Жалпыұлттық Құрылтайға шақырып жатыр

28.08.2019
Қаралды: 100

Алдағы жұма, 30-тамыз күні сағат 11.00-де Нұр-Сұлтан қаласында жалпыхалықтық ұлттық құрылтай өтеді. Құрылтай ұйымдастырушылары бұл жөнінде әлеуметтік желі арқылы хабарлауда.

 

Біз аталған хабарламада көрсетілген телефон нөмірі (8-701-516-33-16) арқылы астаналық қоғам белсендісі Сырым Әбдірахмановпен байланыстық. Ол құрылтайдың шақырылуына себеп болып отырған жайлар және оның жалпы мақсаты жөнінде бізге былай деді:

 

«Қазір Қазақстан ішкі нарықта, ішкі саясатта ғана емес, геосаяси жағдайда да үлкен үдерістердің алдында тұр. Бүгінде Батыс елдері мен Ресейдің, Қытай мен АҚШ-тың арасында экономикалық тартыстар жүріп жатыр. Кей елдерге Қытай тарапынан экспансиялық мәселелер бар. Жалпы, дүние жүзі елдері мемлекеттіліктің жаңа форматтарын құруда. Сол форматтан біз өз еліміз үшін орасан үлкен қауіптер көріп отырмыз. Осындай үлкен тартыс, форматтар алдында тұрған елімізді ертерек түзеп алуымыз керек.

 

Соңғы ақпараттар бойынша Қытай Қазақстанға зауыттар салмақ. Одан бөлек, бұған дейін елімізде жұмыс істеп жатқан 30-дан астам шағын, орта бизнесі, басқасын айтпағанда, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында жоғары үлесі бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын сондай еді, одан бері де қатары артқан шығар.

 

Қазір қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы жағдайлар да ушығып жатыр. 1990-шы, 2000-шы жылдары «Ақтөбемұнайгазда» сондай болған, кейінгі кездері Атырауда, Қарағандыда орын алды.

 

Ал нақты қауіпті алар болсақ, мысалы, Қытай Қазақстанда екі жылдың ішінде 50-ден астам зауыт салып бітірсе, онда еліміз экономикалық жағынан Қытайға байланып, тәуелді болып, бізде мемлекет қана емес, ұлт жойылады деген қауіп бар. Қазір біз тоқ болғанымызбен кейінгі ұрпақ қиналады. Сондықтан біз алдағы жүз, тіпті мың жылдағы жағдайымыз қалай боларын осы бастан ойлануымыз керек. Ата-бабаларымыз мұраға қалдырған, Алаш арыстарының Ленинмен келісіп алып берген осынша жерінен айырылсақ, ол ұрпаққа жасалған қиянат болады.

 

Жалпы, біз экономика саласына Қытай кірмесін демейміз. Бірақ баланс болуы керек. Мысалы, Португалия, Германия, тіпті Оңтүстік Корея «Самсунг» зауытын салып, өнім өндіреміз деп келген нақты фактілер бар. Бірақ біздегі жемқорлық пен қалыптасқан үрдістер олардың кетуіне себеп болды.

 

Құрылтайда осындай жайлар жөнінде айтылады, тал­қыланады, кеңесіледі.

 

Бізде саяси реформа жасау қажеттілігі бар. Елбасы атап көрсеткен жайлардан бөлек, мысалы, сайлауға мажоритарлы жүйені енгізу керек. Партиялық тізіммен 50 пайызы сайлана берсін, ал қалған жартысының таңдалуына халық өзінің үлесін қосуы керек. Саяси бәсекелестік болмаса, ел дамымайды, өркендеу тежеледі. Осы мәселені көтереміз.

 

Әлеуметтік мәселелер, көпбалалы аналардың жайы бар. Кеше біз астанада төрт-бес үйді аралап көрдік. «Времянканы» жеті-сегіз адам жалдап тұрып жатыр, тамақ ішетін жері жоқ. Бай мемлекетте қазақтардың осындай күйде жүргені жүректі жылатады.

 

Біз жұртты төңкеріске, бүліншілік жасауға шақырып жат­қан жоқпыз. Құрылтай деген – митинг, шеру емес, заңды шара, адамдар бір жерге жиналып, өзекті мәселелерді тал­қылайды, мәселені шешу жолдарын іздейді.

 

Қазір бізге елдіктен айырылу қаупі туып тұр. Үкімет осы уақытқа ештеңе істемеді демейміз, істеді. Бірақ жаңа дәуірге сай жаңа сатыға көтерілуіміз керек. Қазақстан қазір бір орындағы көлшік сияқты, даму тежеліп қалды. Қазір дамымасақ, жемқорлықты ауыздықтамасақ, егер саяси реформалар өткізбейтін болсақ, халықтың жағдайын жақсартпайтын болсақ, әлі де мүмкін ептеп, қарнымыз тоқ болып 10-15 жыл жақсы тұрармыз, бірақ есесіне ертеңгі ұрпаққа қиянат жасаймыз. Ертеңгі ұрпақ басымызға келіп, құран оқымайтындай болып кете ме деп, содан қорқамыз.

 

Құрылтайда осындай жайлар айтылады. Оған елден ерек ешкімді арнайы шақырмаймыз. Тек әлеуметтік желі арқылы хабарлама жасап жатырмыз. Елдің ертеңі алаңдататын барлық азаматтар қатыса алады. Оппозиция, партия, ру деп бөлінбей, бәріміз бір жағадан бас шығарсақ дейміз. Ушығып тұрған мәселелерді ертерек шешіп алуымыз керек. Ары қарай соза беруге болмайды.

 

Осы мәселені жастар болып қолға алмасақ болмай тұр. Қазір біз күн-түн демей жұмыс істеп, арнайы резолюция әзірлеп жатырмыз. Құрылтайда ұсыныстар айтатын, сөз сөйлейтін адамдар болса, халықтың мұң-мұқтажын жеткізуге мүмкіндіктер беріледі».

 

Алдағы жұма күні Нұр-Сұлтан қаласында өткізу көзделіп отырған жалпыхалықтық ұлттық құрылтай жөнінде Сырым Әбдірахманов осылай дейді. Оған барамын, қатысамын деушілерге шектеу жоқ, тек алдын-ала хабарласып қойған дұрыс екен. Құрылтай өткізілетін жер дайын болғанда бұл жөнінде қатысушыларға «Уатсап» желісі арқылы ескертіледі.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ