82 жасында төсек жаңғыртты

02.09.2019
Қаралды: 155

Кешегі аптада ел ішінде ерекше талқылауға түскен тақырыптың бірі Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың үйленуі болды. 82 жасында қайта шаңырақ көтерген ол кісі 26-тамыз күні Алматы қаласындағы мейрамханаларының бірінде дүркіретіп той жасады.

 

37 жастағы аруды қолына қондырды

 

Нұрғали Нүсіпжановтың Н.Тіленди­евтің әніне жазылған «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Келе жатыр құс қайтып», М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтің «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайт­қанда» сынды көптеген әндерін сахнаға алып шыққан дарынды әнші екенін көпшілік жақсы біледі. Кеңес Одағы кезеңінен елге таныла бастаған ерекше дауыс иесі қазақ өнерін шетелдерге де танытқан. Бүгінде ол кісі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Ал халық әртісінің таңдауы 37 жастағы журналист Жадыра Сейдешке түсіпті.

 

Жадыра Сейдеш – «Еуразия» ұлттық университетінің түлегі. Ол «КТК» арнасында кезінде көпшіліктің көңілінен шыққан, А.Әшімов, Т.Әубәкіров, М. Өтекешова сынды танымал тұлғалардың әңгімесі айтыл­ған «Жүрекжарды» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. Оған дейін «Қазақстан» телеарнасында «Күтпеген кездесу», «Мирас», «Сахна сыры», «Ақ шымылдық», «Шаңырақ», «Низам таразы», «Мен қазақпын» бағдарламаларын жүргізді. Сондай-ақ ол «Серпін» жастар сыйлығымен, Тұңғыш Президент қорының мәдениет және өнер саласындағы сыйлығымен марапатталған.

 

Өмірге Нұрғалиұлының келуін қалайды

 

Әрине, Нұрғали Нүсіпжанов пен Жадыра Сейдештің көңіл жарастырған бұл тойы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Әлеуметтік желіде талайлар үшін таң қалдырарлық оқиға болған сол тойдың барысынан үзінділер жарияланып жатты. Соның бірінде ақ көйлек киген Жадыра Сейдештің Нұрғали Нүсіпжановқа деген жүрекжарды тілегі жарияланыпты. Онда ол былай дейді:

 

«Мен сіздің жан-дүниеңіздің тазалығын сыйладым. Сондықтан, көкешім, енді еш уақытта ауырып, мені қорқытпаңызшы! Сүрінбеңізші, құламаңызшы, асқар тауым деп таңдадым ғой, менің асқар тауым болып, Жамбыл жәкемнің жасынан асыңыз! Мен соған қызмет етемін деп келдім. Енді, сіздің өміріңіз осы торттай тәтті болсын. Әдемі жасыңызда әке атансаңыз, оның несі айып? Жақсы адамның артынан ұрпақ қалуы керек. Алладан сіздің қолыңыздан ұстап тұрып, бір ғана тілек тілеймін. Кішкентай ғана Нұрғалиұлы біздің шаңырағымызды шаттыққа кенелтіп, өмірге келетін сол сәбидің тілегімен күн кешейікші! Қашан да мен сізді арқа тұтамын, ал сіз мені медеу тұтасыз».

 

Осылай деп көпшілік алдында еріне деген жылы лебізін білдірген Жадыра өздеріне тілеулес болғандарға алғыс айтып, сәлем салды. Сосын Нұрғали ағамыз­ға торттан дәм татқызып, өзі де ол кісінің қолынан торт жеді.

 

Осыдан соң көпшіліктің көкейінде «Бұл кісінің бұрынғы жары қайда? Бала-шағасы бар ма?», тіпті «Бұл кісі бұрын үйленбеген бе?» деген сияқты сұрақтар да туындады. Ғаламторда ол кісінің жұбайының есімі Айгүл екендігі және Бибігүл, Алма, Дариға, Нұргүл, Нұрзада есімді бес қызының бар екендігі көрсетілген. Үлкені Бибігүл Нүсіпжанова кәсіби музыкант, музыкалық педагог, консерваторияда фортепиано факультетінде білім алған екен. Педагогика ғылымдарының кандидаты әрі доцент Бибігүл Нүсіпжанова 2014-2018 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарыпты. Бұл кісінің отбасы туралы ресми ақпараттар осы ғана.

 

Адамдар бір-бірімен айтысып кетті

 

Ел арасынан «бұл сұрақтың жауабын мен білемін» дегендей желіде осыған байланысты ақпарат айтқандар да табылды. Мысалы, «Іnstagram» әлеуметтік желісінде пікір қалдырған Айгүл есімді әйел Н. Нүсіпжановтың алғашқы жарынан ертеректе айрылысқанын, ал екінші жарының осыдан екі жыл бұрын қайтыс болғанын, осы екі әйелден бес қыздың дүниеге келгенін және қазіргі үшінші жарының ешқандай да тоқал еместігін жазып қалдырыпты.

 

Ал желі арқылы тараған бір аудиода: «Бұл атамыздікі дұрыс. Ана әйелі бір оңбаған. Үш қызы бар. Өмір бойы бір туысқанына шай бермеген. Анада мен ауруханада жатқанда бардым. Екінші әйелі 36 жастағы, күйеуге тимеген журналист қыз. Ол баяғыда ажырасып кеткен. Бала-шағасына екі қабатты коттеджін салып беріп, бөлек кеткен. Өзі Қонаев берген үйде тұрып жатыр. Бала-шағасын шақырып алып, рұқсат сұрап, калған өмірімде туған-туысқаныма шай берсін, өлгенімде дұрыстап шығарып салсын деп осыны алып отыр. Онымен тұрып жатқанына екі жыл ма, үш жыл ма болды. Әйтпесе оның қағынып тұрған ештеңесі жоқ. Әнеугүні дұрыстап, адам құсап бірінші рет құдайы тамақ берді еліне. Ана кемпірі дұрыс емес. Сол. Құтырған түгі де жоқ», – дейді біреу.

 

Нұрғали Нүсіпжановтың жеке өмірі туралы көп айтыла бермейтіндіктен бұлардың қаншалықты рас-өтірігі әзірге бізге беймәлім.

 

Қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешова осындай сөздерге орай: «Неге адамдар сонша қабылдайды осындайды?! Өмір әртүрлі болады ғой. Сіз білмейсіз ғой олардың семьяларында не барын!» – деп кейістік танытса, ақын Құрманай Бақтиярқызы: «Нұрғали Нүсіпжанов – ұлы тұлға. Жадыраның ақылды, сабырлы қыз екені  көрініп тұр. Жақын танысып, араласпаған адамдар, артық кетпеңіздерші! Рахмет, саған, Жадыра! Алла разы болсын! Қатты ауырып қалғанда қасынан табылып, жаныңмен беріліп баптағаның үшін өз оқырмандарымның атынан рақмет айтамыз.  «Екіқабат шығар» деген, жұртым-ау, қай сас­қандарыңыз? Қуанбаймыз ба? Қуана алмайсың ба, уыңды шашпа! Жап-жас көңілін жығып, үлкен жанға тұрмысқа шығып, қызық қуып емес, ұлы тұлғадан туып, қазақтың ұлы өнерін жалғайтын тұяқ қалдырса, ол Жадыраның ниеті мен бір Алланың қалауында ғой. Жадыра, жарайсың! Ақ көйлегіңе кір түсірмейтін түсінігі мол, арыстан тұлғалы азаматты бақытты еткейсің», – деп ағынан жарылыпты.

 

Әлеуметтік желідегілер не дейді?

 

Әлеуметтік желілерде де сан түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Солардың бірқатары төмендегідей.

 

Гүлвира Биғалиева: Жадыра Сейдеш әріптесіміздің 82 жастағы мықты әнші Нұрғали Нүсіпжановпен отбасын құрып жат­қанын естігенде шок алғанымыз рас. Алайда Жадыра «КТК» арнасындағы хабарларын жасаған кезде үнемі осындай өресі биік адамдармен көп әңгімелесетін. Тіпті екеуміз шай ішкен кезде де осындай мықты адамдардан ұрпақ алып қалу керек дегенді жиі айтатын. Соңғы уақытта Жадыра телеарналардан көрінбей кетті. Сөйтсем әріптесім мықты әншімен үйленіп, бомба жарып жүр екен.

Жадыра, бақытты бол! Сен бақытқа лайықсың!

 

Ғалия Есенғұлова: Е, мына журналист қызды білеміз ғой. «КТК» арнасында бірнеше жыл қатарынан «Жүрекжарды» деген тарихи тұлғалар жайлы бір жақсы бағдарлама жүргізді. Басында Жадыра Сейдеш болып жүрді. Кейін әкесі өмірден озып, Жадыра Болатханқызы болып жүрді. Тележүргізуші ретінде өте шебер жүргізуші.

 

Марат Маматов: Бақытты болсын! Нұрғали атамыздың ұлы жоқ екен ғой. Ондай атақты адамнан ұрпақ қалуы керек. Жадыра үлкен қадамға барыпты. Бұл – батырлық!

 

Bayan_7373: Дәл осы тойды ел-жұртқа жария қылмай, мешітте қазақша неке қидырып, өздері ғана білсе болар еді ғой. Мына тойды көруге де ұят. 

 

Ақсұңқар Ақынбаба: Сұмдық-ай! Мен де өте ашулымын. Позор! Жас әйел атаулыны қақшаңдаған шал атаулының табанына салып берді. Аллам сақтасын, маған десең, алтын-күміске малып тастаса да өмірім түгілі, бір сағатымды да қимас едім қарияларға.

 

Пардабек Сақтапбергенұлы: Ешқандай ұят емес, арада сезім болса. 37 жастағы ес тоқтатып, келешегін болжай білетін жан болған соң Нұрекең ұсыныс жасаған шығар.

 

Жалпы, бұл кісі өте парасатты, мінезі орнықты, кішіпейіл адам. Ел аралап, өнер көрсеткен талай-талай майталмандарды күтіп, қызмет еттік. Солардың ішіндегі бірегейі. Жас айырмасын айтып, аһ ұра бермеңдер. Осы қыз Нұрекең сияқты ұлы қазақтың оябынан шығып, қадіріне жете берсін деп тілейік. 

 

Медет Пернебеков: Шалдың дүниесі керек болған шығар...

 

Света Әбен: Дүниесі – алма бағы бар туған жерінде. Басқа байлығым жоқ деген бір хабарда. Екі гектар ғана, соны біреулер тартып алғысы келген деген.  

 

Gulshat101: Біздің қазақтың қыздары қап-қара негрге де, қытайға да кетіп жатыр ғой. Одан да осылай өзіміздің басы бос қарттарға тиіп, қазақтың таза ұрпағын көбейтсін. Молодец! Шетелге кеткен қатындарға қарағанда дұрыс, осылай істесін.

 

Aslanargunbaeva: Қысыр әңгімеге келгенде біздің қазекең алдына жан салмайды-ау! Әркімнің өзі біледі, әркімнің талғамы, жүрек қалауы бар. Бақытты болсын ағамыз! Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбайлар дәл осындай ағалардан шыққан ғой. Біреудің өмірін талқыға салмай-ақ қояйық, ағайындар!

 

...Қысқасы, елімізде осындай мың сан пікір мен көзқарастардың айтылуына себепші болған ерекше оқиға болды. Бұл оқиға «Махаббат жасқа қарамайды» деген сөзді тағы да бір дәлелдегендей болды.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ