Мысырға барған Ақбота

30.08.2019
Қаралды: 100

Көзді ашып-жұмғанша жаз айлары да бітуге таяды. Бұл кезде жұрттың біразы ел ішінде демалуды жөн көрсе, енді бірі шетел асып та үлгерді. Шымкент қаласының тұрғыны Ақбота Әуезова өткен айда Мысырға барып келген болатын. Ол Мысырдың Шарм-эль-шейх қаласында құрбыларымен бірге он күн демалып қайтыпты. Біз одан осы саяхаты туралы сыр тартқан едік.

 

«Египет еліне барғаныма өкінбеймін, – дейді ол. – Өте күшті әсер алдым. Қатты ұнады. Әсіресе Каир қаласына жасаған бір күндік экскурсиямыз керемет болды.

 

Шарм-эль-шейхтан Каирге дейін автобуспен жеті сағат жүріп бардық. Каир өте үлкен және ескі қала екен. Қазақстанда небәрі 18 миллион халық тұрса, бір Каир қаласының өзінде 25 миллион халық бар көрінеді. Алдымен әлемнің жеті кереметінің бірі – пирамидаларды араладық. Мені ең үлкен саналатын Хеопс пирамидасы ерекше таңқалдырды. Білгенім, 4500 жылдық тарихы бар пирамиданы 20 жыл бойына шамамен 100 мың адам тұрғызыпты. Эскурсия жетекшісі бізге мұндағы ең жеңіл тастың салмағы екі тонна, ауыр тастар 8-10 тонна болады деп түсіндірді. Техниканың дамымаған заманында ауыр-ауыр тастармен осындай үшбұрышты биік нысанды қалай соққаны ғалымдарды әлі күнге дейін таңқалдырып келеді екен.

 

Ежелгі мысырлықтар бұл пирамидаларды перғауындардың денелерін сақтау үшін соғыпты. Олар қайтыс болған перғауынның денесін алдымен түрлі шөптер қосылған майлармен бальзамдап, содан соң бірнеше метрлік матаны шөптер қосылған майларға батырып алып, сонымен денені ораған екен. Ішкі ағзаларын бөлек алып,  оны да бальзамдаған. Сөйтіп осындай пирамидаларда жылдар бойы сақталған.

 

Қайтыс болған перғауындардың қасындағы құлдарын да, тіпті иті немесе аты болса, оларды да түгел өлтіріп, бальзамдап, қасына қоса сақтаған көрінеді. Онымен қоймай, перғауындардың жанына арғы дүниеде керек болады деген сеніммен азық-түлік пен киім-кешегін де қойған екен».

 

Ақбота бұл пирамидалардың іші суық, қараңғы және лабиринт секілді екенін айтады. Экскурсия жетекшісі мұнда әлі де зерттелмеген, ашылмаған, тастармен жабылып қалған қаншама құпия бөлмелердің бар екендігін жеткізіпті.

 

Бұдан соң бір топ туристер мұражайға бас сұққан. Пирамиданың ішіндегі мумиялар мен басқа да заттар осында әкеліп қойылған екен. Экскурсия жетекшісі мұнда жалпы саны 150 мыңдай экспонат тұрғанын айтыпты. «Мұражайда ежелгі перғауындардың қолданған заттарын қызықтадық. Сондай-ақ 1000-2000 жылдық бальзамдалған мумиялар, перғауындардың өзі ғана емес, әйелдері мен балалары да сақталған. Олардың кейбірі сырты алтынмен жалатылған саркофагтарда жатыр. Негізі бұл елде жауабы беймәлім, жұмбақ дүниелер өте көп екенін байқадым», – дейді Ақбота.

 

Ақбота сөз арасында мысырлықтардың денсаулықтары мықты болатынын білгенін, оған Қызыл теңіз суының әсері мол екенін жеткізді.

 

«Қызыл теңіздің суының мөлдірлігі сондай, жүзіп жүрген балықтар аквариумдағыдай көрінеді. Оның суы буынға, сүйекке өте пайдалы деседі. Таңғы 8.00-де барып түссе, адамның иммунитетін көтереді екен. Себебі осы кезде йод пен кальций көп бөлінетін көрінеді. Көп адамдар Мысырға Қызыл теңіздің емдік қасиетіне бола барады екен.

 

Египет халқы ауырса ауруханаға жүгіріп, антибиотик қабылдамайтынын білдім, олар тек қара зере (черный тмин) секілді майлар арқылы емделеді екен. Жергілікті тұрғындардың 85-90 жасқа дейін ұзақ өмір сүретіні де және аса қатты ауырмайтыны да содан болар.

 

Сондай-ақ ауа райы құрғақ болғандықтан ол жақта тұмау секілді аурулар да жоқ. Осы Қызыл теңіздің астына дайвинг жасап, аквалангпен 20 метр тереңдікке түстім. Су астынан неше түрлі балықтарды, балдырларды, су астындағы маржанды жартастарды, суға батқан кемені тамашалауға болады. 80-жылдары немістің «Лара» деп аталатын кемесі тасқа соғылып, осы теңізге батып кетіпті. Кейіннен мұны туристер үшін тамашалайтын нысан ретінде қалдырған», – дейді ол.

 

Ақбота барған Шарм-эль-шейх қаласында тек ер адамдар ғана жұмыс істейді екен. Көшеде тек турист қыз-келіншектер болмаса жергілікті әйел адамдардың кездеспегенін айтады. Туристік қала болған соң ерлер мұнда Мысырдың басқа өңірлерінен келіп жұмыс істейтін көрінеді.

 

...Шетел асып келген шымкенттік қыз Мысыр елі туралы осылай дейді.  Иә, мүмкіндік болса ел аралап, жер көргенге не жетсін!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ