтан ол айтқан ақпараттардың қаншалықты шындыққа сай келетіні әзірге белгісіз.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ