Пашинян «дәулерді» қалай жуасытты?

29.08.2019
Қаралды: 98

Бүгінде Арменияда ауқымды өзгерістер орын алып жатқаны белгілі. Өткен жылы көктемде ол басқарудың парламенттік жүйесіне көшкен болатын.

 

Яғни онда ел Президентінен гөрі Парламенттің (Ұлттық жиналыс) өкілеттігі басымырақ. Ұлттық жиналыс депутаттары елдің Премьер-министрін таңдап, Президенттің тағайындауына ұсынады. Сондықтан Премьер-министр өз істері үшін Президенттің емес, Парламенттің алдында ғана есеп береді.

 

Міне, Арменияның билікке осындай жолмен келген қазіргі Премьер-министрі Никол Пашинян ә дегеннен олигархтарға қырғидай тиді десек болады. Оның бұл бағытта екі айдың ішінде ғана (2018 жылдың көктемі) атқарған тірлігін былайша санамалап айтып жүргендер бар:

 

- Ол билікке келгесін арадағы екі ай текетірестегі Серж Саргсянның оң қолы, Ереван мэрі Арон Маргарян  отставкаға кетті.

 

- Армян телеарналарының билікті беталды мақтайтын басшыларын орнынан алды. Қаржылық аудит жүргізіп, үстерінен қылмыстық іс қозғады.

 

- Ескі үкіметтің құрамында болған шенеу­ніктерді сүзгіден өткізді. Аймақтардағы мэрлер мен губернаторлардың көбін қызметінен қуды.

 

- Саргсянның сыбайластарына тиесілі супермаркеттерге бойкот жариялады. Олар бағаны төмендетуге мәжбүр болды.

 

- Армян сарбаздарына бөлінген гуманитарлық көмекті үйіне тасыған генерал Манвел Григорян мен әйелінің қолына кісен салды. Қамаудан қорыққан Григорянның ұлы (әрі Эчмиадзин қаласының әкімі) Сочиге қашты.

 

- Президент Саргсянды күзеткен Бачагел Казарянның 9 миллион доллар мемлекет қаржысын қолды қылғанын анықтап, абақтыға жапты.

 

- Елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянмен байланысы бар «Спайка» компаниясының осы күнге дейін салықтан жалтарып келгенін анықтады.

 

- Кочарянның үстінен 2008 жылы Ереванда шеруге шыққан жазықсыз жұртты қудалады деп іс қозғады. Экс-перзидент Ресейге та­йып тұрды.

 

- Серж Саргсянға да тықыр таянды. Экс-президентке қарасты қорларды, құрылымдарды түгелдей сүзіп шықты. Саргсянның төрт бірдей інілері – Сашик, Левон, Нарек, Айка және қарындасы Ани Саргсянға іздеу жариялады. (Іс насырға шаппай тұрғанда бесеуі де шетел асқан болатын).

 

- Ауылдық жерлердегі ақылдастар кеңес­терінің қызметін асыра пайдаланған 71 же­текшісінің үстінен қылмыстық іс қозғады.

 

- Бұрынғы Қорғаныс министрі Микаэль Арутюнянға 2008 жылы Еревандағы шеруге күш қолданғаны үшін іздеу жариялады. (Ол да ізін жасырып үлгеріпті).

 

- Ресейдегі армяндар құқығын қорғайтын жаңа ұйым құрды. Ескі ұйымды тиімсіз әрі жем­қорлыққа батқан деп тапты. Оның жетекшісі – олигарх Ара Абрамян тергелу үстінде.

 

- Елден жырақ жүрген армяндарды Отанына қайтару мақсатында «Армения – жү­регімде» дейтін жобаның тұсауын кесті.

 

- «Армения Әзірбайжанға Таулы Қарабақты қайтарып  берсін» деген Жириновский жетекшілік ететін партия мүшесі Владимир Савельевті партия қатарынан шығартып тынды.

 

- Үкіметті, өз әкімшілігін «Apple»-ден «Arm.Tab» компьютерлеріне көшірді.

 

- «Фейсбукте» тікелей эфирге шығуды дәстүрге айналдырды. Қазір жұрт Пашинянмен желіде күнде кешкісін немесе күнара пікірлесіп жүр.

 

- Олигарх Самвел Карапетянға тиесілі «Ташир Групп» компаниясын жағдайы төмен отбасылар үшін электр қуаты  тарифін 10 драм­ға арзандатуға көндірді. Бұған әрең иліккен Карапетянға да тықыр таянып қалды.

 

- «Газпромды» Армениядағы тұрмысы тө­мен отбасылар үшін газ тарифін 20 пайызға төмендетуге міндеттеді. Жеңілдетілген бұл тариф 1 жылға жарамды.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ