Ауылға баратын жастарға жер мен қаржы беруді ұсынамын

29.08.2019
Қаралды: 77

Есімізді жиятын кез келді. Болашағымызды ойласақ, жастарға жағдай жасайық! Әсіресе ауылдағы жастарға.

 

Бірақ ауылда жастар қалмады. Барлығы қалада. Ауылдың бір жігіті үйленді ме, көп ұзамай келіншегін жетектеп қалаға кетеді. Оған ата-анасы қарсы болмайды. «Ауылда не істейсіңдер? Жұмыс жоқ. Одан да қалаға барып, екеулеп жұмыс істеп, ақша табыңдар» дейді.

 

Қалаға келгендерінің бәріне жұмыс табыла берсе мақұл. Қиын. Әйтеуір өлместің күйін кешіп, әр жерде тиіп-қашып жүргені. Болмаса жастарға арналған қаншама мемлекеттік бағдарламалар жасалынды. Бірақ нәтижесін көрсете алмады. Мәселен, «Дипломмен – ауылға». Аталған бағдарламаның төңірегінде дау көп. Ауылға барған жас мамандар саусақпен санарлық. Дені көп ұзамай қалаға қайтып жатыр.

 

Қысқасы, «Жастар жылында» Үкімет жас мамандарға, жас отбасыларға арналған жаңа, нәтижесін беретін бағдарлама жасауы тиіс. Осы орайда өз ұсынысымды ортаға сал­ғанды жөн көрдім.

 

- Ауылға көшемін деген әр жас отбасыға (35 жасқа дейінгі) баспана салу үшін мемлекеттен 10 соттық жер және оның құрылысына көмек ретінде қайтарымсыз 10 миллион теңге бе­рілсе;

 

- Ауылға көшіп барған әрбір жас­қа және жас отбасыға (35 жасқа дейін) кәсіп ашу үшін (мал, егін шаруашылығы, басқа да шағын және орта кәсіпкерлік) төмендетілген пайызбен (2-3%) 5-8 миллион теңге аралығында несие берілсе және несиенің ал­ғашқы төлемі 1 жылға шегерілсе;

 

- Егін шаруашылығын жүргізуге ниетті жас отбасыларға, жастарға 50 соттықтан 1 гектарға дейінгі жер 49 жылға жалға берілсе;

 

- Ауылдағы жас отбасыларды, жас­тарды несиелендіретін арнайы қаржы ұйымы құрылса;

 

- Ауылға қоныс аударып, мал, егін шаруашылығын қолға алған жастар­ға, жас отбасыларға ауыл шаруашылығы техникалары, басқа да құрал-жабдықтар ең төмен бағада лизингке берілсе.

 

...Аталған ұсыныстар жүзеге асатын болса, қаншама ауылдарға жан бітіп, тіршілік қайнайтын еді.

 

Дәурен БОЛЫС. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ