Бердібек Сапарбаев қандай адам?

27.08.2019
Қаралды: 156

Биылғы ақпан айынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келген Бердібек Сапарбаев Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды.

 

Б.Сапарбаевтың жаңа қызмет алуы  жұртшылық арасында қызықты пікірталас тудырды. Әлеуметтік желіде бұған қатысты өз ой-көзқарасын білдіргендер жүздеп саналады. Ол кісіні құттықтап, сенім білдіргендер, сондай-ақ «осылар пенсияға кетпейді екен» деген тұрғыда ренішін ақтарғандар, тіпті намысқа тиетін, «бұрынғы қызметінде өйткен», «бүйткен» деген сияқты жайсыз сөз айтқандар да бар.

 

«Бердібек Сапарбаевты Премьер-министр лауазымына қою керек. Өйткені бұл кісі вице-премьер қызметін атқарған адам», – деп жазады желі қолданушысы Ерқожа Әбдіуахитов деген азамат. «Бердібек аға – нағыз істің көзін таба білетін адам. Қай саланы болса да ұршықша иіріп әкетеді және сол саладағы кезек күттірмес мәселелердің оң шешімін таба біледі. Жаңа қызметіне – тек қана сәттілік!» – дейді Ерқұлан есімді азамат. Өзін «Katok Katokov» деп көрсеткен азамат болса: «Осы кісідей болсын барлығы!» – депті.

 

Ал желі қолданушысы Қуат Әбдіқұлов: «Бұлардың халыққа ешқандай пайдасы жоқ!» – деп бір-ақ кесіпті. Бауыржан Тоқтағанов деген азамат «70 мың теңге зейнетақы беріп, шығарып салу керегін» айтыпты. «Пенсия жасынан асқан. Демалып, немерелерін бақпай ма?» – деп кейіс білдіреді Mарлен Әбдиева. «Осындай шалдар үйлерінде отыруы керек қой!» – дейді Гүлжан Қыдырәлі.

 

«Мемлекеттік қызметте жүргеніне 40 жылдан асты. Жасы – 66-да. Екі мәрте министр болып тағайындалды Сонда бейнетінің зейнетін қашан көреді?» – деп жанашырлық білдіріпті Гуля Рыспаева.

 

Жалпы алғанда, жұрттың бұрыннан қызметте жүрген, жасы зейнеткерлікке жеткендердің орнын жастарға босатуын қалайтындығы байқалады. Дегенмен Б.Сапарбаевтың халық алдындағы беделі, жұрттың оған сенімі жоғары екені де сезіледі.

 

...Ал Бердібек Сапарбаевтың жасы өткен ақпан айында 66-ға толған. Ол кісінің кезінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі, Премьер-министрдің орынбасары болып қызмет атқарғаны белгілі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына да екі мәрте тағайындалды. Қай қызметте де абырой биігінен көріне білгенінен болар, зейнеткерлік жас­қа толғанында сол кездегі Президент Н.Назарбаев оның мемлекеттік қызметтегі өкілеттігін 2020 жылға дейін созған еді. Яғни енді бес-алты айдан соң Б.Сапарбаевтың бұл саладағы өкілеттік мерзімі аяқталады деген сөз.

 

Міне, осындай кезеңде ол кісінің жаңа қызметке таға­йындалуының сыры неде?

 

Бұл бір жағынан Бердібек Мәшбекұлын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сияқты дау-дамайы көп, шешімін таппай жатқан мәселелері жетерлік саладан демалысқа тым шаршатпай, абыроймен шығарып салудың бір амалы сияқты көрінуі де мүмкін. Дегенмен ол кісінің алдағы атқарар жұмысы да жеңіл емес сияқты. Бердібек Сапарбаев әлеуметтік блокқа жауапты. «Халықтың әл-ауқатын, білім, денсаулық сақтау салаларындағы сапа мен қолжетімділікті жақсарту» деген сияқты бағыттарда еңбек етеді.

 

Ал бүгінде әлеуметтік салада мәселе жеткілікті, халықтың талабы көп. Осы жағынан алып қарағанда Б.Сапарбаевқа бұл міндетті де атқарады, оған қоса билік пен халық арасындағы түсіністікті арттыруға көп септігі тиеді деп сенім білдіріліп отырған сияқты.

 

Ең бастысы, үлкен-кіші көпшілік Б.Сапарбаевқа іскер, адамгершілігі жоғары жан деген баға береді екен. Ал мұндай бағаны халық екінің біріне қоя бермейді ғой. Осы жағынан алып қарағанда ол кісіні мемлекеттік қызметте жолы болып, бағы жанған адам деуге келетін шығар.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ