Мәртебелі Мәртөбе

02.09.2019
Қаралды: 56

30-тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай Шымкент қалалық сотында «Қазақ дала парламентінің түп атасы – Мәртөбе» атты конференция болып өтті.

 

Оған Шымкент қаласындағы сот төрағалары мен судьялары, заңгерлер, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, Билер кеңесінің мүшелері, тарихшы ғалымдар, жергілікті атқару органдарының қыз­меткерлері, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ол  қазақ халқы құ­қықтық мәдениетінің арғы-бергі тарихына тоқталып, мысалдар келтірді.

 

«Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Мәр­төбеде қабылданғаны және сол заманда Мәртөбе дала парламентінің ролін атқарғаны тарихтан мәлім. «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» деген халық мақалы бар. Тәуке ханның «Жеті жарғысына» негізделген дала заңдары бүгінгі заманға ұласып, 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың кейбір баптарының соларға сәйкес, үндесіп жатқаны байқалады», – деді өз сөзінде Ербол Мұқажанұлы.

 

Бұл жиында «Қазақ дала пар­ла­ментінің түп қазығы – Мәртөбе», «Мәр­төбе және Тәуке ханның «Жеті жарғысы», «Дәстүрлі құқық нормалары және қазақ сотының қалыптасуы», «Қазақ құқығы және  оның бастаулары», «Қазақтың Билер соты – ортақ мәдени құндылық» тақырыптарында баяндамалар жасалды. Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің доценті Бахадыр Айтай, қаладағы Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық универ­ситетінің деканы Нұрлан Бижан, Шымкент қалалық соты Билер кеңесінің жұ­мысын үйлестіру орталығының жетек­шісі Ақылбек Елшібаев  өз баяндамаларында жиналғандарды қазақ халқының құқықтық мәдениетіне қатысты көптеген деректермен таныстырды.

 

Осыдан 300 жылдан аса уақыт бұрын қабылданған «Жеті жарғының» қазақ тарихындағы орны бөлек. Тәуке ханның тұсында, XVІІ ғасырда қабылданған «Жеті жарғыда» мүлік мәселесіне, жер, жесір дауына, қылмысқа, құн төлеуге қатысты үкімдер, жұртшылықтың қарым-қатынасындағы ұстануы тиіс тәртіп-ережелер, әскер ұстау, елшілік, сыртпен қарым-қатынас жайы – бәрі ойластырылып-бекітілген. Яғни «Жеті жарғының» ішкі тұрмыс-тіршілікте, ел басқаруда, тіпті сырт мемлекеттермен қатынаста өзіндік маңызы зор болды.

 

«Жеті жарғы» бойынша мал мен мүлікті ұрлау үлкен қылмыс саналып, «күнәһарлық» деп аталыпты. Ол үшін кінәліге қомақты мөлшерде айыппұл салынатын болған. Ал біреудің үй жанындағы тұсаулы аты ұрланса, ұрыға өлім жазасы қолданылған. Мұнда жаугершілік туындай қалған жағдайда адамның жаяу қалмау жағы ескерілген. Сондай-ақ күш-қуаты бар, соғысуға жарайтын еркек бес қарусыз жүрсе, оған да айып салу жағы қаралған. Әр руға өз көшіп-қонатын жері белгіленіп, малдарының барлығына рулық таңба салу жағы да қадағалан­ған. «Жеті жарғыда» отбасы мен некеге қатысты баптар да бар, онда негізінен шаңырақтың асыраушысы ретінде әкенің ролі айқындалып көрсетілген.

 

Тәуке хан осы заңдар жинағын өмірге ендіруде қазақтың беделді билеріне арқа сүйеген, олармен кеңесіп отырған. Бұл – дала демократиясының айқын бір көрінісі. Ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов «Жеті жарғыны» сипаттағанда «Батыстың заңдарынан адамшылыққа әлдеқайда жақын, ал Шығыстың тәртібінен оқ бойы озық» деп жаз­ған екен. Кейініректе, Қазақстанды отарлау дәуірінде осы «Жеті жар­ғының» жобасын қағазға түсірген орыс тарихшысы Н.Левшиннің: «Тәукенің атын атаса-ақ болды, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургі – сол адам. Тәуке алауыз болып, қырғынға бөккен елді сабасына түсіріп,  жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әлеуетті дұшпанға қарсы қоя білді, күштілерді тезге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты», – деп сүйсіне жазуын да осының бір дәлелі десек болады.

 

Жалпы, қазақтың бір кездері (тіпті қазіргі күндері де) біреулер айтқандай «ешқандай заң-тәртіпті білмеген қараңғы халық» болмағаны анық. Аталған конференция, ондағы баяндамаларда айтылған жайлар осыны айқын сезіндірді. Бұл жөнінде жалпы жұрттың біле жүр­гені, ол жайында көпшілік арасына кеңінен жарияланғаны дұрыс болмақ.

 

Жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірген Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қо­нысбек пен кезінде қала, облыс аумағында басшылық қызметтерде болған Сұлтанбек Сүгірбаев сынды аға буын өкілдері оларға осы жағына да көбірек мән беруді құлаққағыс етті.

 

Қалалық сот төрағасы Е.Рахымбек жиынды қорытындылай келе бұл конференцияның жиналғандарды қажетті деректермен таныстырудағы өз мақсатына жеткенін атап өтті. Сонымен қоса алдағы уақытта Мәртөбеге қатысты бірқатар іс-шаралар қолға алынатыны жөнінде айтты. Яғни Мәртөбенің тарихымен таныстыру үшін онда жастармен бас қосу ұйымдастырылып, қалалық соттың жоғары оқу орындары ректорларымен байланысын нығайту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында меморандумға қол қойылады. Сол кезде сот қызмет­керлерінің атынан болашақ заңгерлерге арналған Үндеу капсулаға салынып көміліп, өскелең ұрпаққа қалдырылады. Ал меморандум негізінде Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің жанынан жас заңгерлердің альянсын құру жоспарға ендірілген.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ