«Замананы» асыға күтетіндер өте көп»,– дейді газет сататын келіншек

29.08.2019
Қаралды: 144

Түлкібас ауданының орталығы – Т. Рысқұлов ауылындағы «Береке» базарында газет-журналдар сататын дүңгіршек бар. Осында Гүлдана  Биешова есімді келіншек сатушы қызметін атқарады.

 

Бір сүйсінерлігі, Гүлдананың дүңгіршегінің алдынан күні бойы адам қарасы үзілмейді. Сатып алушылар да түрлі жастағы адамдар. Олар дүң­гіршекке жаңа газет-журналдар түсе салысымен өздеріне керегін ертерек алып қалуға тырысады. Жастар жағы көбінесе спорт, эстрада жұлдыздары жиі жарияланатын басылымдарға қызығушылық танытса, үлкен кісілер салиқалы, имандылық тақырыбын қамтитын газет-журналдарды алуға ынталы.

 

«Менің газет-журналдарға деген қызығушылығым бала кезден қалыптасқан, – дейді бізбен әңгімесінде Гүлдана өткен жылдарын еске алып. – Елімізге тәуел­сіздік орнаған жылдары-ақ мен осы газет-журналдарды қолма-қол сатуды қолға алдым. Алғаш оларды сататын орын болмағандықтан қолыма ұстап, базарда сатып жүрдім. Кейінірек базар әкімшілігі өз алдыма дүңгіршек берген соң түпкілікті осы іспен айналысып келемін. Оған да ширек ғасыр болып қалыпты».

 

«Сауда жасаушылардың газетке деген көзқарастары қалай? Олар негізінен қандай басылымдарды сатып алғысы келеді?» – деп сұрадық біз одан. «Олардың көбі уақыт өткізу үшін жұмбақсөз, сканворд, кроссвордтары бар газеттерді көбірек алып жатады. Ал қазақтілді газеттердің арасынан «Замананы» алатындар аз емес, – дейді Гүлдана. – Бізге «Замананың» елу-алпыс данасы келеді. Оны оқырмандар бірден талап әкетеді. Кейбіріне тіпті жетпей де қалады. Алдын-ала тапсырыс беріп қоятындары да кездеседі. Біз олардың өтініштерін орындауға тырысамыз.

 

«Замананы» ең бірінші болып «Береке» базарының басшысы Жаңабай Қарақұлов ағамыздың өзі алады. Одан кейін ардагер-журналист Әзізхан Артықов, зейнеткер Қуандық Алтынбеков, Байбосын қажы Бектұрсынов және аты-жөндерін онша біле бермейтін үш-төрт кісі апта сайын тұрақты алып тұрады».

 

Біз Гүлдананың бұл сөздеріне сүйсініп қалдық. Бірақ «Замананың» жаңа нөмірін сұраған адамдар араға килігіп кеткен соң біз де оның жұмысына бөгет болмай, қалың кезектен сытылып шыға бердік.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы, Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ