8 түрлі бәсекеде 23 жігіттен озып шықты

02.09.2019
Қаралды: 90

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында «Толағай сұлтан – 2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысы өтті.

 

Жылда облыс көлемінде өтетін сайыс бұл жолы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты.

 

Аталған сайысқа еліміздің әр облысынан, сонымен қатар Мон­ғолия мемлекетінен жалпы саны 23 жігіт  қатысты. Екі күнге созылған жарыста жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күрес, таныстыру, өнер, сұрақ-жауап сынды 8 түрлі бәсекеден сайыстар өтті. Алғашқы күні спорттық сайыста білек күші сыналса, екінші күні спортшылардың білімі мен ой-өрісі сыналар сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Өнері мен білімі, күші мен  ептілігі елден асқан 23 жігіт жұртты спорттық сайыстың қызығына батырып, Көкпектінің аспанын ән мен жырға бөледі.

 

Осы сайыста Түркістан облысының намысын Теріскейдің тумасы, талай додада көзге түскен Әкбар Елубайұлы қорғады. Қарсыластарынан бір саты биік өнер көрсеткен Әкбар қазақ күресінен бірінші орын алды. 120 келілік тайыншаны 20 рет көтеріп, дүйім жұртты таңқалдырды. Сұрақ-жауап сайысында да білімі мен білігін көрсетті.

 

Әкбар Елубайұлы еркін күрестің шебері ғана емес, жігіттің сұлтаны екенін дәлелдеп, «Толағай сұлтан – 2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысында 1-ші орын алып, 1  миллион теңге сыйлық иеленді.     

 

Ерлан  БОЛАТХАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ