Арыстағы ахуал қандай?

02.09.2019
Қаралды: 234

Арыс тақырыбы күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Ел ішінде «Арыста кейбір адамдардың үйлерін әлі жөндеуді бастамапты», «сносқа» кеткен үйлердің іргетасы да құйылмаған» деген сынды алып-қашпа әңгімелер желдей есіп тұр. Арыстықтарға тілеулес болып жүрген сырттағы ағайынның да елде бір іс-шара өтіле қалса, «Той тойлай бергенше арыстықтардың үйлерін жөндеп бермей ме?» деген сықылды әңгімелері осындайдан шығады.

 

Әу баста түсінісулері қиын болған екен

 

Кешегі аптада Арыстың «Хлопком» деп аталып кеткен мөлтек ауданына жолымыз түскен еді. Бұл жерді 14-сектор деп атап, Алматы қаласының енші­сіне бөліп қойған екен. Бізге алматылық «Высотник» құрылыс компа­ния­сының бас директоры Сабыржан Мұхаметхан мырзамен (суретте) тілдесудің сәті түсті. Ол кісіге көкейдегі сұрақтарымызды қойдық.

 

«Алматы қаласы әкімшілігінен  екі құрылыс компаниясын жіберді, – дейді Сабыржан Мұхаметхан. –  Біз мұнда 28-маусым күні келдік. 14-сектордың өзін ішінен 2 секторға бөлген екен. Біздің компанияның еншісіне 1-сектор түсіп, 170 үйді жөндеу тапсырылды. Жөндеуді шілденің 7-8-деріне бастап, күні бүгінге дейін жұмыстың 95 пайызы орындалды деуге болады. Көп үйлерге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 6 үй жаңадан салынып жатыр. 7 үйді шатырын алып тастап, «сейсмопояс» құйып, шатырын жауып беріп жатырмыз. Жөндеуге берілген үйлер толықтай бітіп тұр. Ал «сносқа» кеткен үйлерді қыркүйектің ортасына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Басында жергілікті халықпен түсінісіп жұмыс істеу сәл қиынға соққан. Ол кісілерді де түсінуге болады. Біз: «Алматының атына дақ түсіретін жұмыс жасамаймыз. Соңғы бір адамның үйі толықтай жөндеуден өтпейінше кетпейміз», – деп уәде беріп, түсіністік. Сөйтіп, берген уәдемізде тұрып, жұмысымызды бітуге де таяп қалдық.

 

Жөндеп береміз дегенге көнбей, «снос­қа» жібересіңдер деп қарсы болған екі отбасы болды. Оларды біз Арыс қаласының әкімшілігіне өткізіп бердік. Себебі олардың үйлері «сносқа» жіберу талаптарына сәйкес келмейді. Бізден бұрын Алматыдан эксперттер келіп «дефектный акт» түзіп кеткен. Ол актіде біздің қай үйге қандай жұмыс жасайтынымыз көрсетіліп тұрады да, біз сол бойынша жұмыс жасауымыз керек болатын. Кейін олар да шешімдерін өзгертіп, жарайды, енді халықтың жағда­йына қарап жасаңдар деген соң 30 пайыз үйлердің шатырын ауыстыру керек болса, біз 80 пайыз ауыстырдық. Кей үйлердің терезелерін емес, тек әйнектерін ғана ауыстыру керек болғанымен, біз тере­зесімен қосып ауыстырған жағдайлар болды. Үйлердің іші-сыртын сылап, әрлеу жұмыстарын жасар кезде тұрғындардың өздері қалаған түспен бояп, сыртына «дождик» ұрдық. Жалпы, жұмыстарымызды абыроймен атқарып шықтық деп айтуыма болады».

 

«Высотник» компаниясына алғыс айтуда

 

Сабыржан мырзадан соң біз жергілікті тұрғындармен де әңгімелестік. Осы сектордағы П. Арапов көшесі, №42 үйдің тұрғыны Алмагүл Қайырбаева (суретте): «Біздің үй сонау 1960-жылдары кесекпен салынған ескі үй болатын. Өзі де тозығы жетіп, құлайын деп тұрған. Жарылыс кезінде снаряд түспесе де лебінің өзіне үйіміз екі жаққа айырылып кетіпті. 28-маусым күні үйімізге келсем, құрылыс компаниясының адамдары менен бұрын келіп, үйімізді көріп тұр екен. Жарылып тұрғанын көрді де: «Үйіңізге кірмеңіз, құлап кетуі мүмкін», – деді. Сонымен екі-үш күн өткеннен кейін үйімізді бұзып, бүгін міне, шатыры жабылып, сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйіміз бұрын­ғы жоба бойынша салынған, верандасы бар, қыстыгүні ол жерде отыра алмайтынбыз, суық болатын. Компания үйімізде тура сол көлемде, бірақ жаңаша про­ектімен әдемі етіп тұрғызып жатыр. Өзім үш баланы жалғыз жеткізіп отырған жесір әйелмін, мұндай етіп үй тұрғызуға мүм­кіндігім болар ма еді, жоқ па? Отбасымыздың атынан «Высотник» компаниясы ұжымына,  басшысы Сабыржан Мұхаметхан мырзаға айтар алғысым шексіз. Алланың нұры жаусын!»

 

«Қазақ болып туғаныма қуандым»

 

Ал Сматулла Файзуллаев (суретте) деген кісі: «Арыс оқиғасы менің қазақ болып туғаныма мақтанышымды оятып кетті, – деп бастады әңгімесін. – Бір күнде дымы жоқ бейшара болып қалғанымызда артымызда қамымызды жейтін ел-жұртымыз барын көрсетті. Біз біріміздің басымызға іс түскенде бәріміз аяқтан тік тұратын мықты ел болады екенбіз.

 

Жарылыстың кезінде көлігіме аяғы ауыр екі келінім мен көрші әйелдер мен балаларды алып қашқанмын. Әйелім мен қызым, ұлдарым жұмыста еді. Анам бір жерге шығып кеткен. Қайсысының қайда екенін білмеймін. Монтайтасқа жетке­німізде суы мен нанын, ақшасын ұсынып адамдар алдымыздан шыққанда қазақ боп туғаныма қуандым, мақтандым да.

 

Үйімізді былтыр ғана салып біткенбіз. Әйелімнің таңертең ерте тұрып үйді жинап тазалап, есік-терезені ашып тастайтын әдеті бар еді. Сол пысықтығының арқасында ма, әлде жарылыстың лебі бес метр биіктіктен соққан дейді, біздің үй екіқабатты болғасын лебі тимеді ме, білмеймін ғой қалай болғанын, онша зақым келе қоймапты. Бір-екі тереземнің асты сәл жарылып кеткен екен. Оны көріп  Сабыржан Мұхаметхан: «Бірінші қатты бұзылған үйлерді жөндеп берейік, сіздерді соңына қарай істейік», – деді. Көндім. Уәдесінде тұратын азамат екен. Бүгін жұмыстарымыз бітуге таяды ғой деп жігіттерін жіберіп, қазір үйді жөндеп жатыр. Мен бүкіл елге, сосын осы «Высотник» ұжымына шын жүректен алғысымды айтамын».

 

...Көріп-білгеніміздей, 14-сектор тұрғындары өздеріне бөлінген құрылыс компаниясының жұмыстарына дән риза. Ал басқа секторлардың жұмысы қалай жүріп жатыр, ол жағын кейін тағы естіп, біле жатармыз. Әзірге барып, көзімізбен көріп қайтқан жайт осындай.

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ