Раиса Атамбаева мәлімдеме жасады

29.08.2019
Қаралды: 99

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың қамауға алынғаны белгілі. Үстінен 14 қылмыстық іс қозғалған бұрынғы президент қазір тергеуде.

 

Сондай-ақ кешегі аптада А. Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаеваға да қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған Атамбаев ел басқарып тұрған кездегі Президент аппаратының сот реформасы және заң­дылық бөлімінің меңгерушісі болған, кейін жемқорлық қылмыс бо­йынша айып тағылған Манас Арабаев ісіне қатысты күдік келтірілуде.

 

Осы оқиғаға орай Р. Атамбаева өздерінің отбасына, туыстарына, күйеуінің пікірлес-серіктестеріне жаппай қуғын жүріп жатыр деп мәлімдеді.

 

«Қазіргі болып жатқан жағдай мені бүкіл Қырғызстан халқына мәлімдеме жасауға мәжбүрлеп отыр, – деді Р. Атамбаева өз сөзінде. – Бүгінде Алмазбек Шаршенұлының серіктес-пікірлестерін, отбасы мү­шелерін, балаларын, ең жақын туыстарын жаппай қудалау жүріп жа­тыр. Оның үлкен ұлы Сейітбек аяусыз соққыға жығылды. Оны күн сайын Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырады, ол гипс­те, балдақпен тергеуге барып жүр.

 

Алмазбек Шаршенұлының жақын інісіне қатысты екі қылмыстық іс қозғады. Біздің құданың – үлкен ұлымыздың қайын атасының үйі тінтілді. Он милиционер барып, дөрекі түрде үйіне басып кіріп, асты-үстіне түсірген. Ешқандай негіз келтірмей, тиісті құжаттар көрсетпей, жай ғана басып кірген. Олардың не іздегені туралы өздеріңіз шамалай беріңіздер.

 

Қазір мен өз отбасымыз туралы айтқым келеді. Мемлекеттік рези­денциядағы үй мөр басылып, жауып-тасталды. Біз оған бара алмаймыз, мен өз заттарымды, киімдерімді ала алмаймын, өзімізге тиесілі заттарды ала алмаймыз. Ал ондағы үй біздің өз қаржымызға салынған, толық өз ақшамызға жабдықталған, мемлекет ақшасы жұмсал­ған емес. Соған қарамастан олар осылай істеп жатыр.

 

Мен қазір Қой-таштағы отбасымызбен бірге тұратын үй де бекітіліп, мөр­ленуі мүмкін деп ойлаймын. Ондай болса, біздің отбасы далада қа­лады. Өйткені бізде одан басқа бірде-бір баспана жоқ. Ұлым Қа­дырбектің бір пәтері бол­ған, бірақ біз оны өткен көктемде сатқанбыз.

 

Мен журналистердің көмегімен Мемлекет басшысына мынаны айтқым келеді: Ол 22 жыл бойы бізбен қатар, Алмазбек Шаршенұлымен қатар жүрді. Өзі, отбасымен бірге біздің үйде бірнеше мәрте болған, жылы сөздер, адалдық пен достық туралы айтқан. Енді қазір соның бәрі аяққа тапталғанын түсініп отырмын. Біздің оған деген адамгершілік қатынасымыз, оның достық туралы айтқандары, инаугурация кезіндегі сөздері, Алмазбек Шаршенұлы бастаған оңды істерді жалғастыратыны жөніндегі сөздері енді өткен шақтың еншісінде қалатын сияқты.

 

Менің оған айтқым келетіні: қазір біздің отбасыға, халыққа, өзі кезінде бірге жүрген серіктестеріне істеп жатқаны туралы ойлансын. Ол халық алдында, қазіргі замандастарының, ең бастысы – келешек ұрпақтың алдында қалай көрінеді?

 

Біз өткен заманның биліктегілері ешқашан өз қарсыластарының әйелдерін, отбасы, балаларын қуғынға салмағанын жақсы білеміз. Өйткені ондай әрекет абыройдан төмен саналды. Ал біздің елде мұның бәрі керісінше істелініп отыр.

 

Тағы да бір айтқым келетіні мынау: Қазіргі істеп жатқандары Мемлекет басшысы ретінде оның жеке өзіне тиімді ме, Қырғызстан халқы үшін, әлем жұртшылығы үшін тиімді ме? Ең бастысы, ол келешек ұрпақ адында қандай адам болып қалғысы келеді – осыны енді оның өзі шешеді.

 

Мен жаңа ғана «Арабаев ісі» бойынша өзіме қатысты қылмыстық іс қозғалғанын білдім. Осыған байланысты жалғыз айтарым,  мен ешқашан судьяның ісіне араласқан емеспін. Саясаттың лас нәрсе екенін білдім, сондықтан оған ешқашан араласпауға тырыстым. Мен қай соттың қай жерде екенін де білмеймін, судьяларды да танымаймын.

 

...Р. Атамбаева өздерінің басынан өтіп жатқан жайлар туралы осылай деді. Яғни ол кісі де енді қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде жауапқа тартылмақ. Ал кешегі аптада Алмазбек Атамбаевтың қамауда отыру мерзімі 26-қазанға дейін ұзартылды. Ол кісінің отбасы мен туыстарының басына осындай ауыр бұлт үйірілді.

 

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ