"Астана" қай елдің командасы?

02.09.2019
Қаралды: 96

Тәуелсіз еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанның спорттық намысын қорғап жүрген «Астана» футбол клубын жұрт жақсы біледі. 2009 жылы құрылған бұл команда бес рет ел чемпионы  атанып, үш рет Кубок пен төрт рет Суперкубокты жеңіп алған.

Еуропадағы бәсекелерде де табысты өнер көрсетіп жүр. Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде өнер көрсетумен қоса Еуропа лигасында да ойнаған. Биыл да әне-міне дегенше Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.

 

Тіл-көзіміз тасқа дегенмен, мына бір жағымсыз жағдай  еріксіз  жағамызды ұстатады. Клубтың жылдық бюджеті 32-35 миллион долларды құрайды. Сол қыруар қаржының басым бөлігі шетелдіктердің есеп-шотына түсіп отыр.

 

Өкінішке орай, «Астананың» аты солай бол­ғанымен, заты басқа болып тұр. Бұлай дейтініміз, осы команданың президенті Пол Эшуорт (Ұлыбритания)  пен бас бапкері Роман Григорчук (Украина) мырзалардан бастап, оған мүше 18 ойыншының тең жартысы – жатжұртттықтар. Санамалап көретін болсақ, қорғаушылар — Антонио Рукавина – Сербия, Жарко Томашевич – Босния және Черногория, жартылай қорғаушы Дорин  Ротариу – Румыния, Рунар Мар Сигурьонссон – Исландия, Марин Томасов пен Лука Шимунович – Хорватия, Иван Маевский – Беларусь, шабуылшы Фирмин Мубеле – Конго, Рангело Янга – Кюрасао елінің азаматтары. Сербиялық қақпашы Ненад Эрич пен ресейлік қорғаушы Евгений Постниковқа Қазақстан азаматтығы берілген. Бұған Түркияның Конья қаласындағы «Коньяспор» клубына таяуда ғана ауысқан Босния және Черногорияның өкілі Марин Аничичті қосыңыздар. Қалған жетеуі ғана таза қазақстандық, соның ішінде екеуі ғана нағыз қазақ болып табылады. Олар: қақпашы Александр  Мокин, қорғаушы Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов, Юрий Перцук, шабуылшы Абзал Бейсебеков, Роман Муртазаев.

 

Кейде сол қос қандасымызды да жасыл алаңға шығармай қояды. Бір ауық бізге елордалық клубтың ойыншылары: «Барлық ел­дердің легионерлері, бірігіңдер!» деп ұрандайтын сыңайлы көрінеді.

 

Айналайын ағайын, әділдігін айтыңыздаршы, сонда  «Астана» қай елдің командасы болғаны? Кезінде Қазақстан футбол федерациясы Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубына көрсетілген лимиттен артық легионер алып қойғаны үшін қомақты көлемде айыппұл салумен қатар, Еурокубок бәсекелерінен шеттеткені естеріңізде шығар. Дәл сондай тәртіптік жазалау шаралары «Астанаға» келгенде неліктен жүзеге аспай  қалатыны түсініксіз.

 

Сіздер бұған не дейсіздер, жанкүйер қауым?

 

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.                                                                                                                              

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ