Қазақстандағы ең бай адам кім?

29.08.2019
Қаралды: 207

«Форбс» журналы Қазақстандағы ең бай саналатын он адамның тізімін жариялапты. Бұл туралы «Ютубтегі» «Бай мемлекет» арнасы айтады.

 

Қалталылар ондығының оныншы орнын иеленіп тұрған кәсіпкер Айдын Рахымбаев. Айдын – ірі мемлекеттік жобалардың құрылысын іске асыратын «BІ-Group» құрылыс компаниясының негізін қалаушы, компанияның директорлар ке­ңесінің және «Аналар үйі» қорының төрағасы. «Форбс» журналы оның дәулеті 485 миллион долларды құрайды деп көрсеткен.

 

Тоғызыншы орынға Нұрлан Смағұлов жайғасыпты. Ол «Hyunday», «МАЗ», «Golden Dragon» cекілді 11 әлемдік автобрендті қамтитын «Астана Моторс» және құрамына Қазақстандағы «MEGA» ойын-сауық орталығы желісі кіретін «Астана Груп» холдингінің иесі. Оның қаржылық әлеуеті 525  миллион долларға жететін көрінеді.

 

Сегізінші орынды иеленген Бақытбек Байсейітовтің байлығы 540  миллион доллар көлемінде екен. Кәсіпкер «АИФРИ Orіent Іnvestments» АҚ-ның 100 пайыз, «Айфри Green Іnvest» АҚ-ның 74 пайыз, құрамына оншақты ұсақ мұнай компаниялары кіретін «Caspіan Servіces Іnc» компаниясының 88 пайыз акция үлесіне ие. Сонымен қатар оған «Petrogaz AG» ЖШС-і, «Fіnproject» ЖШС-і, «Эмбанефтегаз» ЖШС-і, «Kaz Mіnіng Solutіons» ЖШС-і, «Future Capіtal Management» ЖШС-і де тиесілі.

 

Аталған ондықтың жетінші сатысында Ғалымжан Есенов тұр. Ол «Қазфосфат» компаниясының, Қазақстандағы «АТФ Банк» АҚ-ның, «Оптима Қырғызстан» банкінің, «Альянс полис» сақтандыру компаниясының иесі болып табылады, оның дәулеті 545  миллион доллар екен.

 

Ал алтыншы орындағы Кеңес Рақышевқа «Fіncraft инвес­тиция үйі» АҚ-ы ғана емес, оған «Fіncraft Resources» АҚ-нің 77 пайыз, «Petropavlovs» мұнай компаниясының 22 пайыз, «Standart» сақтандыру компаниясының 16 пайыз, «NetElement» фирмасының 18 пайыз, сондай-ақ Қырғызстандағы, Белоруссиядағы, Украинадағы «БТА» банктің 98 пайыз акция үлесіне ие. Нәтижесінде оның байлығы 610  миллион долларға жетіпті.

 

«Форбс» журналы бесінші орынды Рашид Сәрсеновке беріпті. «Нұрбанктің» 84 пайыз акция үлесінің иегері болып табылатын ол «JP Fіnance Group LLP» ЖШС-і, сондай-ақ «Виктория» сақтандыру компаниясының, «Helіos» жанар май бекеті желісінің, «KSP Stell», «Кастинг», «Uralsk Oіl Company», «Oіl Real Estate», «Trade Petroleum Company» ЖШС-нің, Ақтау қаласындағы «Caspіan Rіvіera Grand Palace» отелінің, ауыз су өндіретін «Vіta» компаниясының, «Beautymanіa», «Іmperіal Home», «Французский дом», «Планета Красоты» брендімен косметика өнімдерін сататын компаниялардың, «Каспий» университетінің, «Дибек» ат клубының, «Новое поколение» газетінің иесі болып табылады екен. Оның дәулеті 780 миллион долларды құрайтын көрінеді.

 

Ары қарайғы тізімді милиардерлер қатары толықтырыпты. Төртінші орында Алиджан Ибрагимов тұр. Оған «Еуразия» банкі, «Көкмайса» ЖШС-і, «Аэропорт Боралдай» ЖШС-і, «Юж­энергопром» ЖШС-і, «Энергосистема» ЖШС-і, «Рудненский водоканал» ЖШС-і тиесілі. Оның қаржылық әлеуеті 2 миллиард 300 миллион долларға дейін жетеді екен. 

 

Үшінші орынды Тимур және Динара Құлыбаевтар еншілепті. Ерлі-зайыптылардың меншігінде «АЛМЭКС» холдингі бар. Тимур «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиу­мының төрағасы, «Газпром» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Ал Динара «Astana ІT Unіversіty» ЖШС-іне, «Инновациялық және ақпараттық технология орталығына», «Prіvate clіnіc Almaty» ЖШС-іне, «Ақтау тренинг орталығына» иелік етеді. Олардың ортақ байлығы 6 миллиард 200 миллион долларды құрайтын көрінеді.

 

Болат Өтемұратов аталған тізімде екінші орынды иемденіпті. Оған «Kassa Nova» банкі, «Medіa Management Dіrect» және «Techonology Company» ЖШС-і тиесілі. Сонымен қатар ол «ForteBank» АҚ-ның 87 пайыз акциясына ие. Болат Өтемұратов «Верный Капитал» инвестициялық компаниясының негізін қалаушы, ол осы компания арқылы «іnformburo.kz» сайтын және «31 канал» телеарнасын, Қазақстандағы «Burger Kіng» фастфуд франшизасын, «Rіtz-Carlton», «Rіxos Borovoe» қонақ үйлерін бақылай алады. Қазақстан теннис федерациясының президенті болып табылатын оның дәулеті 3 миллиард 400 миллион долларды құрайды екен.

 

Қаржылық жағдайы 4 миллиард 500 миллион долларды құрайтын Владимир Ким ең бай қазақстандық атанып тұр. Ол тізімнің бірінші орнында. Ким түрлі-түсті метал өндіретін және өңдейтін «KAZ Mіnerals» компаниясының президенті және акционері, «Қазақмыс» холдингінің президенті болып табылады.

 

«Бай мемлекет» арнасының айтуынша, бүгінгі таңда әлемде 2153 «долларлық» миллиардер бар екен. Соның ішіне жоғарыда аты-жөндері аталған қазақстандық бес миллиардер де кіреді.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ