«Ақжайыққа» қатынайтын автобус аса қажет

02.09.2019
Қаралды: 55

Шымкент қаласындағы «Ақжайық» шағын ауданында (бұрынғы «Қайтпас-2») 15 мыңдай тұрғын бар. Жұмысшы, оқушы, студент, қызметкерлер әр үйден біреу шығады деп есептегенде күніге 3 мыңға жуық адам жолаушылайды.

 

Осындай елді мекенге қаладан қатынайтын арнайы қоғамдық көлік бағыты жоқ.

 

Осы елді мекеннің орталық көшесімен қала орталығына жақын «Гиперхаус» аялдамасы арқылы «Дос­тық» шағын ауданына, «Саяжайға», «Қайнарбұлаққа», «Асар» шағын ауданына қатынайтын көліктер жүреді. Орталық бір көшемен ғана. Жүгіңізді арқалап сол көшеге шығуға мәжбүрсіз. Әлгі елді  мекендерге қатынайтын  көліктер  екі жақтан да толып келеді де, көп ретте, әсіресе таңертеңгі және кешкі уақыттарда осы «Ақжайық» шағын ауданының адамдары сыймай қалып кетеді. Сосын олар жолай өтіп жатқан көліктерге қол көтеруге немесе такси шақыруға мәжбүр.

 

Ілгеріде, 2003-2004 жылдары осы шағын ауданнан «Гиперхаус» аялдамасына дейін «Газельдер» қатынайтын. Қазір олар жоқ. Сонда біздің жағдайымыз ілгерілеудің орнына кейін кетіп бара жатқаны ма деп ойлайсың кейде.

 

«Пәленбай автобус сатып алатын болдық. Қоғамдық көліктер бағытындағы жағдайды жақсартамыз» дегенді жиі естиміз. Алайда қала орталығында болмаса, шет жаққа қатынайтын бағыттарда жақсарып жатқан ештеңе байқалмайды. Қайта автобустар саны кеміп, кейбір маршруттар мүлдем тоқтап  жатқан тәрізді.

 

Қысқасы, біздің «Ақжайық» шағын ауданына қала орталығына жақын «Гиперхаус» аялдамасы арқылы жүретін арнайы қоғамдық көлік бағыты ашылса екен деп қала басшылығынан өтініп сұранамыз. Егер арнайы бағыт ашылған жағдайда сол бағыттағы көліктер «Ақжайық» шағын ауданындағы үлкен екі-үш көшені аралап жүретін болса тіпті жақсы болар еді. Өйткені «Ақжайық» шағын ауданына келіп қайтатын №87 бағыттағы «Газельдер» мүлде теріс бағытқа, «Алаш» базары аумағы арқылы жүреді. Ал біздің негізгі баратын бағытымыз қаланың барлық аумағына көліктер жүретін, қала орталығына  жақын, жұрт «К.Маркс» деп атап кеткен аялдама («Гиперхаусқа» жақын жер) болып табылады.         

                                            

Ауыл тұрғындары атынан:

Жаңабай ТӨЛЕУІШ, зейнеткер.  

Жаңабай Төлеуіштің байланыс телефоны: 8-701-553-04-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ