«Ала таяқ» қолданысқа қайтадан енетін болды

29.08.2019
Қаралды: 42

Кезінде жол полицейлерінің қолданысынан алынып тасталған ала таяқ түбегейлі құрып кетпепті. Ол «маичниктердің» қолына қайтадан берілгелі жатыр.

 

Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігінің бір шенеунігі әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Айтуынша, ала таяқтың қайта оралуына жұртшылықтан түскен көптеген өтініштер себеп болып отыр екен.

 

«Жол ережелерін реттеп жүрген полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін дұрыс қабылдау үшін таяқты  қолдану қажеттілігі туындады. Жол жүрісін реттейтін полиция белгілері кеш түскесін, түнгі уақыттарда нашар көрінетін болғандықтан таяқшаларды қолдану қайтадан ұсынылып отыр. Олар аумақтардағы полиция департаменттерінің тылдық бөлімінде сақталып келген, сондықтан қайта ендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді», – деді ол.

 

Сондай-ақ ол кісі ала таяқты қолданыстан алып тастағаннан бергі уақыт аралығында кешкі және түнгі кездері полицейлерді көлік қағуының 5 оқиғасы тіркелгенін, олардың түрлі дене жарақатын алғанын айтып өтті.

 

Естеріңізге сала кетейік, ала таяқ жол инспекторларының қолданысынан 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап алынып тасталған еді. Шешімнің себебі «халықаралық стандарттарға сай болу үшін» деп түсіндірілген еді.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ